2023 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 16 026 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды.
Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысы (53,6%) Өзбекстаннан, 19,6% – Қытайдан, 10,9% – Моңғолиядан, 7,8% – Ресейден, 5,9% – Түрікменстаннан және 2,2% басқа елдерден.
Министрліктің хабарлауынша, осы жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 61,4%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 30%-ды және зейнеткерлер 8,5%-ды құрайды.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 15,6%-ы жоғары білімді, 34,4%-ы орта кәсіби білімді, 41,2%-ы жалпы орта білімді.
Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды.
Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.
Қоныстандыру өңірлерінде 2023 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 1 925 адамды құрайды. 2023 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 1 773 қандас қоныс аударды.