RSS лента

Қарапайым еңбек адамы Тәуелсіздіктің мәнін ашып берді

  • 20.12.2022, 04:03,
  • 499
  • 0
  • Автор:
Автор фото: ашық дереккөз

Көз көргендер Тәуелсіздіктің бағасын білгенге ғана бақ қонатынын айтады, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Белгілі экономист, еңбек ардагері Селбай Ташмұхановтың айтуынша, егемендік елімізге оңай тиген жоқ.

 

«Тəуелсіздікке қол жетіп, егеменді ел болдық дегенде қуанбаған қазақ жоқ шығар, – дейді ол "Atyray" газетіне берген сұхбатында. –  Мен де солардың бірімін. Ата-бабамыздың білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғаған Алтайдан – Атырауға дейінгі кең байтақ жері еркіндікті сезінді. Əрине, бастапқыда біраз түсінбестіктер болғаны рас. Бірақ, кейін ел өзінің тұрмысын өзі түзеп алды.

 

Қызылқоға ауданындағы Энгельс атындағы кеңшарда бас экономист болып қызмет атқардым. Аудан мал шаруашылығымен айналысты. Кеңшар облыс көлеміндегі тиімділігі жоғары, алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың бірі еді. Жалпы, 1985 жылдан бастап, ауыл шаруашылығы саласында еңбекшілерді түпкі нəтижеге ынталандыру мақсатында еңбекке ақы төлеу формалары енгізіле бастады. Ұжымдық мердігерлік əдіс бойынша əр малшының еңбекақысы өзінің өндірген өніміне байланысты есептелді. Елімізде ауыл шаруашылығы саласында еңбекақы төлеудің экономикалық жаңа модельдері іске қосылды. Солардың бірі – ұжым мүшелеріне негізгі қорлар мен материалдық құндылықтарды жалға беріп, əр малшы, əр ферманың өндірген өніміне байланысты шартты түрде есеп айырысу бағалары шығарылды. Сол кездегі жоспарлы экономикада мал өнімдерінің негізгі көрсеткіштері жоғарыдан төмен қарай жоспарланды. Бірақ, сол өнімді дайындауға кететін өндірістік жəне жалпы шаруашылық шығындарының қаржысы сəйкес келмегендіктен, көбінесе шаруашылықтар тиімді жұмыс жасай алған жоқ. Мал шаруашылығы өнімін сапалы дайындау жəне оны уақытында сату жұмыстары тəуелсіздікке дейін де өте қиын жағдайда болды. Əсіресе, осы салада 1990-1991 жылдары экономикалық байланыс тек қағаз жүзінде қалып, дұрыс жолға қойылған жоқ. Ет өнімдерін қабылдайтын Атырау ет комбинаты, жүн өнімдерін өңдейтін Ақтөбе зауыты, елтірі қабылдайтын Шымкенттегі зауыттарының өзара қаржы байланыстары шектеліп, экономикалық дағдарысқа ұшырады. Тəуелсіздіктің алғашқы жылдарында ауыл шаруашылығын дамытудың алғышарттары жасалды. Республика ауыл шаруашылығы министрлігінің нұсқауына сай барлық кеңшарлар 1994 жылы 1 қаңтардан бастап, дербес жарғысы бар ұжымдық кəсіпорын болып қайта құрылды. Оның дербес Жарғысы дайындалып, қызметкерлердің жалпы жиналысында бекітілді. Сол жылы ұжымдық кəсіпорындағы барлық қызметкердің еңбекақысы мен еңбек өтіліне байланысты əр қызметкердің қаржылық үлесі есептелді. Жүргізілген экономикалық реформаға байланысты əр қызметкердің үлесі бойынша барлық негізгі қорлар мен материалдық мүліктер кəсіпорынның жарғысына сəйкес, əр қызметкерге жеке пай үлесі есептеліп таратылып беріліп, ұжымдар жекешелендірілді. Сол қорлар негізінде бүгінгі таңда жұмыс жасап жатқан шаруа қожалықтарының негізі қаланды. Əрине, қай салада да күн сайын экономикалық жəне соңғы технологиялық өзгерістер болып жатады. Ол – заман ағымына сай дамудың заңды əрекеті.

 

Қазақстан халқының 40 пайызы ауылда тұрады. Сондықтан, əр өңірдің табиғи ерекшеліктерін ескере отырып, ауылдың инфрақұрылымын кешенді жаңарту жұмыстарын жеделдету қажет. Егер бұл жұмыстарды жүзеге асырса, əр өңірде қаржы көзін тартуға жол ашылар еді. Нарықтық экономикада қаржы көздерін барынша тиімді пайдаланып, инвестиция тартуды қолға алу керек. Жеңілдетілген несиелер беріп, жекеменшік серіктестермен байланыс орната отырып қаржы тарту тетігін жолға қойса тиімді болады деп есептеймін. Ұзақ мерзімді гранттарға ие болу құқына басымдық беріліп, сапалы өнімдерді дайындап өткізуде кететін негізгі тікелей шығынды мемлекет есебінен ішінара қаржылай өтеуді де ұйымдастырса ұтатынымыз анық. Бұл шаруалардың барлығы тəуелсіз мемлекетіміздің əлеуметтікэкономикалық əлеуетінің артуына өз үлесін қосады деп ойлаймын».

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости