RSS лента

Қазақстанда заң жұмыс жасай ма?

  • 01.09.2022, 18:04,
  • 609
  • 0
  • Автор: AmandyqAudaru
Автор фото: Turan Times

Бүгін Президент халыққа Жолдауында қоғамда заң үстемдігі берік орнығып, сот төрелігі әділ атқарылуы қажеттігін атап өтті. Осы орайда, Turantimes.kz тілшісі белгілі саясаттанушы, саяси сарапшы, «ABISHEV ANALYTICS» телеграм каналының авторы Ғазиз Әбішевке үш сұрақ қойған еді, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

1.Елімізде заң жұмыс жасай ма?

2.Бүкілхалықтық референдумнан кейін не өзгерді?

3.Егер сізге мүмкіндік берілсе, Ата Заңды қалай толықтырар едіңіз?


 

Ата Заңның бағыты да, формасы да айқын. Заңды ешкім өзінің мүддесіне қарай тартып, бұрмалай алмайды. Қанша жерден мықты заңгер болса да, заңды айналып өтпейді. Рас, қабылданған заңды басқа емес, шенеуніктердің өздері бұзған сәттер де болды, мұны мойындау керек. Бірақ, бұл ретте оларды жауап беруге шақыра алмаған – халықтың өзі кінәлі сияқты.

 

Сол секілді, сайлау кезінде дауыстарды ұрлауға болмайтыны бізде де, өзге елдерде де заңмен бекітілген. Мәселен, егер осы қағида бұзылса, Америкада азаматтық қоғам өз қарсылығын білдіреді. Себебі, олар саясиландырылған. Билікпен келіспейтін тұстары болса, өз ұсыныстарын енгізеді. Бізде де қазір соған қарай қадам жасалып жатыр. Яғни, халықтың жартысынан көбі бірдей ұсыныс айтса, мемлекет соны заңға енгізіп отыр.  

 

Ел арасында айтылып жүрген тағы бір әңгіме, Конституцияға адамгершілік-моральдық құндылықтарды сақтау мақсатында заңға бірқатар норма енгізу қажеттігі. Өйткені, коронавирустан кейін көп елде азық-түлік тапшылығы мен қымбатшылық қарқын алып, алаяқтар мен ұрылар көбейіп кетті. Суицид пен қатыгездік деректері де жиіледі. Ғаламторды ашып қалсаң, неше түрлі сұмдық жайттарды көресің. Бұған қарай-қарай көзіміз де үйреніп кетті. Енді етіміз үйреніп алмасын деп тілейік. 

 

Тағы бір ескерер жайт, біз діни, тоталитарлық, коммунистік, диктатуралық мемлекет емеспіз. Осыны ұмытпаған жөн. Мысалы, балабақшадағы балаға балағат сөз айтуға заңмен тыйым салатын болсақ, бұл үшін оның ата-анасы жауап береді. Бірақ, мұның бәрін мемлекет қадағалап отыратын болса, онда одан да маңызды мәселелермен кім айналысады? Сондықтан «Отан отбасыдан басталады» дегендей, жанұядағы тәрбиеге көбірек көңіл бөлсек, ардан ешкім аттамайды деп ойлаймын. Ал, егер біз тәрбиемізді де заң күшімен түзететін болсақ, онда жыртқыштық инстинктке тәуелді жан-жануарлардан еш айырмашылығымыз қалмайды ғой.

 

2.

 

Референдум әлі көп нәрсені өзгертеді. Біз Конституция туралы айтқанда, әлемдік тәжірибені негізге алуымыз керек. Айталық, АҚШ пен Ұлыбритания секілді бізде де енді мәжілістегі мандаттар бойынша можалитарлық аумақтар белгіленеді. Тіпті, олар мандаттардың 50 пайызын құраса да артық етепйді. Сонда әр сайлаушы өзіне бөлінген аумақтың өкілін жатқа білетін болады. Оған өз ұсыныс-пікірін де білдіре алады. Осы практиканы дамыту қажет. Бұл не деген сөз? Яғни, сайлаушылардың мүддесін тек партия ғана емес, соған жауапты болып тағайындалатын өкіл де қорғай алады.

 

Заңдағы соңғы өзгерістермен танысып шыққан әр адам болашақты өзінше болжап жүр. Әлеуметтік желіде мемлекетті болашақта Президент басқармайтыны жөнінде де көп айтылуда. Сонда кім басқарады? Халық өзін өзі басқара алмайды. Тіпті, технология дамып, мобильді басқару жүйесі енгізіледі десек те, оған көп уақыт керек болады. 

 

Конституциялық монархия болып саналатын Ұлыбританияда нағыз демократия орнаған. Ал, бізде қалай? Бұрын саяси жүйеге қатысты азаматтық қоғам өз пікірін білдіруге асықпады. Басшылық қызмет мерзімін ұзарту мәселесіне қатысты да солай. Бірақ, қазір саяси бағыт сәл өзгере бастады. Оған уақыттың өзі себепші болып отыр. 

 

Бір жағынан, мәселенің бәрі заңмен реттеуге келе бермейді. Заңның күші жетпейтін де тұстары болады. Айтайық, бізде жалақыны күрт өсіріп жіберсе де, уақыт пен нарық өз өрнектерін салады. Мысалы, Бельгия мен Швейцария секілді кішкентай мемлекттердің экономикасын реттеп отыру қиындық туғызбайды. Әрі онда қала мен елдімекендердің арасы жақын, сәйкесінше байланысы да берік. Ендеше, біздің елді олармен салыстыруға келмейді. 

 

3.

 

Қазақстанның экономикасын өркендетіп отырған бірден-бір фактор болса, бұл – жер қойнауындағы «қара алтын» өндірісі. Бірақ, қарапайым халыққа құлақ түрсек, өзімізде өндірілетін мұнай мен газдың ешқандай өтеуі жоқ. Әсіресе, еліміздің батыс аймағындағы тұрғындар сол өндірістен түсетін табыс ең болмаса инфрақұрылым жүйесін жүргізуіге, әлеуметтік нысандар салуға жұмсалғанын қалайды.

 

Мәселен, соңғы кезде Атыраудың ауасының шамадан тыс ластануына қатысты мәселені алсақ, Атырауды экологиялық апатты аймақ деп таныса да шешілмейді. Онда экологиясы сын көтермейтін Қызылорда, Байқоңыр, Құмкөл, Теміртау, Қарағанды секілді өңірлердің бәрін өтемақымен жарылқауға тура келеді. Ал, оның бәрі ненің есебінен төленбек? Тұрмысы төмен Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қостанай облыстарының бюджетінен бе? Қысқасы, бұл да мүмкін емес. Ендеше, басқа жолдарын қарастыру керек. Демек, Экологиялық кодексті қайта қараған жөн.

Оставить комментарий
Последние новости