RSS лента

Тәуелсіздік толқынында: "Алаботадан секер қайнатушы едік..."

  • 16.11.2021, 23:52,
  • 584
  • 0
  • Автор:
Автор фото: әлеуметтік желі

Журналист Мәлике Мәлік Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында әсерлі әңгімесімен бөлісті, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Біз үйелмелі-сүйелмелі алты бала болып өстік. Ол жылдары біздің отбасы үшін оңай болған жоқ. Өзгесін айтпағанда, мектептен келе жатқан бауырларымызды күтіп алып, көшенің қақ ортасында тұрып аяқкиімімізді ауыстырып алушы едік. Қаладағы туысқан әпкемнен қалған қою-жасыл пальтоны екі үлкен апам, менен кейінгі бауырларым да киді. Бәрімізге шыдаған сол кездегі киімнің сапасына сын айта алмаймыз-ау. Үйде де аса көп жиһаз болмайтын. Бұл үлкен апамның жоғары сыныпқа енді көшіп жатқан уақыты. Ал, біз әлі де ойын баласы едік…


Алқызыл галстук


«Сабаққа кешікпеуім керек» деп асыға киініп, алқызыл галстугін мойнына жүре тағатын апамның бала бейнесі әлі күнге дейін көз алдымда. Галстугін ешкімге ұстатпай, үтіктеп қоятын. Біз қанша қызықсақ та, «апамыз ұрсады» деп ұстауға да қорықтық.


Бірде сабақтан үйге енген бойы әпкем: «Мама, біз енді бұл галстукті тақпаймыз. Енді пионер болмаймын», – деп, анама әлгі галстукті ұстата салды. Жаңалықты іштей ұғынып отырған анам еш сөз айтпастан орнынан жайлап тұрып барып, көйлек-көншек жинайтын «сәбетски шипәнерді» ашты да іле салды. Сөйтіп, алқызыл галстукті апамнан басқамыз тағып үлгермедік. Өйткені, біз Тәуелсіздік жылдары білім алған, егемен елдің ұландары едік. Сондықтан, менің мойнымда кеңдікті, асқақтықты танытатын аспан түстес көк галстук болды.


Елді аяққа тұрғызу үшін экономикасын түзеуге күш салып, стратегиялық жоспарлар құрылып жатқан тұста, «жетістік» деген ұғым алақандай ауылдың адамдары үшін тым алыста болатын. Әр отбасы әлі жеткенінше өмір сүріп, ауласындағы азын-аулақ малын сойса ет, сауса сүт, мінсе көлік, терісінен тұлып, жүнінен жылы киім тоқып, кем-кетігін жеткізіп отырды. Бәрін өз қолымен жасайтын әжем мен әке-шешем бізді ешкімнен кем қылмай өсірді.


Әсіресе, бізді аяққа тұрғызуға Тілекші әжемнің еңбегі зор еді. Ми  қайнатар жаздың аптабында да өзі қырыққан қойдың жабағы жүнін жуып  тазалап, оны кептіріп, түтіп отыратын. Әбден қажалып, жіңішкерген ұршығын үйіріп жібергенде, уысындағы жүн көз алдымызда созылып жіпке айналып жатады. Қолы да соған әбден үйренген, жып-жып етеді. Томашадай түйіншектен үлкен кісінің алақанына сыймайтын дөңгелек орама жіп дайын болған соң, оны бес инемен кезектестіре айналдырып бас-басымызға шұлық тоқитын. Қалада тұратын немерелері де құр қалмайтын, «аяқтары тоңып қалмасын» деп түсіндіреді онысын. Заманында жоқшылықтың зардабын көп көрген әжеміз осылай жоқтан бар жасады.


«Жүнді пайдаға асыра алмай жатырмыз» деп жүрген шаруа қожалықтарының тірлігін көргенде, «шіркін, әжемдей он адам болса ғой, табиғи дайын өнім шығарар ма еді, шіркін?!..» деп ойға берілетінім рас. Бүгінде шұлық тоқитын әжелер де аз. Десек те, заманауи технологияларды пайдаланса, іс тетігін табуға болар.


Алаботадан сақар қайнатып…


Бүгінгінің жастары үшін ертегідегідей көрінер, бірақ біз бала кезімізде кір жуатын сабын таппай, аналарымыздың қалай қиналғанын да көрдік. Сонда әжем бізге ауыл сыртынан кәдімгі алаботаны жинатып алатын. Сосын оны ауладағы тайқазанға салып әбден қайнатып, кәдімгі сабын жасап алушы еді.


Шөптен қайнатылған бұл сабынды «сақар» дейді екен. Ал, әжем болса, өзінің бала шағында кәдімгі сүйекті қайнатып сабын жасайтынын айтып отыратын…


Әжеміз марқұм көпті көрген кісі ғой. Қолдағы азын-аулақ малдың бабын тауып бағып-күтіп, жаздай оны сауып дастарқаннан сүт-қаймағы мен айранын үзген жоқ. Ол кездегі «тоңазытқышымыз» – бірінің үстіне бірін үш қатар етіп, шегеннің орнына «сақина» (дөңгелек) бетон қойылған терең құдық. «Кәтелөктегі» қаймақ пен айранды құлағына жіп байлап, сол құдықтың ішінде сақтайды. Шіліңгір шілдеде құдықтың ішіндегі температура қазіргі тоңазытқыштан асып түспесе кем емес. Жұмысынан шаршап келген әкем шөлін басу үшін құдықтағы айранды шешіп алып, сіміре салатын.


Иә, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тек біздің үйдің емес, барлық ауылдың ахуалы осындай болатын. Ес білген соң бұл елдегі жаппай жекешелендіру саясаты қызу жүргізілген уақыт екенін түсіндім…


«Пайдан» алғанның пайдасы болмады


Елде осындай ауқымды істер атқарылып жатқан дәуір біз секілді балалар үшін мүлде басқаша көрінетін. Анам тоқыма сөмкесін ұстап, бізді дүкенге ертіп апарушы еді. Онда ұзын-сонар кезекке тұрып, талонмен тамақ алатын сәттер біз үшін қызық көрінетін. Анам «дүкенге барамын» десе кезекке тұруды қызық көріп, артынан тұра шабатынбыз. Ал, дүкеннің алды қаптаған халық. Ертерек бармасаң азық-түлік те ауыспай қалады. Осындай тартыспен анамның алатыны шәй мен сары май, «ирис» кәмпиттер еді. Бүгінде бұқара сол қысылтаяң кезді де ұмыта бастады…


Сол бір өткінші кезде апыл-ғұпыл жүзеге асырылған кіші жекешелендірудің нәтижесінде жекеменшіктің иелігіне негізінен жылжымайтын мүлік түріндегі 6 мыңнан астам нысан өтіпті. Тұрмыстық қызмет, сауда мен қоғамдық тамақтандыру салаларында ұмтылыс пайда болды. Осылайша, елде жүргізілген мүлікті мемлекет иелігінен алу процесінің әлеуметтік тиімділігі жоғары екені аңғарылды. Дәл сол кезде қалың бұқара түсіне қоймаса да, нарық қатынастарының негізін құрайтын жеке кәсіпкерлердің пайда болуына осы процесс оң ықпал етті.


Бүгінгі орта жастан асқандар жекешелендірудің алғашқы кезеңінде бұрынғы ауыл шаруашылығы саласындағы кеңшарлардың ұжымдық кәсіпорындар болып қайта ұйымдастырылып, оларды таратқанда еңбекшілерге пай үлесі затпен берілгенін жақсы біледі. Кеңшардың қыруар малын «пай бөлу» науқанында ауыл тұрғындары «ханталапай» жасағанының куәгерлері де ортамызда жүр.


Қазақтың «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген сөзі ып-рас қой. Пайға тиген малдың қаңқасы көктемде әр ауылдың сыртындағы шұңқырда саудырап жатты. Өйткені, малдың қоңы тым төмен еді. Арықтықтан терісі сүйегіне жабысып, бір-бірінің жүнін жеп тұрған қаракүл қойының дені қыстан шықпай, арам өлді.


Тіпті, кейбіреулерге мал жетпей, ұн, секер де берді. Көршілерімнің екінші сұрыпты ұн алып, көңілдері толмай жүргені де көз алдымда.

Біздің үйге де сол кезеңде пайлық үлестен азын-аулақ мал тигені есімде. Әкемнің үй шаруашылығына пайдаланып жүрген жалғыз аяқлауы – мінгі аты ауруға шалдығып өліп, әкемнің қатты қиналғаны да бар. Сенімді серігінен айырылғандай болып, көпке дейін қабағы салыңқы жүрді. Қорадағы мал азайып, үйдегілердің де көңілінің қошы болмады. Біз бала болсақ та, соның бәрін сезетінбіз.

Дегенмен, әкем қанша қиын болса да мойыған жоқ. Жол құрылысы саласына жұмысқа орналасып, отбасын аяққа тұрғызды.


Кең байтақ Қазақ еліндегі ол кездегі өзгеріс әр отбасына әжептәуір әсер етпей қоймады. Әйелдер жағы ала дорба арқалап, базарда жүргені, ауылдағы жұрттың тамызық қылар отын таппай, жер бетіндегі жарбиған бұта атаулыны шауып әкеліп отқа жаққаны рас. Ауыл тұрғындары осындай тірлікті бастан кешіп жатса да, бойындағы жігер мен қайсарлық, қарапайымдылық, ең бастысы – еңбексүйгіштік қасиетті жоғалтқан жоқ. Бір-бірімен жарты құртты жарып, бүтін құртты бөліп жеді. Еңсені басқан ауыртпалықты жеңіп шыққан да сол адами қасиеттер болатын. Себебі, олар ол кезеңнің Тәуелсіздіктің тәй басқан ілгерілеу қадамы екенін айтпай-ақ түсінді. Ең бастысы, тәуелсіз елдің ертеңіне сенді!..


Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости