Газетіміздің ілгергі санында Эверестке көтеріліп, туған жерінің, өскен елінің амандығын тілеген қызылқоғалық қыз туралы ақпарат таратқанбыз. Ол оқырмандар тарапынан оң бағасын алды. Кіндік қаны тамған топырақтан қаршадай кезінде кетіп, бүгінде саналы ғұмырын жырақта өткізіп жатқан жерлесімізге қайыра хабарласып, бірнеше сауал жолдағанды жөн көрдік. Сыртта жүрсе де қазақылығын жоғалтпаған Бибігүл ӨТЕМАҒАНБЕТОВАМЕН әңгіме осылай өрбіді.
Тәрбие – талбесіктен
– Бибігүл, біраз жылдан бері алыста жүрсіз. Шың басынан сәлем жолдамасаңыз, өзіңізді қарапайым атыраулықтар білмей де қалады екен…
– Расын айтқанда, мен Эверестке атақ алып, мақтау есту үшін көтерілген жоқ едім. Күндердің күнінде туып-өскен облыстың «Атырау» газетіне сұхбат беремін деп те ойламаппын. Жалпы, өзім 1975 жылы 8 ақпанда Қызылқоға ауданының Мұқыр ауылында дүниеге келдім. Көп ұзамай әке-шешем қызмет бабымен Миялыға қоныс аударды да, балалық шағым сонда өтті. Білесіз бе, мен өмірге өте әлжуаз болып келіппін.
Мұндай қызды «келешекте тауға шығады» деп кім ойласын?! Миялыға келген соң нағашы атам Қазалы мен әжем Динаш бағыпты. Ол кезде өздерінде немере жоқ екен. Содан барлық көңілі, әрине, маған ауады. Қазалы атамыз қазақы емді шебер қолданатын білгір кісі болса керек. Мені ауыл шетіндегі құмға көміп, денеме массаж жасап, ақыры аяғыма тік тұрғызыпты. Содан бері жер басып келемін ғой. Сәл есейгенде нағашы апам Айман шақырған жерге ертіп барып, қонақтардың алдында тақпақ айтқызып қоятын.
Қазір бұл кісі Миялыда тұрады. Отағасы Жолдас Жанқуатов деген азамат ұзақ жыл газет-радиода қызмет етті, қазір зейнеткер. Мен үшін нағашымның жалғыз ұлы Мұраттың да орны бөлек. Тіпті оны «папа» деп кеттім. Ал, өз атам Өтемағанбет жұрттың жадында діндарлығымен қалған, елге сыйлы кісі екен. Нұрымғали атам екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, елге аман оралды. Ұзақ жыл еселі еңбек етті. Міне, осындай адамдардан өрбіген әкешешем – менің өмірде бетке ұстар темірқазығым. Қазақ «тәрбие – т а л бе с і кт е н » дейді ғой. Ендеше, саналы да инабатты, мейірімді де жанашыр болып өссем, соның бәрі әкем Қабдыкәрім мен шешем Айтқанымның арқасы.
Осы аяулы адамдарымның көңіліне қаяу түсірмесем, перзенттік парызымның ақталғаны шығар. Миялыдағы Халел Досмұхамедов атындағы орта мектепті 1992 жылы медальмен бітірдім. Қазіргідей емес, ол кезде мұндай марапатқа ие болатындар сирек еді ғой. Оның үстіне, қиырдағы Қызылқоғадан озып шыққаныма, әрине, қуаныштымын. Оған себеп – ұстаздарымның аса білімді, өте ізденгіш болуы. Әсіресе, орыс тілі пәнінен сабақ берген Шолпан, Бибігүл, Нұрия апайларды әлі күнге жылы сезіммен еске аламын. Бүгінде Ресей жерінде өмір сүріп жатсам, орыс халқымен етене араласып кетуге іргетасты осы кісілер қалады. Маған Пушкин мен Лермонтовтың, Достоевский мен Толстойдың тілдерін үйреткен солар.
Одан әрі арман қуып Алматыға аттандым. Осындағы зоотехникалықветеринарлық институтқа құжат тапсырғам, бірінші емтиханнан «бестік» баға алып, бірден студент атандым. Өйткені, медаль иесі ретінде басқа емтихандардан босатылдым. Сөйтіп, Алатаудың баурайында болашақтың баспалдағын бастым. Айтпақшы, анам жанымда болды. Түнімен емтиханға даярланып, таң атқанша кітаптан бас алмаймын. Шешем де газет оқып, қасымда отырады. Содан екеуіміз демалуға бірге жатамыз. Мені моральдық тұрғыдан демегені ғой. Әйтпесе, ол ұйықтап қалса, менің де зауқым соқпас па еді, кім білсін?!
Шетелде тұру – оңай емес
– Ал, Түркияға қалай жол түсті?
– Жалпы, біздер – шетелде оқыған қазақстандық жастардың алдыңғы легіміз. Содан соң талай ұл-қыз сапар шекті ғой. Оларды қорғауға бағытталған арнайы бағдарлама қабылданды. Сол Алматыда оқып жүргенімде тест тапсырдым. Сірә, ұнаған шығар, Түркия университетінен шақыру алдым. Бастапқы жылы тіл үйрендім. Еркін сөйлесу өз алдына, жазу-сызуға машықтандым. Ал, келесі 1993 жылы емтихан тапсырдым. Сөйтіп, құқықтану факультетінің студенті болып шыға келдім. Бұл қазір айтуға ғана жеңіл. Қазақ «сырын білмейтін аттың сыртынан жүрме» дейді ғой. Ал, мен өмірі көрмеген, келем деп ойламаған бөтен мемлекеттің адамдарымен араласып кеттім. «Баламның табанына кірген шөңге менің маңдайыма қадалсын» деп тілейтін әке де, түнімен тыншымай қасымнан табылатын шеше де алыста. Өз күшіме ғана сенуге тура келді.
Бүгінде, жасыратыны жоқ, шетелдерде қалталы кісілердің ұл-қыздары көбірек оқып жатыр. Жә, мейлі, қызғанып отырғаным жоқ. Баласын қайда оқытса да, әркімнің өз еркі ғой. Бірақ, студенттік өмірдің қиындығын көрмей алған білім білікке бастай ма екен? Сырт мемлекеттің жарқыраған жақсы жақтарын ғана көріп, соған елтіп өскен маман туған жеріне кім болып оралады? Ал, біздің кездегілер көбінесе өз күнін өзі көрді. Қазіргідей емес, барыскеліс те кемшін еді ғой. Менің әкешешем – қарапайым адамдар. Өзім де оларға салмақ салмауға бел будым. Оқып жүргенде-ақ күнделікті тірлігіме жетерлік табыс таптым.
Сәтін салғанда, 1992 жылы шекара ашылып, Түркияға кешегі кеңестік республикалардан туристер ағылды. Бұрын алысқа аттап шыға алмайтындар енді топтобымен келді. Мұндағы фирмаларға түрік тілінен орысшаға немесе керісінше тәржімалайтын аудармашылар жетіспей жатты. Содан студенттерді жұмысқа шақырды. Солардың ішінде мен де болдым. Сонда менің туристік салада еңбек еткеніме ширек ғасырдан аса уақыт өткен екен. Бастапқы тәжірибенің арқасы шығар, жоғары оқу орнын бітірер қарсаңда түріктің іскер адамдары Мәскеуге өкіл ретінде жіберді. Ұсынған қызметі ұнады, қаржысы қанағаттанарлық болды. Сөйтіп Ресейге сапар шектім.
Міне, содан бері осындамын. Владимир атты өмірлік жарымды кездестірдім, қос ұлым бар. Үлкені Илья Ресей мемлекеттік кино және телевидение институтының режиссерлік факультетінде оқиды, кішісі Денис – бірінші сынып оқушысы. Жалпы, шетелде тұру да, оқу да оңай емес. Қиырдағы Қызылқоғаның Мұқыр деген шағын ауылынан шыққан қазақтың қара қызына Ресей астанасынан ойып тұрып орын алу жеңіл болып па? Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары мұны кім ойлаған?
«Адамның басы – Алланың добы» деп қазақ дұрыс айтқан. Тек өзің мықты болуың керек. Біліміңді жетілдіруге тырыс. Қазір заман – білектің емес, біліктің заманы. Қабілетің жетсе, бірнеше тіл үйрен. Озық ойлы адамға қайда да жол ашық. Сізге бір сыр айтайын. Мен әуелден Ресейді Қазақстаннан бөле қарауға қарсымын. Оның да өзіндік себебі бар. Жоғарыда айтқан Қазалы нағашым кезінде «қоғамға зиян келтірді» деген желеумен тоғыз жылға сотталған. Татар дәмі бар шығар, содан аман оралған соң Динаш есімді бойжеткенмен шаңырақ көтереді ғой.
Әйтсе де, «қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады» дегендей, осы нағашы әжеме «еңбеккүн жоспарын орындамады» деген кінә тағып, оны отбасымен Ресейдің Кемерово облысына жер аударады. Ал, мұндай қудалаудың басында Қазалы атамның әкесі Тасжанның мешіт ашып, жұртты сауаттандырғаны үшін атылып кеткені тұр. «Халық жауының ұлы» деген қарғы үзілместей тағылған. Қуғын-сүргін жылдары молдаларға қырғидай тиді ғой. Олардың халықтың көзін ашып, қараңғы елді сауаттылыққа үйреткені есепке алынған жоқ. Анам Айтқаным 1954 жылы сол Кемеровода өмірге келеді. Енді оның қыздан туған жиендері Мәскеуде тұрып жатыр. Мүмкін, мұндай мысал басқа да отбасыларында бар шығар, ал біздің әулет шежіресінің бір парағы осы.
Саяхат – сіздің бостандығыңыз
– Енді Эверест сапарына келейік. Мұндай қатерлі бастама қалай туды?
– Тумысымнан тауды жақсы көретін едім. Қазақтың кең даласында дүниеге келсем де, биіктікті ұнатамын. Әдетте «тау баласы тауға қарап өседі» дейді ғой. Қырдың қызы да құзға құмар болады. Демек Эверест сапары көптен ойымда жүрген. Әрине, оған тыңғылықты даярландым. Ашық ақпарат көздерінен білесіз ғой, әр жылы мұнда бірнеше альпинист қаза тапқан. Ал, мен спортшы емеспін. Сондықтан, кездейсоқ кездесер қиындықтарды қаймықпай қарсы алуға машықтандым. Әйтсе де, оны қатерлі сапар деп ойламаппын. Негізі саяхатты өте жақсы көремін. Ол – сіздің бостандығыңыз.
Қазіргі қатерлі дерт дүниені дүрліктіруде. Әлем мемлекеттері бір-бірімен қатынауды қойды. Кешегі барыс-келіс тоқтады. Әрине, сақтану қажет-ақ. Бірақ, өзгелерден әбден оңашалану – сырқаттан сауығу жолы емес. Адамның еркіндігін шектеуге болмайды. Сондықтан пандемия сәл босаңсып, сыртқа шығуға мүмкіндік туғанда текке отыра алмадым. Керек нәрселерімді алып, жолға шықтым. Дегенмен, бір таудың арасын екіншісімен жалғап жатқан солқылдақ көпірмен әрі-бері сескенбей өту – өтірік айтқандық. Аяқ астында тас арасымен жұлқына аққан өзен. Не нәрсені болса да, өзімен бірге ағызып кетері кәміл. Межеге жеткенше мұндай өткелдің талайын артта қалдыруға тура келді. Одан әрі тауға өрмелеу де оңай емес. Қаншалықты биіктесең, соншалықты тыныс тарылады. Өзіңді қалыпты ұстауға тырысасың. Шама келгенше, артық салмақ салмауға ұмтыласың. Әр қадамыңды аңдап баспасаң, мүлт кетесің.
Ең соңында құзға көтерілу – нағыз жанкештілік. Мен мұны мақтан үшін емес, қанағаттанғандық сезіммен айтып отырмын. Өйткені, соны жеңіп шықтым. Сол сапардан оралған соң біраз нәрсені ой таразысынан өткердім. Шағын ғана ауылдан шыққан қарапайым қазақ қызының Эверестің сынынан сүрінбей өтуі – өзгені қайдам, өзім үшін мақтаныш. Бірақ қашанда қолжетімді әлеуметтік желіден біліп жатырмын, шырқау шыңға шыққаныма жерлестерім, яғни күллі қазақстандықтар қуанып жатыр. Жоғары бағалауда. Барлық қолдаушыларыма жүрекжарды алғысымды айтамын.
Кісіліктің келбеті – кішіпейілдік
– Сіздің әулетіңізге Ресей елінің қ а н ш а л ы қ т ы і з қ а л д ы р ғ а н ы н айттыңыз. Ал, Мәскеуде қазақ отбасыларымен араласып тұрасыз ба?
– Бір қызық айтайыншы. Анау жылы Иманғали Тасмағамбетов Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі болды. Өз басым бұл кісімен жүздескенім жоқ. Бірақ, менің достарым қатты мақтайды. Содан кездесіп, ана тілімде ашылып әңгімелескім келді. Талай мәрте отбасымен және немересімен серуендеп жүргенін сыртынан көрдім. Бірақ жанына жақындай алмадым. Мұндай қызметтегі тұлғалардың ерекше мәртебесі болады ғой. Кез-келген кісіге қасына жетіп баруға жол жабық. Мені әке-шешем ада лдыққа, ш ы н ш ы л д ы қ қ а , ту р а ш ы л д ы қ қ а тәрбиеледі. Кішіпейілдік – кісіліктің келбеті. Міне, соған үйретті. Қиындықтан қорықпайтын жүректілікке жетеледі. Үлкенді сыйлауды, кішіні қамқорлауды тапсырды.
Достарымның айтуынша, осындай қасиеттер Иманғали ағаның бойында да бар екен. Мен саясаткер емеспін, жәй ғана кәсіпкермін. Ал, Тасмағамбетов мырза Қазақстанда бірнеше жоғары лауазымды қызметті атқарған, Премьер-министр, қала, облыс әкімі болған адам. Демек тұтас елдің дамуына үлкен үлес қосты. Жұмыс барысында сан ұлттың өкілімен тығыз араласса да, ана тілін еш ұмытқан жоқ. Оның Мәскеуде елшілік қызметте жүргенде де алқалы басқосуларда мемлекеттік тілде сөйлегені белгілі. Мұндай адамды қалай пір тұтпасқа? Жалпы, сыртта жүргенде аңғарғаным – қай елде де халық бірдей. Бәрімен де тіл табысуға болады. Барлығы адамның өз қолында. Түркияда оқығанымда да Ресейде тұрғанымда да байқағаным – кімге кішіпейілдік танытсаң, ол да саған солай жауап береді. Орынсыз ашу шақыру, ренішке жол беру жақсылыққа апармайды.
Қазақ – қонақжай халық
– Туған жермен байланыс қалай? Алыстағы ағайынды сағынасыз ба?
– Әңгімеміздің басында айттым ғой, күндердің күнінде кіндік қаным тамған жерден жырақ кетіп, басқа елде өмір сүремін деп еш ойлағаным жоқ. Бірақ жолым осылай түсті. Менің әке-шешем, бауырларым, ағайын-туыстарым Атырауда тұрады. Соларға жылына кем дегенде үш рет барып, амандасып қайтамын. Олар да маған жиі келеді. Менің жолдасым орыс ұлтының өкілі болғанымен, қазақы салтты жақсы түсінеді. Кіші ұлым Денис жаз айларында Атырауда, нағашы атасы мен әжесінің жанында демалады. Қазақша үйреніп оралады.
Қазір-ақ «ата», «әже» дегенді мүдірмей айтады. Екі ортаны жалғап жүрген сол. Менен кейін қос інім бар. Самғат жеке кәсіпкерлікпен шұғылданады, ал Саламат – полиция майоры. Қызығы да көп, қаупі де мол құқық қорғау саласының қызметкері. Мен оларды өте жақсы көремін. Қазақ «қыз бала – жат жұрттық» демей ме? Сондықтан сырттай тілекшімін, әр жетістігіне қуанып отырамын. Жоғарыда айттым, мен Мұқырда дүниеге келіп, Миялыда өстім. Мектептес достарым сонда. Солардың бәрімен демесек те, біразымен хабарласып тұрамын. Барлығы да өз орындарын тауып, отбасылы болыпты. Тәп-тәуір жұмыстары бар.
Ендеше, сәттілік тілеймін. Бүгінде Қызылқоға ауданына табиғи газ тартылды. Бұл мұндағы тұрғындардың талай жылғы арманы еді. Біздің кішкене кезімізде үлкендер үйде көмір жағып жүретін. Оны да тым алыстан әкеледі. Жазда өзіміз де қырдан тезек теретінбіз. Балалық қой, оны қиынсынғанымыз жоқ. Бірақ, сол кезде өскелең өркениетке қол жеткізе алмағанымызды енді түсініп жүрміз. Әйтсе де, естіп жатырмын, өзім туған Мұқырда да біраз іс тындырылыпты. Табиғи газы мен электр энергиясы, жолы мен байланысы бар. Адамдары да дүние жүзінің жаңалықтарынан кенде емес, интернет арқылы әлемді шарлайды. Тек мәдениет үйі салынбапты. Осы кемшіліктің орны толса, ауыл тұрмысы қазіргіден де сәнді болар еді.
Мен бірнеше елді араладым. Сан ұлттың өкілімен араластым. Солардың ішінен өзіме дос та таптым. Салтын да білемін, дәстүрін де сыйлаймын. Бірақ қазақтай қонақжай халықты еш жерден кездестірмедім. Біздің ең басты қасиетіміз де сол. Қазақстанда бір-ақ рет болған басқа жұрт мұны тамсана айтады. Менің қазақ екенімді білген соң алдымен соны аузына алады. Бұл, әрине, маған зор қуаныш. Біз – ақкөңіл елміз. Расында да, пейіліміз дархан даламыз тәрізді кең ғой, шіркін! Қиын-қыстау кезеңде сан ұлттың өкілін паналатып, бауырымызға бастық емес пе?
Сөз соңы
– Тау басынан туған жерге жолдаған сәлеміңіз әлеуметтік желімен баршаға тарады. Енді, «Атырау» газеті арқылы да осындай мүмкіндік туындап отыр…
– Алыстамыз ғой, туған жерден жырақтап кеттік. Әрине, сағынамыз. Бірақ, қазақтың бір қызы болып Ресейде өмір сүріп жатырмын. Эверестке көтерілген суретімді анама жолдағанмын. Одан әрі ол әлеуметтік желіге тарады. Соған жұрттан бұрын елең етіп, Мәскеудегі маған хабарласып жатқан «Атырау» газетінің журналистеріне мың рахмет. Сіздер арқылы күллі облыс хабардар болыпты. Жерлестерім біліп жатыр. Кішкене ғана батыл әрекетім тұтас аймаққа жарияланды. Бұл – өзіме көрсетілген үлкен құрмет. Айтарым көп еді, көңілімде бәрі сайрап тұр. Жеткізе алар ма екенмін? Ең бастысы – барлық армандарыңыздың орындалуы. Қазақ даласы, соның батыс өңірі табиғи байлыққа толы. Ғасырдан аса уақыт «қара алтын» өндіріліп келеді. Ол әлі талай ұрпаққа жетеді.
Ендеше, сол қыруар қазына халықтың игілігіне жұмсалсын. Соның жолында тер төгуге шаршамаңыздар. Саяхатқа шығудан қорықпаңыздар. Рас, қатерлі дерттің қаупі әлі сейілген жоқ. Пандемия талаптарын орындауға тура келеді, бірақ көңілде қорқыныш болмауы керек. Сақтық шараларын алу – есік-терезені тарс жауып, ешкімді кіргізіп-шығармау емес. Өмір адамға бірақ рет беріледі. Демек оны еркін сүрген дұрыс. Сол қысқа ғұмырды мағыналы өткізу – әркімнің өз қолында. Дүниенің сан түкпірінде өзіміз секілді жандар тұрып жатыр. Неге солармен араласпасқа? Мен азды-көпті жетістікке қол жеткіздім. Өзгеден оқ бойы озып та кеткенім жоқ, көштің соңында шаң қауып та қалмадым. Әлемді шарпыған түрлі дағдарыс кезінде кәсібіме кері әсерін де тигізді. Бірақ, мойымадым. Батылдық бойыма халқымның қанымен сіңген шығар. Ана құрсағынан шыққанда жел шайқаса құлай кететін әлжуаз қыз туған жердің топырағына аунап, буынын бекітті, бойын түзеді. Кіндік қан тамған орын қашанда қасиетті болады.
Ауылды ұмытпайық, уақыт тауып барып тұралық. Мен халықаралық туризм саласында 26 жыл еңбек етіп келемін. Толыққанды тәжірибем бар деп есептеймін. Білесіз бе, менің Непалға сапарым әлеуметтік желідегі оқырмандарым арасында қатты қызығушылық туғызыпты. Соның ішінде қазақстандықтар да көп. Бұл мені қуантып та отыр. Ендеше, Қазақстанды да әлемге танытуға мүмкіндік туған тәрізді. Мұнда да төбесін мәңгі мұз басқан шырқау шыңдар, құландар ғана жортқан даңғайыр дала, мөлдір бұлақ пен тұнық көлдер бар емес пе? Ал, халқымыздың қонақжайлығы ше? Қазақтың ұлттық тағамының дәмін оны бір татқан адам ұмытар ма? Сондықтан, келесі жылы Қазақстан бойынша туристік сапар ұйымдастыруды жоспарлап отырмын.
Егер жергілікті бизнес иелері қосылып қызмет істеуге келіссе, онда әріптестік танытуға даярмын. Қазақ жерінің кереметін шетелдіктерге бірлесіп көрсетеміз. Міне, осындай жобам бар. Қазақ «қыз тілекші» дейді ғой. Барша жерлестеріме, барлық қазақстандықтарға бақыт тілеймін. Ауырмай-сырқамай, амандықпен кездесер күн жақын болсын! Мен Эверестке Қазақстан Тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында көтерілдім. Ендеше, жеңісімді туған еліме арнаймын. Қабыл алыңыздар.