ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті кәсіпкерлерге қандай режимдер қарастырылғанын және қандай жағдайда 2026 жылғы 1 наурызға дейін салық режимін таңдау туралы хабарлама беру қажет екенін түсіндірді. Жаңа Салық кодексінде келесі үш арнаулы салық режимі көзделген: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін; оңайлатылған декларация негізіндегі режим; шаруа және фермер қожалықтары үшін.
Кәсіпкерлер нені білуге тиіс:
Оңайлатылған декларация негізіндегі АСР
Осы режимді қолдануды жоспарлап отырған салық төлеушілер 2026 жылғы 1 наурызға дейін қолданылатын салық салу режимі туралы хабарлама ұсынуы қажет.
Егер көрсетілген мерзімде хабарлама ұсынылмаса, салық төлеушілер 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап автоматты түрде жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібіне ауыстырылады.
Хабарламаны:
- Салық төлеушінің кабинеті (АЖ СӘИЖ жүйесінде «Құжаттарды тапсыру» — «Қолданылатын салық салу режимі туралы хабарлама» бөлімі).
- «E-Salyq Business» арнайы мобильді қосымшасы арқылы («Қызмет» — «ЖК салық салу режимін өзгерту» бөлімі).
- Қағаз нұсқада орналасқан жері бойынша МКБ арқылы;
- Банктердің мобильді қосымшалары арқылы (қазіргі уақытта бұл сервис Kaspi Bank қосымшасында «Мемлекеттік қызметтер» — «ЖК реквизиттері мен салық режимін өзгерту» бөлімінде іске асырылған) беруге болады.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режиміне көшу
2026 жылғы 1 наурыздан бастап салық органдары 2025 жылы патент негізіндегі АСР немесе арнайы мобильді қосымшасы арқылы АСР қолданған салық төлеушілерді ЖК ретінде есептен автоматты түрде шығарады.
Есептен шығару күні ретінде 2026 жылғы 1 қаңтар танылады, бұл ретте салық төлеушінің есептен шығу туралы өтінішті өз бетінше беру құқығы сақталады.
Егер салық төлеуші қолданылатын салық салу режимі туралы хабарлама тапсырып, өзге режимді таңдаған жағдайда, есептен шығару жүргізілмейді. Бұл ретте өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған АСР қолдана басталған күні ретінде «E-Salyq Business» мобильді қосымшасында алғашқы чек қалыптастырылған күннен танылады.
Шаруа және фермер қожалықтары (ШФҚ) үшін арнаулы салық режиміне көшу
Аталған режимге көшу 2026 жылғы 1 наурызға дейін салық органдары арқылы автоматты түрде жүзеге асырылады және хабарлама тапсыруды талап етпейді.
Қазақстанда жаңа Салық кодексі шеңберінде мемлекеттік қызметтер көрсетудің сервистік моделіне көшу жүзеге асырылуда. Ол артық әкімшілік шаралардан бас тартуды және кәсіпкерлердің ыңғайлылығына, цифрландырылуға және сүйемелдеуге назар аударуды көздейді. ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің Мемлекеттік қызмет көрсету басқармасының басшысы Думан Қансейітов бизнес үшін негізгі өзгерістер мен артықшылықтар туралы айтып берді.
Модельдің негізгі мақсаты – әкімшілік тәсілден тұтынушыға бағытталған форматқа көшу, яғни назардың бәрі біріншіден қызмет алушыға аударылады.
ЖАҢА САЛЫҚ КОДЕКСІНДЕ ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІСТЕР ҚАРАСТЫРЫЛҒАН
Нөлдік есептілікті автоматты түрде қалыптастыру
Егер салық төлеуші салық есептілігін белгіленген мерзімде ұсынбаса, жүйе автоматты түрде нөлдік есептілікті қалыптастырады. Бұл есептілікті ұсынбағаны үшін хабарлама беруден, банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұрудан және ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 272-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартуды болдырмауға, осылайша бизнес үшін жазалау шараларын азайтуға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік кірістер органдары тарапынан айналымдар анықталған кезде әкімшілік жауапкершілік нормалары қолданылады. Сонымен қатар салық төлеуші мәлімделмеген кірістерді өз бетінше анықтаған және қосымша салық есептілігін ұсынған кезде жауапкершілік шаралары қолданылмайды.
Салық есептілігі нысандарын қысқарту
Салық есептілігі нысандарының саны 30%-дан астамға, яғни 41-ден 28-ге дейін қысқарды. Бұл бизнеске уақыт пен ресурстарды үнемдеуге және салықтық басқаруды жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Салық органдарының сервистік топтарын енгізу
Қаржы министрінің бұйрығымен Мемлекеттік кірістер органының Сервистік топтарын құру туралы ережелер бекітілді.
Сервистік топ, бұл – салық органдары қызметкерлерінен тұратын мобильді топ, ол салық төлеушілерге салық міндеттемелерін орындау бойынша мемлекеттік қызметтер мен ақпараттық-түсіндіру көмегін көрсетеді, соның ішінде жеке тұлғаларға декларацияларды жасау және тапсыруда көмек береді.
Сервистік топтар:
- бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар тұлғаларға;
- ұзақ уақытқа еңбекке жарамсыздық мерзімі белгіленетін аурулары бар тұлғаларға;
- 80 жастан асқан, күтім мен көмекке мұқтаж қарт адамдарға;
- телекоммуникация желілері жоқ шалғай елді мекендерде тұратын жеке тұлғаларға мемлекеттік қызмет көрсетеді.
Сервистік топты шақыруға өтінім 1414 нөмірі арқылы бірыңғай байланыс орталығы арқылы беріледі.
Салық төлеушілерге салық міндеттемелерін орындау бойынша қандай көмек көрсетіледі?
Мемлекеттік кірістер комитеті бизнеске барынша «жұмсақ сүйемелдеу» моделін белсенді енгізуде, ол дегеніміз – салық төлеушіні тіркеу сәтінен бастап оның қызметін тоқтатқанға дейін қолдау көрсету.
Бұл модель халыққа барынша ыңғайлы келесі тәсілдерге негізделеді:
- мобильді қосымшалар арқылы жеңілдетілген салықтық тіркеу;
- алдын ала толтыру және автоматтандырылған декларациялау;
- салықтарды өңай төлеу;
- кейбір қызметтерді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына және қаржы секторына беру;
- ескерту және хабарлау бойынша электрондық сервистер, оның ішінде банктердің мобильді қосымшалары арқылы;
- жастардың салықтық сауаттылығын арттыру;
- ашық API-сервистердің кеңеюі.
Осы іс-шаралар аясында болашақ кәсіпкерлерге арналған «Калькулятор» түрінде сауалнама функциясы әзірленді. Бұл бизнесті тіркеу кезінде пайдаланушыға бизнес жүргізудің ұйымдық-құқықтық нысанын (ЖК немесе ЖШС), салық режимін, тапсырылатын Декларация түрлерін және мерзімдерін анықтауға арналған алдын ала ақпарат пен ұсынымдар береді.
Сауалнама нәтижесінде әр салық төлеушіге арналған, қолданатын салық режимі бойынша Ескертпе қалыптастырады, онда Декларация тапсыру мерзімдері, салық мөлшерлемелері, төлеу уақыты және тағы да басқа ақпараттар қамтылады.
Бұл сервис САИЖ, МКК порталында және «Бірыңғай жеке кабинет» жүйесінде жүзеге асырылады, сондай-ақ API-сервис арқылы банктік мобильді қосымшалар мен басқа платформаларға біріктіріледі. Бұл жүйе тек есепті қабылдап, міндеттемелерді бақылап қана қоймай, салық төлеушінің көмекшісі ретінде жұмыс істейді – жеке кеңестер, ескертпелер мен алдын ала толтырылған нысандар ұсынады.
Екінші деңгейдегі банктермен ынтымақтастық
Мемлекеттік кірістер комитеті салық төлеушілермен көбірек байланыс нүктелері бар банктік экожүйелердің мүмкіндіктерін белсенді пайдаланады. Екінші деңгейдегі банктердің платформаларында фискалдық бақылау шараларын қолданбай сұранысқа ие Электрондық сервистер мен мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуді қамтамасыз ететін салық төлеушінің мобильді кабинетінің прототипі жасалады.
МКК сервистерін банк экожүйелерімен интеграциялау нәтижесінде салық есептілігін беруден бастап берешек туралы хабарламаларды алуға дейінгі 20-дан астам қызмет жүзеге асырылды. Банктік платформаларда салық төлеушінің мобильді кабинетін құру, сондай-ақ бақылау-кассалық машиналарды банктердің POS-терминалдарымен интеграциялау бойынша жұмыс жүргізілуде, бұл бизнеске бүкіл өмірлік циклды артық бақылаусыз сүйемелдеуге мүмкіндік береді.


