Атырау облысы бойынша ревизиялық комиссияның төрағасы Нұрбол Қонысовтың айтуынша, 2024 жылы бюджеттік шығыстар 99,3 пайызға орындалып, 763,2 млрд теңгені құраған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 136,2 млрд теңгеге артық. Алайда шамамен 5 млрд теңге игерілмей қалған.
Комиссия дерегінше, былтыр 14 аудит және 3 талдамалық тексеру жүргізілген. Тексерілген 63 млрд теңгеден астам қаражаттың ішінде 8 млрд теңгеден астамы тиімсіз пайдаланылған, ал 22 млрд теңгеге жуық сома бойынша тиімсіз жоспарлау анықталған. Нәтижесінде 108 лауазымды тұлға мен 3 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев бюджеттік қаражатты қайта бөлу олардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Сондай-ақ сессия барысында жер комиссиясының жаңа құрамы бекітілді. Депутаттар коммуналдық тарифтердің өсуіне жол бермеу және «Атырау–Индер» тас жолындағы жөндеу жұмыстарын уақытша тоқтату мәселелерін де көтерді.

