Бағдарлама аясында 750 млрд теңге көлемінде қаражат бөлу көзделген, оның 300 млрд теңгесін Қор бөледі, ал 450 млрд теңгесін екінші деңгейлі банктер бірлесіп қаржыландырады. Бағдарламаға микро, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері қатыса алады. Қаражат келесі мақсаттарға беріледі: инвестициялық жобаларға – 7 млрд теңгеге дейін және айналым қаражатын толықтыруға – 3,5 млрд теңге. Бұл жайында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Талғат Смағұлов ОКҚ алаңында айтты.
Оның хабарлауынша, бағдарлама бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 12,6%-дан аспайды. Инвестициялық жобаларды қаржыландыру мерзімі – 10 жылға дейін; айналым қаражатын толықтыруға – 36 айға дейін беріледі. Бағдарлама аясында қайта қаржыландыру көзделген. Бірақ ол 2025 1 қаңтарынан бастап берілген несиелерге ғана қарастырылған. Несиелеудің басым салалары: өңдеу өнеркәсібі, көлік және қоймалау, туризм, білім беру, денсаулық сақтау.
2010-2023 жылдары субсидиялау арқылы 1 трлн теңгеден астам қаражат бөлінсе, ол 6,5 млрд теңге салық ретінде бюджетке қайтарылды. Сонымен қатар 141 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Қолдау тапқан кәсіпорындар 2010-2024 жылдары 129,8 трлн теңге сомасына, оның ішінде 2024 жылы 25,4 трлн теңгеге өнім өндірді. Салық түсімдерінің сомасы – 9 трлн теңгені құрады, оның ішінде 2024 жылы – 1,7 трлн теңге түсті.