Жол саласын жаңғырту мақсатында 8800 шақырым автомобиль жолдарында түрлі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашевтың ОКҚ алаңында хабарлауынша, оның ішінде 2100 шақырымда құрылыс және қайта жаңарту жұмыстары, 460 шақырымда күрделі жөндеу жұмыстары 6300 шақырымда орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған. Бұл жұмыстарды орындауға шамамен 10 мың бірлік жол-құрылыс техникасы, 27 асфальтбетон зауыты және 25 мың маман жұмылдырылады. Жобаларды іске асыру барысында 9,4 млн тонна асфальтбетон қоспасы, 12 мон текше метр қиыршық тас және 500 мың тонна битум қолдану көзделген.
2025 жылдың басым жобалары ретінде Қалбатау – Майқапшағай және Қызылорда – Жезқазған автожолдарын қайта жаңарту учаскелері анықталған. Жылдың соңына дейін жоспарланған 2100 шақырым жолдың 1100 шақырымында негізгі жұмыстарды аяқтау көзделген.
Күрделі жөндеу жұмыстарымен жалпы ұзындығы 460 шақырымды құрайтын 47 нысан қамтылмақ. Бұл жұмыстарға 8,5 млрд теңге қаржы көзделген. Жыл соңына дейін 174 шақырымды құрайтын 5 учаскені пайдалануға беру жоспарда бар. Сондай-ақ 6300 шақырымды құрайтын 233 нысанда орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қаржыландыру көлемі – 203 млрд теңге. Құрылыс маусымының аяғына дейін кемінде 2 мың шақырым автожол пайдалануға берілмек.