Мемлекеттік сатып алуда жаңа тәсілдер қолданылмақ. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жүйесі толықтай электрондық форматқа көшірілген. Порталға 24 мың тапсырыс беруші және 117 мың әлеуетті тауар жеткізуші тіркелген. Мемлекеттік сатып алу жоспары 9,3 трлн теңгені құрайды. Бүгінге дейін өткізілген сатып алу көлемі 8,8 трлн теңгеге тең. Бір көзден сатып алу көлемі 23%-ды құрайды. Бұл туралы ҚР қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбеил ОКҚ алаңында өткен брифинг барысында мәлімдеді. Оның хабарлауынша, қазір сатып алынатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға басымдық беріліп отыр.
Ең алдымен, өнім берушіні таңдаудың сапалық емес өлшемшарттарын дамыту көзделген.
Келесі жаңашылдық – қоғамдық мониторинг институтын енгізу. Биыл сәуір айында «Қоғамдық бақылау туралы» Заң қабылданды. Құжатта қоғамның белгілі бір процестерге әсер ету механизмі көрсетілген. Қоғам өкілдері мемлекеттік сатып алу саласында білгілі бір кемшіліктерді байқаған жағдайда, олар қоғамдық мониторинг институтын пайдалана алады.
Шағымдарды қараудың жаңа тетігі енгізіліп, бақылаушы органның рөлі қайта қаралды. Сатып алу рәсімдерінің созылып кетуін болдырмау мақсатында қорытындыларды қайта қарау жөніндегі функция сатып алуды ұйымдастырушыға беріледі. Қорытындыларға шағымдану құқығы жеңімпаздарын конкурстық комиссия айқындаған сатып алулар бойынша ғана беріледі. Сатып алу қорытындыларын қайта қараудың осындай тәсілі Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің талаптарына сәйкес келеді.
Мемлекеттік сатып алу саласындағы проблемалардың бірі – рәсімдердің ұзаққа созылуы. Бұған дейін шағымдар кемінде 45 күн қаралса, енді бұл мерзім 6 күнге дейін қысқартылды.