Қала басшысының айтуынша, 500-600 мың теңге жалақыға жұмыс істейтін маман таба алмай отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі жазады. Қала тұрғындарымен кездесуде астаналықтар әкімнен қоғамдық көлікте жол жүру құнының өсу себебін сұрады.
“Қазір 90 теңге болып тұр. Ол қай жылы бекітілгенін білесіз бе? 2014 жылы. 10 жыл өтті, осы уақыт ішінде бензин, газ, жүргізушінің жалақысы өсті. Бүгінгі таңда жүргізушінің жалақысы орта есеппен 500-600 мың теңге. Бізде жүргізушілер тапшылығы бар, бұл жалақыға біз кәсіби жүргізушілерді таба алмай отырмыз. Қалада жүретін автобустар ыңғайлы, жаңа, тіпті телефонды зарядтауға мүмкіндік бар. Былтыр мен қала тұрғындарына автобустардың санын көбейтетінімізді айттым. Былтыр тәулігіне 900-ге жуық автобус рейске шықты. Қазір 1300 автобус бар, яғни олардың санын 40% артты. Биыл тағы 300 автобус келеді", - деді шенеунік.
Әкімнің мәліметінше, 1,5 миллион халқы бар қалада автобустардың саны 2 мыңнан асуы тиіс.