Қоғамдық көлік неге кешігеді? Дөрекі жүргізушілер жазалана ма? Автобустар саны арта ма? Жолақы кімдерге тегін? Осы және өзге де сауалдарға «Smart Atyrau» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Арслан Аронов пен Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімінің көлік және энергетика секторының бас маманы Жадыра Сандибекова брифинг барысында жауап берді.
Екі күн тегін тасымалдайды
Әңгімемізді жағымды жаңалықпен бастар болсақ, алдағы мереке күндері атыраулықтар жолда тегін жүретін болады. Бұл туралы брифинг барысында «Smart Atyrau» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Арслан Аронов айтты.
«Алдағы 19 наурызда мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау өтетіндіктен, автоубстар тегін қатынайтын болады. Сол сияқты, 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні де қоғамдық көлікте жүру – тегін» деп атап өтті А.Аронұлы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында.
Айтпақшы, жеңілдікпен жүретіндер үшін мемлекет тарапынан төленуі тиіс өтемақы мәселесі алдағы сайлау науқанынан кейін шешілетін болды.
Кей маршрутқа сын көп...
Бір «әттеген-айы», тұрғындар №5, 50, 51, 58 «а» автобустардың «сағызша созылып» жүретініне наразы. Айтуларынша, аялдамада сағаттап күтуге тура келеді екен. Сөйтсек, мұның да өз себебі бар екен.
«Жасыратыны жоқ, қазір жүргізушілер жетіспейді. Әрі, қатты суық күндері көліктер жиі бұзылып жатты. Оның үстіне, бұрын бұл автобустар қала ішіне кірмейтін еді. Кейін тұрғындардың сұрауы бойынша шаһарға кіретіндей мүмкіндік жасадық. Кейде арадағы уақыт интервалының ұзарып кететіні соның әсерінен болса керек» дейді А.Аронұлы.
Тағы бір жиі орын алып тұратын жағдай – қоғамдық көліктердің кешігуі және аялдамаға тоқтамай өтуі. Әсіресе, бұл ретте №7, 54 бағыттағы автобустарға тұрғындар тарапынан шағым көп. Мамандар бұл мәселе бойынша да қатаң шаралар алынатынын қаперге берді. Тек тұрғындардың өздері де белсенділік танытып, ерінбей арыз түсіруі керек.
Сонымен бірге, Самал ықшамауданының тұрғындары №22 маршруттың №7 көшемен жүрмейтініне қапалы. Анықталғандай, бұған дейін сол жердегі балабақшаға кедергі келтіреді деп арызданған деген тұрғындардың өздері болып шықты. Әрі, аталған көшемен №21 атвобус та жүреді екен. Ендеше, самалдықтардың жүріп-тұруында еш қиындық жоқ. Сол секілді, №30 «а» автобустың біреуі «Тұлпар» ықшамауданына қатынаса деген тұрғындардың тағы бір ұсынысы қаралып жатыр.
Бұдан бөлек, сенбі мен жексенбі күндері автобустар мүлде көрінбей кететіні бар. Бұған да «Smart Atyrau» басшысының өз жауабы бар.
«Демалыс күндері халықтың көп бөлігі жұмыс жасамайды. Демек, сыртқа көп шықпайды. Ал, автобустар бос күйде жүре бермейді ғой. Сондықтан мұндай күндері автобустардың тек жартысы ғана шығады» дейді А.Аронұлы.
Сондай-ақ, ол №2 автобустардың неге ауыстырылғанын да түсіндіріп өтті.
«Бұл бағыттағы көліктер бұрын «Атырауавтопарк» мекемесінде болды. Кейін аталған мекеме ұзақ уақыт субсидия алмаған соң, көліктерін алып кетті. Артынша мемлекет субсидия ұсынғанымен, олардың тарапынан техникалық мүмкіндік болмады. Содан кейін тендер ұйымдастырылып, оны «Ақжайық» автопаркі ұтып алды. Енді 12 метрлік көліктердің орнына 10 метрліктер келді. Айтарлықтай айырмашылық жоқ» дейді ол.
Аузына келгенін айтады
Автобус ішін былай қойғанда, жүргізушілердің «ақ ит кіріп, көк ит шығатын» ауыздары да лас па деп қаласың. Өйткені, көлік ішінде үлкен-кіші отыр-ау демей, телефонмен тілдескен кезде аузына келгенін айтатын шопырлар қариялардан да қымсынбайды.
«№50 бағыттағы 837АВ06 нөмірлі автобустың жүргізушісі даусын шығарып балағаттап сөйлеуді әбден әдетке айналдырған. Аты-жөнін сұрасақ, айтпайды. Тағы бір жолықтырсам, суретке түсіріп аламын ба деп отырмын. Тентекті тезге салатын жауапты орган бар ма?!» деп ашынады бір топ қала тұрғындары.
Осы орайда, айта кетейік, жолаушылар тасымалынан жапа шеккендер болса, Төлебаев көшесі, 44 мекен-жайында орналасқан «Smart Atyrau» мекемесіне аяқтай келуге немесе «109» байланыс операторы мен 8(702)3260929 диспетчерлік нөміріне шағым қалдыра алады. Спикерлер жолаушыларға ыңғайсыздық тудырған қызметкерлерге қатаң шара қолданылатынын жеткізді. Тіпті, қажет болса, дөрекі жүргізушілердің жалақысы да қиылады.
Сонымен қатар, соңғы кезде қоғамдық көліктегі тазалықтың ауылы алыстап бара жатқанына күнделікті өмірде өзіміз де куә болып жүрміз.
«Әр автопарк өздеріне тиесілі автобустардың тазалығына жауапты. Олардың әрқайсысында көлік жуу орталығы бар. Қызмет көрсету уақыты таяғанда көліктерге тазалық жұмыстары жүргізіледі» дейді Ж.Абылайқызы.
Көпбалалылар тегін жүре ме?
«Осыған дейін көпбалалы аналар жолақы төлеуде 50 пайыздық жеңілдікті пайдаланып келді. Ал, биыл 1 наурыздан бастап заңға өзгеріс енгізіліп, олар тегін жүретін болып шешілді. Бірақ, мұндай мүмкіндік тек Батыр ана, алтын және күміс алқа иелеріне ғана беріліп отыр. Төрт баласы барларға бұрынғыдай жартылай ғана жеңілдік жасалады. Олар «Smart Atyrau» мекемесіне барып, тегін жүруге арналған жолақы картасын алуы керек» деп түсіндірді Ж.Сандибекова.
Анықтама үшін айта кетейік, Атырау қаласында бес автопарк қызмет көрсетеді. Автобустар 31 бағытта жолаушы тасымалдайды. Оның жартысы – қала маңындағы елдімекендерді, қалғаны облыс орталығын қамтиды. Күнделікті 240 автобус жүріп тұрады.
№5, 51 бағытқа үлкен автобус беріле ме?
Бұл сауалға «Smart Atyrau» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Арслан Аронов жауап берді.
Мекеме басшысы бұл мәсееге байланысты келіссөздер жүріп жатқанын айтып, тұрғындарды қуантып қойды. Бірақ, болашақта үлкен емес, орташа сыйымдылықтағы автобустар шығуы мүмкін. Себебі...
«№5, 51 бағытқа үлкен автобустар шығарсақ, олар жолға сыймайды. Себебі, №5 маршрут шағын жолдармен өтеді. Ал, №51 автобус өзара тығыз орналасқан үйлердің арасымен жүреді. Екіншіден, шағын атвоубстар тез жүреді. Керісінше, үлкен автобустар бөгеліп қалады. Сәйкесінше, арақашықтық та ұзарып кетеді» дейді А.Аронұлы.
Сондай-ақ, №30 «а», 4 маршруттарға да жаңа автобус берілмейтін болып шешіліпті. Өйткені, оларға айтарлықтай сұраныс жоқ екен.
Артқы есікті неге ашпайды?
Қоғамдық көліктер қазір жолаушыларды бір есіктен кіргізіп-шығаратын болды. Тасымалға жауаптылар бұл мәселенің де шешмін қарастырып жатқанын жеткізді.
«Өкінішке қарай, жүргізушілер секілді диспетчерлер де тапшы болып отыр. Сондықтан жүргізушілер жолақының төленген-төленбегенін өздері тексеруде. Сәйкесінше, халықты алдыңғы есіктен ғана кіргізуге тура келеді. Алдағы уақытта артқы есікті ашу мәселесі шешілетін болады» дейді А.Аронов.