ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, шығыстардың қосымша ұлғаюы 2,2 трлн теңгені құрайды. Негізінен ақша Мемлекет басшысының жолдауы мен сайлауалды бағдарламасы шеңберінде айтылған бастамаларын, сондай-ақ өңірлерге жұмыс сапарларының қорытындылары бойынша тапсырмаларды іске асыруға талап етіледі.
«Сондай-ақ, осы бағыт шеңберінде 144 млрд теңге сомасына жылумен жабдықтау жүйелерін салу және реконструкциялау, жылу, электр энергетикасын дамыту; 126 млрд теңге сомасына қорғаныс пен азаматтық қорғауды қамтамасыз ету, оның ішінде өртке қарсы қызмет қызметкерлерінің жалақысын ұлғайту, азаматтық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын нығайту; 92 млрд теңге сомасына тұрғын үй сатып алу үшін қарыздар мен сыйлықақылар беру көзделеді», - деді Ерұлан Жамаубаев.
Жалпы, ағымдағы жылға арналған республикалық бюджет келесідей қалыптасады: бюджет түсімдері 1,5 трлн теңгеге ұлғайып, 19,3 трлн теңгені құрайды. Тапшылық ЖІӨ-ге 2,7% деңгейінде сақталды. Республикалық бюджеттің шығыстары 22,5 трлн теңге көлемінде жоспарлануда.
Қарау қорытындысы бойынша сенаторлар ұсынылған түзетулерді қолдады. Мәжілістегі республикалық бюджетке түзетулер 2022 жылдың қазан айында қаралған еді.