ЖЕРГЕ ҚАТЫСТЫ ЗАҢДЫЛЫҚТАРҒА ӨЗГЕРІС ЕНГІЗІЛІП, МӘСЕЛЕГЕ ПРЕЗИДЕНТ ҚАСЫМЖОМАРТ ТОҚАЕВ АЙРЫҚША МӘН БЕРІП, ҰДАЙЫ ТАПСЫРМА БЕРІП КЕЛЕДІ. СОҒАН САЙ, МЕМЛЕКЕТТІК ДЕҢГЕЙДЕГІ АУҚЫМДЫ ЖҰМЫСТАРДЫҢ НӘТИЖЕСІНДЕ СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МАҚСАТЫНДАҒЫ ЖЕРЛЕРГЕ ҚАТЫСТЫ ІС-ШАРАЛАР ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУДЕ.
Мәселен, Атырауда қайтарылған жер телімдері ауыл шаруашылығы мақсатында алынғанымен, пайдаланылмай келген. Облыстық жер қатынаст ары басқармасының басшысы Әлібек Ермекқалидің мәліметінше, биылғы он бір айда мемлекет меншігіне 185 жер телімі қайтарылған. Былтыр ауыл шаруашылығы мақсатында игерілмей жатқан 201 мың гектар жер анықталды. Оның ішінде 17 мың гектары шара қолданудың нәтижесінде қайта игеріле бастады. Ал, 87 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған еді. Биылғы он бір айда 206 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы 185 жер учаскесі мемлекетке қайтарылып отыр, – деді ол. Салалық басқарма басшысының айтуынша, мемлекетке қайтарылған жер телімдерінің 190 гектары жайылымдық, ал 140 гектары шабындық алқап болса, 15 гектары басқа мақсат үшін алынған. Жер телімінің 120 гектарын иелері өз еркімен қайтарып берген. Қазір жергілікті атқарушы органдардың мамандары 97 мың гектар жердің игерілмеу себебін анықтау мәселесін қарап жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің жер ресурстарын басқару комитеті бекіткен құжатқа сәйкес , Атырау облысы биыл Қазақстан Республикасы заңнамасын бұза отырып пайдаланып отырған немесе мүлдем пайдаланбаған 200 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін қайтаруы қажет-ті.
БҰЛ – ТАРТЫП АЛУ ДЕГЕН СӨЗ ЕМЕС!
Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Нәсіп Шалабаева мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша партия жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясының мақсаты да осы, яғни, бос жатқан жайылымдық, заңсыз жеке меншікке өткен жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтаруға көмектесу екенін айтты. «Бұл – жерді күштеп тартып алу деген сөз емес. Оның мақсатты игерілуіне, тиімділігіне қол жеткізу, кәдеге жаратылуына ықпал етіп, мүмкіндік жасау» деген ол комиссия мүшелері ауыл тұрғындары мен шаруагерлер арасында түсінік жұмыстарын көбірек жүргізіп, бұл бағытта бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысты пайдалану, насихаттау жұмыстарына үлкен мән беру қажеттілігін де атады. Ал, облыстық жер ресурстарын басқару департаменті басшысының орынбасары Наурызбек Құмаров нақты деректер келтірді: «Атырау облысының жер аумағы 11 863,1 мың гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы санатындағы жер учаскелерінің көлемі 3 057,182 мың гектар, 25,7 пайызын құрайды». Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығына сәйкес Атырау облысы бойынша заңбұзушылықтарды анықтау мақсатында 72 жер пайдаланушыға қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізілгенін де жеткізді. «Бүгінде 72 жер пайдаланушының ішінен 32 жер пайдаланушыға тиесілі 35 жер учаскесіне қатысты тексеріс тағайындалып, 18-іне қатысты заңбұзушылық анықталды, 17 жер учаскесінің игеріле бастағаны белгілі болды. Ал, аумағы 1227 гектарды құрайтын 8 жер учаскесінің иелері жерді өз еріктерімен мемлекет меншігіне қайтарды» деді ол. Облыс бойынша 20 ірі жер пайдаланушының жер учаскелерін ұтымды және тиімді пайдалану, сондайақ оларды беру кезінде жер заңнамасы нормаларының сақталуы тұрғысынан тексеру іс-шаралары да жүргізілген. Талдау нәтижесінде ірі көлемдегі жер пайдаланушылардың 18-іне заңды табысталып, нысаналы мақсатына сай игеріліп отырғаны анықталған. Ал, 2 жер пайдаланушыға тиесілі, аумағы 8 мың гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылған. Жалпы жыл басынан бастап ауыл шаруашылығы мақсатында берілген аумағы 10811 гектарды иемденіп отырған 26 жер учаскесінің иесіне заңбұзушылықты жою жөнінде нұсқама табысталған.
ЖАЙЫЛЫМ ЖЕТПЕЙДІ...
Аталған комиссия мүшесі Сәкен Өскенбаев: «Биылғы референдумда Конституцияның 6-бабына енгізілген норма бойынша «Жердің иесі – халық». Сондықтан да ендігі жерде осы Конституциялық принцип жұмыс істеуі керек. 2017 жылы «Жер туралы» заң қабылданды. Елді мекендердегі жайылымға сұранысты қанағаттандыру үшін 5-10 шақырымдық радиус белгілеу туралы норма енгізілді. «Осы аумақтағы жерлер жекеменшікке берілмесін, кадастр қатаң түрде сақталсын» деген шешімдер қабылданды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жерді тексеруге мораторийді алып тастауының өзі партияның осы жұмыстарды одан әрі жандандыра түсуі үшін жол ашып беріп отыр. Бұл әділетті қоғам құрудағы ұмтылысымызды нақтылай түседі» деп атап өтті.
Қазір ауылдық елді мекендер үшін жайылымдық алқаптардың тапшылығы іс жүзінде барлық облыстар бойынша байқалады. Малдың 80%-ға жуығы өткен ғасырдың 90-жылдарының басында жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту үшін бөлінген елді мекендер шегінде және оның айналасында өте тозған жайылымдық жерлерде жайылады. Осындай деректер келтірген С.Өскенбаев Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараты бойынша, жеке қосалқы шаруашылықтарда ұсталатын 6,2 миллион мал басын жаю үшін 50 млн. гектар жайылым қажеттігін де атады. Яғни, әлі де 29 миллион гектар жер қажет деген сөз.
Қазіргі уақытта жайылымдарды қамтамасыз етумен байланысты проблемалар шешілмеген күйінде қалып отырғанын атаған ол атыраулық мәжілісмен Нұрлыбек Ожаевтың Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңының жобасын талдау барысындағы ұсыныстарын атады. Соның ішінде пайдаланылмайтын жайылымдарды алып қою және халықтың жеке ауладағы малын жаюға арналған жайылымдарды алқаптардың басқа түрлеріне ауыстыруға тыйым салу, «Жайылымдар туралы» заңға «қоғамдық жайылымдар» ұғымын енгізу, ауылдық округтердің тиісті шекараларында орналасқан жайылымдық жерлерді ауылдар, кенттер және ауылдық округтер әкімдерінің қарауына беру туралы мәселелерді қарастыру қажеттігі айтылды.
Қалалық мәслихат хатшысы Қаршыға Жауымбаев партияның жазалаушы орган емес, керісінше халыққа қолдау білдіру мақсатында жұмыстанатынын атап, консультациялық кеңес беруді жолға қою қажеттігін жеткізді. Салалық басқарма, департамент өкілдері, партия жанындағы комиссия мүшелері бірлесе отырып жұмыстануы қажеттігі айтылды. Расында да, жерге қатысты мәселеде заңдылықтарды білмеу себепті көптеген қиындықтар туындайтыны жасырын емес. Алайда, заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайтыны белгілі. Жиынды ұйымдастырған «AMANAT» партиясының Атырау облыстық филиалы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясының құрамына облыстық мәслихат депутаттары, жер қатынастары саласының сарапшылары, Кәсіпкерлер палатасының, құзырлы мемлекеттік органдардың өкілдері енгізілген. Комиссия Атырау қаласы және 7 ауданда көшпелі кездесулер ұйымдастырып келеді.