Жуырда «Атамекен» Ұлттық палатасының жергілікті филиалдарының бірінде ауыл шаруашылығын субсидиялау саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижелері талқыға түсті. Кездесуде қала мен жеті ауданнан жиылған шаруашылық иелері субсидиядан басқа да мәселелерін айтып, мұң шақты. Олардың жанайқайын тыңдап, түйіні шешілмеген түйткілдердің көп екеніне көз жеткізе отырып, «өнім өндіруді түпкілікті жолға қоюға әлі біраз уақыт бар ма?!» деген ойға бекіндік. Себебі, ХХІ ғасырдың бірінші ширегін тауысуға жақындап қалсақ та, шаруагерлер су мен жарыққа зәру. Ал, осы тәріздес тұрмыстық шаруалары әлі шешілмеген жанға сапа мен стандарт туралы сөз қозғасақ, ел ашынбағанда қайтпек?! Сұраққа жауап беріп отырған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Амангелді Саламаттың өзі каналдардың қай ауданда орналасқанынан шатасып, тұшымды жауап айта алмады. Субсидияға арналған жиында өзге де өзекті мәселелердің талқылануы шаруа иелерінің әбден ашынғанын байқатты.
Жә, бастапқы мәселеге оралайық. Мемлекет агро өнер кәсіп кешеніне миллиардтаған қаржы бөлуге неге мүдделі? Бөлінген ақша мақсатты жұмсалмай, «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетіп жатса да тоқтау болмайтын мұндай қитұрқылықтың артында қандай ұстаным бар?.. Қалың бұқараны шулатқан қымбатшылықты жоюдың алғашқы қадамдары осы саладан басталады. «Мал азығы қымбат», «жаңа техника болғандықтан өнімділік аз» деген наразылықтар ескеріліп, шаруагерлерге субсидия, яғни мемлекеттен қайтарымсыз көмек беру жұмыстары басталды.
Соңғы бес жылда республика қазынасынан осы мақсатқа 2 триллион теңгеден астам қаржы бөлініпті. Әрине, аз ақша емес!.. Алайда, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық мемлекеттің мақсатты іс-шарасынан орта жолдан бұрып әкетті. Қолдауды жоққа шығарып, елдің азық-түлік қауіпсіздігіне айтарлықтай нұқсан келтіріп отыр. Осы арада құжатта үйлесіп тұрған субсидияның қаржысын той-томалақ пен автокөлік сатып алуға жұмсап жүргендер тым болмаса, мемлекеттің қаржысына емес, өзі туып-өскен өлкенің дамуына қаншалықты қиянат жасағанын бағамдағаны жөн.
СУБСИДИЯНЫҢ САРҚЫТЫН КІМ КӨРДІ?
Бүгінгі заман басқа, заң басқа. Бұрынғыша жаза басқанды желкесінен бүріп, сотқа сүйреудің дәуірі өтті. Қазіргі міндет – осындай олқылықтың алдын алу, мүлт кеткенді межесіне жеткізбей, тырп еткенді тәубесіне түсіру. «Атамекенде» өткен іс-шараның басты мақсаты да осы.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы Жәнібек Қаражанов агроөнеркәсіптік кешендегі субсидиялау барысына жүргізілген ауқымды талдау нәтижесінде анықталған кемшіліктер туралы баяндап, сыбайлас жемқорлыққа әкелетін жағдайларға жол бермеуге шақырды. Әсіресе, мал шаруашылығы саласындағы инвестициялық өмірді сақтандыру (ИӨС) ақпараттық жүйесінің кемшілігінен бір бас мал, кейде тіпті жоқ мал басы бірнеше рет субсидияланған.
Яғни, есепте жоқ жануар тек жүйеде және тек субсидия алу үшін ғана тіркелген. Алаяқтық дегеніңіз осы шығар?!
Жергілікті әкімдіктер тарапынан да кеткен кемшіліктер бар. Мысалы, ұзақ уақыт бойы субсидияның басым бөлігін бір ғана құрылым алғаны, тіпті, ауыл шаруашылығына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын фирмаларға (шаштараз, массаж салондары, т.б.) берілгені талдау барысында анықталған. Кемшіліктің көпшілігі мемлекеттік органдар тарапынан субсидияларды нысаналы мақсатқа пайдалануды бақылаудың, жауапкершілік пен мониторингтің пәрменді жүйесінің болмауынан орын алып отыр. Оңай олжаға кенелу үшін әртүрлі қылмыстық схемалар да жасалыпты. Атап айтқанда, жалған шот-фактуралар жасау арқылы тыңайтқыштар, гербицидтер, тұқымдар мен ауыл шаруашылығы жабдықтарын сатып алуды субсидиялау кезінде біраз қаржы жымқырылған.
ДАУДЫҢ БАСЫ...
Кейбір жағдайда субсидиялау қағидасында қарама-қайшылықтар мен оларды екі жақты түсіну бар. Мұндай жайттар прокуратура органдары жүргізген тексерулерден анықталды. Мәселен, инвестициялық субсидиялар бойынша №4 «Жайылымдарды суландыру инфрақұрылымын құру және мал шаруашылығы шаруашылықтарын (құдықтар, ұңғымалар) сумен қамтамасыз ету» паспортына сәйкес ауыл шаруашылығы басқармалары субсидиялар бөлген. Бірақ, қағидада жайылымның нақты өлшем-шарттары жазылмағандықтан, түсіндіру жұмыстары толық жүрмепті. Оның параметрін анықтау мақсатында ізденіс те болмаған.
Тексеру барысында тек прокуратураның сұранысынан кейін республика Ауыл шаруашылығы министрлігі ресми түсіндірме жасап, талаптар бойынша субсидия алған фермерлер мемлекеттің қолдауына берілген қаржыны кері қайтаруға мәжбүр болып отыр. Министрліктің ресми түсіндірмесіне сәйкес, №4 паспорт бойынша елді мекендер шегінде орналасқан мал шаруашылықтары үшін құдық қазып, жабдықтар сатып алу, егер нысан жалпы қолданыстағы электр желісіне қосылса дербес қуат көзін сатып алу (күн панельдері, электр станциясы (бензин немесе дизель генераторы)) субсидиялауға жатпайды. Ал, қағидада бұлар нақты өлшем-шарттармен көрсетілмеген.
ЗАҢЫНДА ҚАЛАЙ?
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жемқорлық және қылмыстық схемаларды анықтаумен ғана шектелмей, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен бірлесіп, алдағы уақытта құқықтық нормалардың олқылықтары мен қарама-қайшылықтарын болдырмау мақсатында жұмыстар жүргізіп отыр. Кездесу барысында департаменттің басқарма басшысы Жәнібек Қаражанов шаруа қожалықтары иелерінің бірнеше кеңесті қаперге алып, құзырлы органдарға да бұл жұмыстарға зор жауапкершілікпен қарауды ұсынды.
– Фермерлер субсидия немесе мемлекет тарапынан берілетін басқа да қаржылай қолдау аларда, оның не үшін берілетіні туралы толық мағлұматпен танысып, бөгде адамдарға ЭЦҚ бермегені жөн. Сонда олар қылмыстық схемаларға тартылмай, «оңай олжа» табу үшін заңсыз іс-әрекеттерден бойын қашық ұстайды деген сенімдеміз.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік органдар мен мекемелердің лауазымды тұлғаларын актілердің шынайылығын тексермей тұрып қол қоймауға, заңсыз әрекеттерге итермелейтін алаяқтардың іс-әрекетіне жол бермеуге және өздері қылмыс пен түрлі заң бұзушылықтардың бастамашысы болмауға шақырамыз. Бүгінде біздің агенттік ауыл шаруашылығы саласындағы субсидиялаудың барлық схемаларын зерттеп меңгерді, барлығы да қатаң бақылауда тұр. Егер теріс пиғылды, пайда көргісі келетін адамдарға сенім арту болған жағдайда сіздерге қатысты да жауапкершілік мәселесі қозғалуы әбден мүмкін, – деді Жәнібек Қаражанов.
Әлбетте, бұл шаралар біреуді қорқытып-үркіту емес, сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтың алдын алу, жыл он екі ай бойы төрт түлік өсірудің бейнетін шегіп жүрген қарапайым шаруагерлерге жол сілтеп, бағыт-бағдар беру. Құзырлы органдарға да қолда бар мүмкіндікті орынсыз пайдаланбауын, оның да сұрауы бар екенін қаперге беру.
«Қазақстан Фермерлер қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалының төрағасы Мұрат Сарманов шаруагерлердің мұндай қадамға жетіскеннен барып отырмағанын алға тартты. Қазір агрокешенде кадр жетіспейтіні рас. Сондықтан, олардың кейбірінде ноутбук, интернет те жоқ. Сол себепті, субсидия алу, басқада қаржылық мәселелерге байланысты автоматтандырылған жұмыстарды ЭЦҚ кілтін біреуге беріп жасататыны шындық. Бір жиында қозғалған бірнеше мәселенің түйінінде заң бұзушылықты ешқандай сылтау немесе сылдыр сөздің ақтап ала алмайтынын аңғардық. Заңның аты – заң. Қорадағы малды қалай баптасаңыз, құжат та сондай мұқияттылық пен сауаттылықты қажет етеді. Сәл сүрінсеңіз, мемлекеттің қамқорлығынан қағыласыз. Ең бастысы, елдің атына дақ түседі, халықтың көкейінде күдік туындайды.
Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы салада кешенді істерді жүзеге асыруға тапсырма берді. Демек әлі талай триллиондар осы салаға құйылады. Бөлінген қаржы көрінгеннің қолында кетпей, мал соңындағы шаруа адамының игілігіне жұмсалса, бұл да мемлекет көздеген бір мақсаттың өз межесіне жеткені.