ӘЛЕМДІК НАРЫҚТА АЗЫҚ-ТҮЛІК ТАУАРЛАРЫНЫҢ БАҒАСЫ ҚЫМБАТТАП БАРАДЫ. МӘСЕЛЕН, ТАМЫЗ АЙЫНДА ОНЫҢ ҚҰНЫ ӨТКЕН ЖЫЛДЫҢ ОСЫ КЕЗЕҢІМЕН САЛЫСТЫРҒАНДА 33%-ға ЖОҒАРЫЛАҒАН. ҚАНТ – 9,6%-ға, ӨСІМДІК МАЙЛАРЫ – 6,7%-ға, ДӘНДІ ДАҚЫЛДАР – 3,4%-ға, ОНЫҢ ІШІНДЕ БИДАЙ – 8,8%-ға ҚЫМБАТТАП ОТЫР. БҰЛ ЖАҒДАЙ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ІШКІ НАРЫҒЫНДАҒЫ БАҒАНЫҢ ӨСУІНЕ ӘСЕР ЕТУДЕ. ӨЙТКЕНІ, БЫЛТЫРДЫҢ ӨЗІНДЕ ЕЛГЕ ЖЕТКІЗІЛГЕН АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМДЕРІНІҢ ИМПОРТЫ 4 млрд. АҚШ ДОЛЛАРЫН ҚҰРАҒАН.
Мәжіліс депутаты Берік Оспановтың айтуынша, «Nur Otan» партиясы аймақтарда азық-түлік қорларын қамтамасыз ету, тапшылық пен бағаның өсуіне жол бермеу мәселелерін бұған дейін де бірнеше рет көтерген. Соған қарамастан, жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы 9,6%-ға өсіп отыр. Ең жоғары өсім – Нұр-Сұлтан қаласы мен Қызылорда, Жамбыл облыстарында. Азық-түлік тауарларынан ең қатты қымбаттағаны – сәбіз. Оның бағасы 40,7%-ға, күнбағыс майы – 29,4%-ға, қырыққабат – 25,7%-ға, картоп – 21,2%-ға, пияз – 19,5%-ға және қант 13%- ға көтерілген.
– Талдау көрсеткендей, жыл сайын картоп пен сәбіздің бағасы негізінен маусымнан тыс кезеңде (наурыз-шілде айларында) және егін жинау науқанының аяқталар кезеңінде көтеріледі. Оған көкөніс (картоп, сәбіз, пияз, қызылша, қырыққабат) бағасының одан әрі өсуіне әсер ететін бірқатар факторлар себепші. Атап айтқанда, көлік шығындарының көбеюі, биылғы жаздағы құрғақшылық, жалдау ақысының өсуі, тағы басқалары бар. Нақты шаралар қабылданбаған жағдайда бағалар бұдан былай да көтерілуі ықтимал, - деді халық қалаулысы.
Сарапшылардың пайымдауынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен жергілікті атқарушы билік орындары іске асырып жатқан шекті мәндер мен рұқсат етілген бөлшек сауда бағаларын белгілеу, азық-түлік жәрмеңкелерін ұйымдастыру, сауда желілерін несиелеу сияқты шаралар аймақтарда инфляцияны төмен деңгейде ұстап тұруға ықпалын тигізе алмайды. Сонымен қатар, сарапшылар жекелеген өңірлерде тұрақтандыру қорларын қалыптастыру шеңберінде жоспарланған жұмыстардың тиісті деңгейде емес екенін ашық айтады.
Кейбір аймақтарда азық-түлік тауарларының қолда бар қорлармен қамтамасыз етілуі бір аптаға дейінгі уақытқа ғана жететіні белгілі болып отыр. Мәселен, қыркүйек айында Ақтөбе және Жамбыл облыстарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірнеше түрінің (ұн, күріш) ғана қоры қалған. Ал, кейбір облыстардағы тұрақтандыру қорларында азық-түлік тауарларының қоры мүлдем сақталмаған екен.
Тұрақтандыру қорларындағы осыған дейін сатып алынған азық-түліктің көлемі алдағы кезеңге жеткіліксіз. Бұл жағдай азық-түлік тауарларының қымбаттауына себепші. Бүгінде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері картоп пен сәбізді 70-80 және 110 теңге бағамен сатады. Ал, базарлардағы баға 155 және 205 теңгеге дейін өсіп кеткен.
Азық-түліктің құны – қай кезде де маңызы мен мәнін жоймайтын әлеуметтік өзекті мәселе. Алайда, бағаға бұғалық салу оңай болмай тұр.
Осы орайда біз Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаевтан сұхбат алған едік...
– Облыста Үкімет қаулысымен бекітілген 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру – ерекше назарда. Осы бағытта республика көлемінде б е к і т і л г е н « Ж о л к а р т а с ы н а » с ә й к е с , б і р қ а т а р ж ұ м ы с т а р ұйымдастырылуда. Апта сайын осы азық-түлік тауарларына мониторингі жүргізіліп отыр. Тауарлардың көтерме саудада сатылатын шекті мәндері арнайы әдістеме бойынша есептеліп, жыл сайын Сауда және интеграция министрлігімен келісіліп, бекітіледі. Бұл шекті мәндер әр тоқсан сайын өзгеріп отырады. Егер де сатылып жатқан азық-түлік бағасы осы шекті мәнде көрсетілген бағадан 15 пайыздан жоғары асып кететін болса, онда арнайы комиссия шешіміне сәйкес, облыс әкімдігінің қаулысымен 90 күнге дейінгі мерзімде қолданылатын шекті баға белгіленеді.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандырудың бірден-бір тетігі – тұрақтандыру қорына жеткілікті мөлшерде қаржы бөліп, олардың қолжетімді бағада сатылуын ұйымдастыру болып табылады. Бұл механизм осыған дейін де қолданысқа енгізілген. Мәселен, өткен жылы облыстық тұрақтандыру қорына 605,6 тонна өнім сатып алынды. Оның 361 тоннасы картоп, 277 тоннасы пияз, 149 тоннасы сәбіз және 179 тоннасы қырыққабат өнімдері. Олар Атырау қаласындағы «Дина», «Насиха», «Көктем» және «Сарайшық» базарларындағы тұрақтандыру қорына қарасты сауда нүктелерінде төмендетілген бағамен сатылды.
Бағаны тұрақтандырудың тағы бір тиімді тетігі – «Айналым схемасы» арқылы жұмыс жасау. Бұл дегеніңіз – жоғарыда аталған 19 түрлі тауардың ішінен белгілі бір азық-түлік түрінің бағасын арнайы бекітілген бағада ұстай отырып, саттыққа шығару. Осы схема арқылы былтырғы мамыр айынан бастап теңгерімінде 40-қа жуық сауда нүктесі бар «ИдеалМаркет» сауда желісі 400 млн. теңге көлемінде заем алып, 14 түрлі азық-түлік тауарын қолжетімді бағада ұстап сатуда. Картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат сияқты көкөніс өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында облыстағы «АгроФеликс» шаруа қожалығына да 200 млн. теңге заем беріліп, Атырау қаласындағы тұрақтандыру қорының сауда нүктелерінде осы жылдың 10 тамызынан бастап нарық бағасынан арзан бәспен сатылып келеді.
Сондай-ақ, бірінші сұрыпты нан бағасын тұрақтандыру бағытында Атырау қаласындағы 12 наубайханаға облыстық тұрақтандыру қорынан төмен бағамен ұн сатып алуға 155 млн. теңге көлемінде заем берілді. Биыл бірінші сұрыпты ұннан нан өнімдерін дайындайтын «Дәулет-нан» кәсіпорнына 16 мың тонна бидай сатып алынып берілді. Ол республикалық «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» акционерлік қоғамы мен Атырау облысы әкімдігі арасында жасақталған меморандумға сәйкес жүзеге асты. Соның нәтижесінде, бірінші сұрыпты ұннан пісірілген нан бағасын бір деңгейде ұстап тұруға қол жеткізілді.
Дегенмен, өңірлік тұрақтандыру қорының жұмысын жүйелі жолға қоюда біраз қиындықтар бар. Атап айтқанда, қорға алдын-ала келісіліп, тауарларды сатып алуға қажетті қаражатты алдын-ала, форвардтық әдіспен аудару мүмкіндігі шектеулі, кедергісі көп болып тұр. Ол негізінен «Мемлекеттік сатып алу туралы» жүзеге асырылатын шаруа болғандықтан, келісімдерді рәсімдеу барысында заңнама талаптары мен ережелеріне сәйкес келмейтін тұстар кездеседі. Сол себепті де, келісім мерзімін кейінге ығыстыруға тура келіп жатады.
Маңызды мәселенің бірі – өңірлік тұрақтандыру қорына сатып алынған өнімдерді күзгі-қысқы кезеңдерде сақтау. Бұл үшін жыл бойы көкөніс сақтау қоймалары жұмыс жасап, сонда сақталуы шарт. Қазіргі уақытта облыста ірілі –ұсақты жалпы сыйымдылығы 37 мың тоннаны құрайтын 24 көкөніс сақтау қоймасы бар. Бүгінгі таңда өңірлік тұрақтандыру қорына күзгі-қысқы маусымға қажетті, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, құс еті, күнбағыс майы және т.б қамтылған. Сөйтіп, жалпы көлемі 3000 тоннадан астам тауар сатып алу жоспарланған, - деді ол бізбен әңгімесінде.