Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласындағы Серебряков орта мектебінің әкімшілігі мектептің 75 педагогынан бюджеттен артық төленген 42 млн теңге көлеміндегі жалақыны өндіріп алу туралы сотқа талап қою жолдаған, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.
Талап қоюда мемлекеттік аудиттің қорытындысы негізге алынған. Тергеу органымен мектептің бас бухгалтеріне қатысты қылмыстық іс қозғалып, Орал қалалық сотының шешімімен ол кінәлі деп танылып, жаза тағайындалған.
Жоғарғы соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, қылмыстық іс аясында мектепке жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижесінде 2021-2022 жылдары 75 педагогқа жалақы бойынша 42 млн теңге көлемінде артық төлемдер негізсіз аударылғаны, сөйтіп, қаржылық құқық бұзушылық анықталып, дебиторлық қарыз есептелген. Алайда, сотта мектеп әкімшілігінің өкілдері педагогтардың қандай да бір құқыққа қарсы әрекеттер жасағанын, соның салдарынан оларға артық қаражат аударылғанын дәлелдейтін дәлелдемелерді ұсына алмаған. Осыған байланысты №2 Орал қалалық соты мектептің талап қоюын қанағаттандырусыз қалдырды.
Сот жұмысқа немқұрайлы қарау немесе бухгалтерлік қателік болмаған жағдайда еңбек және азаматтық заңнамада көрсетілгендей, артық төленген соманы қайтаруға негіз жоқ екенін атап көрсетті. Апелляция мектеп өкілінің шағымын қанағаттандырмай, сот шешімін өзгеріссіз қалдырды.
Фото: иллюстратив