Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Шардара және Сарыағаш аудандарының білім бөлімдерінің бухгалтерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Олар бюджет қаражатын аса ірі көлемде жүйелі негізде жымқырды деп күдіктелуде.
Қазіргі уақытта Түркістан облысының білім беру саласынан 17 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылуда, олардың 4-і қамауға алынды.
Залалды өтеу мақсатында 39 жылжымайтын мүлік, 44 автомашина, зергерлік бұйымдар және қылмыстық істер бойынша айыпталушылардың ақшалай қаражаттары бұғатталды.
Сонымен қатар, тергеу барысында Түркістан облысының Тексеру комиссиясының мемлекеттік аудиторы әшкереленді, ол Сарыағаш ауданындағы мектептердің бірінде аудит барысында анықталған жымқыру фактілерін пайдакүнемдік ниетпен жасырған.
Сондай-ақ, Жетісу облысында ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында 2,5 жыл ішінде 4,4 млрд теңге жымқырған қалалық білім бөлімінің қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Қылмыстық топқа басшы мен оның қарамағындағылар, сондай-ақ орта мектеп бухгалтері кірді. Барлығы 13 адам.