Сандарды «сөйлетсек», 2022 жылы өңірде туризмді дамытуға мемлекеттен 60 миллион теңге қаржы бөлінген. Биыл да бұл сома ұлғаюы әбден мүмкін. Айтпақшы, өзінің туристік нысанына дәретхана салған кәсіпкерге мемлекет ай сайын 83 мың теңге төлеп отыр. Сондай-ақ, әр салынған туристік және жол бойындағы қызмет көрсету нысанын салуға жұмсалған шығынның 10 пайызын мемлекет көтереді. Сол сияқты, туристер тасымалдау үшін алынған автобус құнының 25 пайызын да Үкімет өтейді.
Бүгінде туристік нысандардың бірі – Сарайшық кешені қазір әкімдіктің теңгерімінен алынып, Мәдениет және спорт министрлігіне берілген. Президент те аймаққа сапарында аталған кешеннің тұжырымдамасы мен даму жоспарын жасауды тапсырды. Бұл – кезек күттірмейтін мәселе. Себебі, археологиялық қазба орындары жаңбыр мен Жайықтың суына жұтылып жатыр. Ертең ұрпағымызға көрсетер ештеңе қалмауы да мүмкін. Жергілікті туроператорлардың бірі Гүлжан Елешова да бұған қатты алаңдаушылық білдіреді. Ол – 2019 жылы жарық көрген «Қасиетті Қазақстан» атты энциклопедиялық кітаптың екінші томын орыс тілінде дайындаған журналист.
– Ортағасырлық қаланың орнын ертең су шайып кету қаупі төніп тұр. Қазірдің өзінде Сарайшықтың 80 пайызы жоқ деуге болады. Сондықтан, оның үстін жабу мәселесін қолға алу керек. Мен төрт жылдан бері туризм саласында жұмыстанып келемін. Сондағы түйгенім, біздің өңірге бұл бағытта қаражат өте аз бөлінеді. Атырау десе, Исатай мен Махамбеттің аттары ауызға түседі емес пе? Ал, сол Махамбеттің мәңгілік мекені Қаройға апарар жолдың болмағаны өзекті өртейді. Ауыз толтырып айтар керемет кесене салынған екен, ендеше, соған жеткізер жол неге жоқ? – деп ашынады Гүлжан Мырзагерейққызы.
Иә, азаттық үшін арпалысқан Махамбеттің ерлігін туристерге тек орталық алаңда ғана айтудан басқа амал жоқ. Өйткені, оның кесенесін көру үшін жол азабын тартуға тура келеді. Екіншіден, туристер тек тарихи немесе табиғи нысанды көріп кету үшін ғана келмейді ғой. Біреулер бірнеше күнге тұрақтап, рухани ләззат пен шығармашылық шабыт алғысы келеді. Тағы бірі табиғат аясында тыныстап, демалуды қалайды. Бұл үшін ешқандай жағдай жасалмаған. Осыдан кейін «мұнайлы астана» деп ұрандаудың өзі ұят сияқты.
...Әдетте, туроператорларға «неше турист әкеле аласыздар?» деген сұрақ қойылып жатады. Егер неғұрлым көбірек болса, соғұрлым жағдай жасалмақшы ғой. Бірақ, бүгінде жоқтан бар жасап отырған қазіргі сала жанашырларының еңбегі көзсіз ерлікпен тең емес пе? Ендеше, қанша туристің тартылуы маңызды емес. Керісінше, Атырауды көруге алыстан аптығып жеткен бір жан болса, соған бар жағдайды жасаған жөн секілді. Себебі, ол бұл жерде көргенін ертең еліне айтып барады. Сөйтіп, жанына жолдастарын ертіп, қайтып оралады. Демек, бұл жерде стартегиялық ойлау да аса маңызды. Уақыттың өзі бізге бүгінгі күнмен ғана өмір сүруге болмайтынын, болашаққа да бет бұру қажеттігін көрсетіп отыр.
Сәуле ШАЙХИЕВА, Атырау қаласының тұрғыны:
– Меніңше, туризмді дамытуға материалдық жағдайы жақсы жергілікті азаматтар да атсалысуы керек. Атыраудан түлеп ұшып, қазір мол табыс пен зор пайдаға кенеліп отырған жандар көп қой. Солар елге тағзым ретінде неге қол ұштарын бермейді? Біреулер үй мен көлік алудан жарысып жатады ғой, неліктен туған жерді түлетуге тырыспайды? Яғни, бұл мәселеге жанашырлық және ұлтжандылық тұрғыдан қарау қажет. Әйтпесе, жабулы қазан жабулы күйінде қала бермек.