RSS лента

Журналистика студенттерінің республикалық олимпиадасы онлайн өтті

  • 23.04.2021, 17:22,
  • 711
  • 0
  • Автор:
Автор фото: Атырау университеті

Алғаш рет «Журналистика және ақпарат даярлау» бағыты бойынша білім алып жатқан студенттер арасында республикалық олимпиада онлайн болып өтті, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Әлемді әбігерге салған коронавирус пандемиясына орай, білім бәйгесі өз тарихында тұңғыш рет онлайн форматта ұйымдастырылды.

 

ХІІІ олимпиадада – 13 команда


– Журналистика мамандығын меңгеріп жатқан студенттердің білімін арттырып, шығармашылығын шыңдау үшін күнделікті дәріс пен тәжірибелік сынақтар аздық етері сөзсіз. Осы орайда, олимпиадалық жарыстың орны бөлек. Өткен жолы біздің Атырау университеті аталған сайыста жеңіске жеткен еді. Ал, дәстүр бойынша жеңімпаз команда олимпиаданы өз өңірінде өткізу құрметіне ие болады. Міне, осындай мол мүмкіндік бізге де беріліп отыр. Ендеше, екі күнге созылатын тартысты дода жоғары деңгейде өтеді деп сенім білдіремін. Жеңістен үміттеніп отырған барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деген «Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы-ректор Саламат Идрисов олимпиаданы ресми түрде ашық деп жариялады.


Осылайша, осымен 13-ші рет өткізілген олимпиадаға еліміздегі 13 жоғары оқу орнынан 13 команда қатысты. Әр топтан үш студент, барлығы 39 үміткер бақтарын сынады. Олар күнделікті сабақ барысында алып жүрген білімдерін сарапқа салды.

 

Онлайн өткізу оңай емес!


Жалпы, «Журналистика» кафедрасының меңгерушісі Мәншүк Мұқашеваның айтуынша, онлайн түрде жарыс ұйымдастырмақ түгілі, қарапайым сабақ өткізудің өзі оңай емес. Осы қиындықтарды елімізде бірінші болып ұстаздар қауымы бастан өткерді. Соған қарамастан, олар білім сапасын да, басқасын да төмендетіп алған жоқ. Демек, осы бағытта әлі де жұмыстана беру керек. Себебі, пандемияның қашан аяқталатыны әзірге белгісіз.


Білім бәйгесіне жергілікті журналистерден құралған қазылар алқасы төрелік етті. Олардың құрамында – комиссия төрағасы, «Сарайшық» журналының Бас редакторы Исатай Балмағамбетов, комиссия төрағасының орынбасары, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Жолдасбек Шөпеғұл, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының Атырау облыстық филиалының төрайымы Алма Қалусариева, «Сарайшық» журналының Бас редакторының орынбасары Гүлзада Ниетқалиева, Журналистика кафедрасының аға оқытушысы Жәнібек Қалым, «Depti.kz» сайтының редакторы Амандық Абдол және «Қазақстан» ұлттық телеарнасының меншікті тілшісі Жандос Темірғали бар.  


Сайыс төрт кезеңнен тұрады. Соның әрқайсысында, биылғы ережеге сәйкес, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қатысты ойлар көрініс табуы тиіс. Сонымен, алғашқы «Таныстырылым» кезеңінде командалар арнайы дайындаған бейнероликтерін ұсынды.

 

Эссе жазудан жарысты


Екінші кезеңде үміткерлер эссе жазудан жарысты. Олимпиада өтетін күні олар тақырып таңдады. Бұл орайда, талапқа сәйкес, 700 сөзден кем емес және антиплагиаттық тексерістен өткен жұмыстар ғана қабылданды. Сөйтіп, 39 студенттің әрқайсысы өткір ойы мен ұшқыр қиялын қағаз бетіне түсірді. Әрине, жас талапкердің талантын қалыптасып қалған журналистің қарым-қабілетімен салыстыруға болмайды. Бірақ, болашақта осы саланың тізгінін ұстағысы келетін жан осы кезден дайындалуы керек. Жюри құрамында болған журналист, ақын Гүлзада Ниетқалиеваның ойы осыған саяды.


– Қазір қандай шығармашылық байқау өтсе де, эссе жазудан жарыстырып қояды. Бұл қалыптан шығу керек деп ойлаймын. Әсіресе, журналистика мамандығының студенттері эссенің орнына сараптамалық материал, ал, бұл қиын болса, шағын журналистік зерделеу дайындағаны дұрыс. Өйткені, эссе автордың ішкі ой-толғанысынан туады. Соған сай көркемдік жазу деңгейі де жоғары болуы тиіс. Ал, біз оны бүгін ең жеңіл жанрға айналдырып алдық.


Екіншіден, эсседен журналистің шеберлігі толық көрінбейді. Өйткені, журналист мақаланы көркем тілмен жазып қана қоймай, халықтың мұң-мұқтажын да жеткізе білуі керек. Сондықтан менің ұсынысымды олимпиада ережесіне кірістірсе, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді Гүлзада Рахметқызы.

 

Биылғы бәйгенің жаңалығы


Келесі күні болашақ журналистер тест сынағына қатысып, нақты білім деңгейін көрсетті. Оның қорытындысы автоматты түрде көрсетіліп отырды.


Соңғы кезең«газет шығару ісі» білім бәйгесінің тарихында тұңғыш рет пайда болып отыр. Қазылар назарына ұсынылатын газет үлгісі төрт беттен кем болмауы керек. Олимпиаданың биылғы ұйымдастырушылары осындай ұйғарымға келіпті. Өйткені, бүгінде газет-журналдар үшін электронды басылымдармен, әсіресе, әлеуметтік желімен бәсекеге түсу оңай емес. Мұны мойындау керек. Әйтсе де, «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Ана тілі» секілді басқа да белгілі газеттер заман талабына сай жаңа айдарлар ашып, әлі де болса өз оқырмандарын қызықтырып келеді. Ендеше, болашағын журналистикамен байланыстырғысы келетін жастар газет шығару үрдісіне қазірден машықтана бергені жөн-ақ.

 

Қазылар алқасының пікірінше, жалпылай алғанда, журналист боламын деген жастардың бағыты жаман емес. Әсіресе, Қызылорда университетінің студенттері дайындаған «Сыр түлегі» газеті көңілден шықты. Атап айтқанда, газеттің төрт беті де талапқа сай құрылған. Әр мақала арнайы  айдарларға топтастырылған. Түрлі тақырыптағы түйткілді мәселелер орынды көтерілген. Ақпараттардың берілу тәсілі мен жазылу стилі де көңілге қонымды.


Ал, С.Демирел атындағы университет студенттерінің «Сөйле» газеті электронды түрде шығады деп топшыланған. Онда әр мақаланың негізгі және нақты бөлігі ғана берілген. Астында арнайы QR-код көрсетілген. Егер сол кодқа ұялы телефон камерасын жақындатса, әлгі мақаланың толық нұсқасымен танысуға болады. Ғажап па, ғажап! Мұны заманауи газет шығарудағы соны жаңалық деуге де болады. Тіпті, қазіргі газет редакторларының құлағына алтын сырға, бұл – ғаламторға «шырмалып» қалған оқырманды газетке қайтарудың оңтайлы жолы.


Сонымен бірге, байқауға қатысушылардың жіберген аз-кем кемшіліктерін де атамай кетуге болмас. Мәселен, кейбір командалар жанр жағын мүлде ескермеген. Шамасы, газет тек ағымдағы ақпаратпен немесе сұхбатпен шығады деп ойласа керек. Студенттерді былай қойғанда, қызметтегі тілшілердің өзі де алысқа ұзап жатқан жоқ (Сондықтан қазылар бұл олқылыққа да кешіріммен қарады. Авт.). Кешегі «фельетон», «фотоайғақ», «хат ізімен» секілді айтулы айдарлармен жарық көріп келген мақалалар бүгінде жоқтың қасы. Тіпті, журналистикада «жауынгерлік жанр» саналатын «репортаждың» өзі қазір газетте сирек кездеседі. Әрине, жаңа заман ағымынан қалмау қажет дейміз. Бірақ, дәстүрлі журналистикадан да алатын жақсы жақтары жетерлік, оны да ескеру керек.  

 

Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар...


Қорыта келгенде, олимпиада Кубогін, яғни, Бас жүлдені Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің командасы жеңіп алды! Расымен де, түркістандық студенттер бұл жүлдеге әбден лайық. Қазылар алқасының барлық мүшесі де бірауыздан осы пікірді ұстанды.


– Онлайн сайыс оңай болған жоқ. Бұл бір жағынан біз үшін шеберлігімізді шыңдап, теңдессіз тәжірибе жинауға мол мүмкіндік берген сияқты. Әйтеуір, бар білім-білігімізді ортаға салдық. Нәтижесінде, түркі ғылымының киелі қарашаңырағы атанған білім ордасының аты аспандап, абыройы асқақтады. Осылайша, олимпиаданы өткізу эстафетасын қуанышпен қабыл алдық, – дейді түркістандық команда капитаны Сәндуғаш Бектұрова бізбен әңгімесінде.


Ал, одан кейінгі екінші орынға Алматы қаласындағы Тұран және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеттерінің командалары табан тіреді. Аталған білім ордаларында оқитын студенттердің «таныстырылым» кезеңіне дайындаған бейнероликтері өте сәтті шықты. Ережеге сай үш минутқа сыйғызылып, тіс қаққан тележурналистердің бейнесюжеттерінен артық болмаса, кем түспеді.

Соңғы үшінші орынды үш команда өзара бөлісті. Олар – С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан, Сулейман Демирел және С.Торайғыров атындағы университет студенттері.

 

Енді Түркістанда өтеді


– Байқауға белсене қатысқан студенттердің жұмыстарын саралай отырып, журналистиканың жаңа толқыны өсіп келе жатқанын көріп отырмыз. Бұл өте құптарлық және қуанарлық жайт. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарын анықтау қашан да оңайға соқпасы анық.  Әйтсе де, барлық 13 команданың ішінен біз алтауын үздік деп таптық. Ал, қалған студенттердің киелі мамандыққа деген сүйіспеншілік сәулесін сөндіріп алмас үшін арнайы аталымдар ойлап таптық. Осылайша, «үздік эссе», «үздік басылым», «үздік бейнеролик», «үздік фототілші», «үздік дизайнер», «үздік блогер» сынды номинациялар өз жеңімпаздарын тапты, – дейді қазылар алқасының төрағасы Исатай Құндызбайұлы.


Сайыстың қорытынды бөлімін Атырау университетінің ғылым және халықаралық қатынастар жөніндегі проректоры Дидар Батрышев жүргізді. Өз кезегінде ол байқауға белсене атсалысқан студенттер мен олардың жетекшілеріне зор ризашылығын білдірді.


– Жарыс онлайн форматқа қарамастан өте қызықты әрі тартысты өтті деп есептеймін. Әр команданың тыңғылықты дайындығы боямасыз байқалып тұр. Ең бастысы, сайыс әділ өтті. Өйткені, әр үмтікердің жұмысын журналистиканың нағыз майталман мамандары бүгі-шүгесіне дейін қарап шықты. Әрине, әр команда жеңіске лайықты. Бірақ, байқау болған соң, оның жеңімпазы да біреу болады. Ендеше, бірінші орынға әбден лайық деп танылған түркістандық студенттерді шын жүректен құттықтаймыз. Баршамыз келесі олимпиада өтетін Түркістанда аман-есен қауышайық! – деді Дидар Ғалымұлы.


Соңында екі күн бойы үміткерлердің жұмыстарын жіті тексеріп, сүзгіден өткізген қазыларға Алғыс хат пен сый-сыяпат табысталды.

 


Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости