RSS лента

Қазақстандық ұстаз халықаралық жоба жеңімпазы атанды!

  • 21.04.2021, 03:58,
  • 662
  • 0
  • Автор:
Автор фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Медиасауаттылықты дамыту бойынша халықаралық жобалар байқауында Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің журналистика кафедрасының меңгерушісі Мəншүк МҰҚАШЕВА жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Ол белгілі украиналық ментор және тренер Сергей Штурхецкий мен өзбекстандық ментор, тренер Саида Сулаймановалар қол қойған сертификатқа ие болды.

 

Тарқатып айтар болсақ, «Медиасауаттылық онлайн: креатив аттракционы!» тақырыбында «Эдьютон 2021 MediaCAMP» инновациялық-әдістемелік семинары ұйымдастырылған болатын. Оны Марат Биғалиев бастаған Орталық Азиядағы Internews өкілдігі өткізді. Оған Халықаралық даму бойынша АҚШ Агенттігі (USAID) қолдау көрсетті.

 

– Бұл байқауда жеңіске қол жеткізу оңайға тиген жоқ. Халықаралық конкурс болған соң, әр мемлекет өзінің ең мықты деген жобаларын ұсынды. Олардың әрқайсысына Америка мен Украинадан келген өкілдер терең талдау жүргізді. Әйтсе де, біздің жоба жүзден жүйрік деп танылды! Енді сол жобаны жергілікті жерде жүзеге асыру міндеті тұр.

 

Жобаның мақсаты – мектеп мұғалімдерін медиасауаттылыққа үйрету. Өйткені, жұқпалы дерт жер жүзін жайлаған сын сәтте осы оқытушылардың күнделікті қызметі күрт өзгерген болатын. Олар жаңа технологиялық құралдар, оның ішінде заманауи компьютер мен смартфон арқылы онлайн форматта сабақ жүргізуге дайын бола қойған жоқ. Сайып келгенде, мұның барлығы ұстаздар қауымының медиашеберлігін шыңдау керектігін ұғындырғандай болды. Міне, сондықтан, біздің жобамыз өз жемісін береді деп сенім білдіреміз, – дейді отыз жылдан бері журналистика саласына мықты мамандар даярлап келе жатқан Мәншүк Мұқашева.

 

Айта кетейік, бүгінде Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті – талапты жастардың түйіскен ордасы. Сондықтан, ұлағатты ұстаздар қауымы тек шəкірттердің білім-білігін ғана шыңдап қоймай, түрлі тілдерді еркін меңгерген, туған жердің тау-тасы мен сай-саласын, əдет-ғұрпы мен салт-санасын жүрегімен жақсы көретін, ұйымшыл ұлт пен ұлысты ұлықтай білетін жаңа заман жастарын тəрбиелеуге ұмтылады.

 

Осындай батыл бастамалардың басы-қасында жоғарыда аталған жоба жеңімпазы да жүр. Ендеше, атыраулық білім ордасы тарихындағы толағай табыстар мен жарқын жеңістер жарасымды жалғасын таба бергей демекпіз.


 

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости