Ғалымдардың бір тобы алдағы бірнеше жылда Жер өздігінен жойылады деп болжаған екен. Бұл ғалымдардың кім екенін және олардың тұжырымдарына қаншалықты сенуге болатынын анықтайық.
Біздің планетамыз жақын арада өмір сүруін тоқтатып, барлық тіршілік иелері жойылады деген жаңалық ресейлік БАҚ-та 2023 жылдың тамызында шықты. Хабарламаларда «америкалық ғалымдар тобы» «Жер ядросының ерекше ығысуы мен тұрақсыздығын, планетаның айналуының кездейсоқ және ретсіз үдеуін, оның айналу осінің ығысқанын» анықтаған делінген.
Бұл ретте олар жарияланымдарда Earth Save Science Collaborative порталына және «Гарвард университетінің зерттеушісі» Аллен Эгон Чолакянға сүйенеді.
Желіден қарағанда Чолокянның Earth Save Science Collaborative ұйымының басшысы екені анықталды. Оның басқа мүшелері бар ма, егер бар болса, олардың кім екендігі белгісіз.
Эгон Чолокян туралы өзі әлеуметтік желілерде жазғанынан басқа мәлімет жоқ.
LinkedIn және Facebook парақшаларында ол 24 оқу орнында білім алғанын, әртүрлі елдерде тұрғанын және әр жылдары энергетика, медицина және физика пәндерін оқығанын жазған. Сондай-ақ АҚШ Конгресінде, Ақ үйде, Гарвард университетінде, НАСА-да және басқа мекемелерде жұмыс істеген.
Алайда, әлеуметтік желілердегі және Earth Save Science Collaborative сайтындағы ақпараттан басқа Эгон Чолокян туралы өзге мәлімет жоқ. БАҚ-та сұхбаттары, ғылыми порталдарда жазған мақалалары шықпаған.
Чолокян 2023 жылдың 13 тамызында YouTube-те жарияланған видеосында алдағы жылдары Жер жойылады деп болжам жасаған. Бұл ретте оның Жердің тез айнала бастағанын, осінен ығысқанын, дүниежүзілік мұхиттың жылу өткізу қабілетін жоғалтқанын қалай анықтағаны түсініксіз. Яғни, бұл мәлімдемелер ақылға қонымсыз.
Оның үстіне, Жердің айналу осі мезгіл-мезгіл өзгеріп отырады, онда тұрған ештеңе жоқ. Орбита жазықтығына перпендикуляр сызыққа қатысты Жердің айналу осінің көлбеуі 22,1 және 24,5 градус мәндер арасында ауытқиды. Мұндай ауытқулар қалыпты жағдай болып саналады және бұл ақыр заманның болатынының белгісі емес.
Жердің айналу жылдамдығы да тұрақсыз. Ол миллисекундтарға артып, баяулауы мүмкін, бұл алаңдайтын жағдай емес. Мұндай ауытқулар мезгіл-мезгіл болып тұрады, ол көптеген факторларға байланысты және Жердегі тіршілікке ешқандай қауіп төндірмейді.
Чолокян байқаған дүниежүзілік мұхиттың жылу өткізгіштігінің жоғалуы және жер ядросының тұрақсыздануы сияқты өзгерістерді басқа ғалымдар растамайды.
Демек, алдағы бірнеше жыда Жер өздігінен жойылады дегенге сенуге негіз жоқ. Бұл туралы айтқан адам ешқандай дәлел келтірмейді, ал әлемдік ғылыми қауымдастық мұндай мәлімдеме жасамаған.