Ел президенті Эммануэль Макрон бұл реформасыз ел экономикасы құрдымға кететінін түсіндіргенімен, наразылықтар толастамады. Наразы халық қоқыстарды өртеп, полиция қызметкерлеріне тас лақтырды. Өз кезегінде тәртіп сақшылары су ағындары мен көзден жас ағызатын газ гранаталарын қолданды.
Франция премьер-министрі Элизабет Борн Парламентте сөйлеген сөзінде «Біз зейнетақы жүйесінің болашағы жайында бәс тіге алмаймыз, бұл реформа қажет», - деді.
Резонанстық реформаға сәйкес, Францияда зейнетке шығу жасы 62-ден 64 жасқа дейін ұлғаю керек. Бұл заң Макрон үшін маңызды. Өткен жылғы сайлау науқанындағы бағдарламасы ел экономикасын әлемдік аренада бәсекеге қабілетті ету туралы уәдеге негізделген еді.
Сайлауда айтарлықтай айырмашылықсыз жеңіске жеткен Макрон партиясы Парламентте көпшілік дауысқа ие болмады. Бүгінде Макронның елдегі беделі күн санап төмендеуде. Соңғы екі айда Францияда мемлекеттік қызметкерлер, көлік қызметкерлері, мұнайшылар, мұғалімдер мен порт қызметкерлері ереуілге шықты. Ең ауқымды жаппай наразылық 7 наурыз күні Францияның бірнеше қаласында 1,3 миллионға жуық адам шыққан кезде өтті.
Зейнет жасына қатысты заң жобасын сынға алғандар оның әлеуметтік тұрғыда әділетсіз екенін атап өтіп, жоғары білім жоқ мамандық өкілдері оқуға мүмкіндігі бар адамдарға қарағанда әлдеқайда ұзағырақ жұмыс істеуге мәжбүр екенін атап өтті.
Бұл орайда кәсіподақтар мен оппозициялық партия өкілдері зейнет жасын көтерудің орнына корпорациялардың пайдасына жоғары салық орнату арқылы зейнетақы тапшылығын өтеуді ұсынып отыр.