Дымқыл бетперде қауіпті ме?
Әлеуметтік желілерде жаңбыр жауып тұрған кезде медициналық бетперде тағу қауіпті деген хабарлама тарап жатыр. Оған Букингем университетінің профессоры және онкология саласының маманыКэрол Сикораның тұжырымы себепші болыпты. Ғалым расында бұл тақырыпты қозғаған. Бірақ ол бетперде тағудың қаупі туралы емес, бетпердені дұрыс пайдалану жолдары жайлы айтқан екен. Оның пікірінше, дымқыл маскалар өзінің тиімділігін жоғалтады, себебі су қалыпты ауа ағынына кедергі жасайды.– Бетперде дымқылданып кетсе, оны жиі ауыстырып отыру керек. Бұл оның қымбат түрлеріне де қатысты, -дейді Кэрол.
Көк шайдың пайдасы
Суонси университетінің ғалымдары Үндістандағы эпидемиологиялық жағдайға алаңдап, коронавирус кезінде көк шайдың адам ағзасына қалай әсер ететінін зерттеуді ұйғарған. Осылайша үндістандық дәрігер Суреш Моханкумар әріптестерінің қолдауымен ежелгі табиғи шайдың коронавирустық инфекциямен ауыратын науқасқа әсерін анықтау үшін терең зерттеу жұмысын жүргізеді. – Біз жасанды интеллект – компьютерлік бағдарламаны қолдана отырып, коронавирусқа қарсы белсенді бола-тын басқа да табиғи қосылыстардың ба-засын қарастырып, сұрыптадық. Осы қорытындылар көк шайдағы қосылыстардың бірі коронавируспен күресе алатынын көрсетті, - деді Моханкумар. Компьютерлік модель бойынша ең белсенді қосылыс – галлокатехин екеніндігі анықталды. Ол көк шайдың құрамында болады екен.
Балалар екпе алуда
Израильде жасы 12-ден асқан балаларға екпе салу жұмыстары басталып кетті. Бұған дейін мұнда 16-ға толған жеткіншектер вакцина қабылдаған болатын. Израиль – әлемде вакциналау бойынша жақсы нәтижеге қол жеткізген елдердің бірі. Мұнда екпенің қажетті екі дозасын халықтың жартысынан астамы, дәлірек айтсақ, 55%-ы алып үлгерген. Сондықтан елде шектеу шаралары алынып, вирус жұқтыру деректері айтарлықтай азайып отыр.
Жаппай вакцинациялау жүріп жатыр
Қытайда жасы 3-тен асқан кішкене балаларға дертке қарсы екпе қабылдауға рұқсат етілді. Негізі көрші мемлекет салынған вакцина саны бойын-ша әлемде бірінші орында тұр. Бүгінде мұндағы көрсеткіш 800 миллионға таяп қалды. Билік жыл соңына дейін халықтың 80%-ын екпемен қамтамасыз етуді жоспарлаған. Осылайша, Қытай «Sinovac» фирмасының COVID-19 вирусына қарсы шығарған «CoronaVac» вак-цинасын 3-17 жас аралығындағы балаларға қолдануға рұқсат берді. Бұл туралы «Sinovac» фирмасының төрағасы Инь Вэйдун мәлім етті. «Sinovac» 3-17 жас аралығындағы балаларға клиникалық сынақтардың І және ІІ кезеңін аяқтаған. Сынаққа жүздеген ерікті қатысыпты. Оның қорытындысы вакцинаның қауіпсіз әрі тиімді екенін көрсетіп отыр.
Індеттен құтылудың амалы
Түркия Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елде қолданылған вакцинаның жал-пы саны 30 284 601-ге жеткен. Вакцинаның бірінші дозасын Түркияның 17 млн. 325 мың 530 тұрғыны, ал екінші дозасын 12 млн. 959 мың 71 адам алды. Түркияның ең ірі қаласы – Ыстамбұлда вакцинаның жалпы алғанда 5 000 008 дозасы қолданылған. Анкарада вакцинаның 2 540 057 дозасы егіліп отыр.