– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы республикалық ақпараттық насихат тобының мүшесі, Нұр-Мүбарак мешітінің ұстазы, елімізге белгілі исламтанушы Нұрсұлтан Рысмағанбет өңірімізге бір күндік іс-сапармен келген еді. Ол Атырау қаласындағы бірнеше мешітте жамағатпен кездесіп, қоғамға пайдалы болу, білім алу, іздену, Пайғамбар (с.ғ.с) өмірінен өнеге тақырыптарында насихат айтып, жамағат тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. «Иманғали» мешітінде жамағатпен кездесуде ол «Қоғамға пайдалы болу» тақырыбында насихат айтты.
Ал, осындай белгілі ұстаздың Атырауға келгеніне қуанған жергілікті жамағат қуаныштарын жасыра алмай, Алланы ұлықтап, тәкбір айтты. Мұны біреулер әлеуметтік желіде басқаша жеткізіп жатыр. Бұл түсініспеушіліктен туындаған мәселе деп ойлаймын. Шын мәнінде «Аллаһу әкбар!», яғни, «Алла ұлы!» деп жаратқанның есімін ұлықтау бұған дейін де бар нәрсе. Балаға азан шақырып ат қойғанда да, үлкендер бата бергенде де соны айтады. Бұдан қорқудың немесе саясиландырудың қажеті жоқ. Мәселен, қуаныш немесе мақтаныш сезімін біреулер қол шапалақтап білдіріп жатса, атыраулық жамағат Алланы мадақтау арқылы білдірді, – дейді А.Ұтысханұлы.
Айта кетейік, исламтанушы ғалым, ұстаз Нұрсұлтан Рысмағанбет Атырау қаласындағы «Ихсан» , «Ықылас» мешіттерінде жамағаттармен кездесті. Ал, қала маңындағы Дамбы ауылында орналасқан «Бақтыгерей молла» мешітінде шәкірттермен жүздесіп, насихат айтты. Ұстаздың Атырау облысына бір күндік жұмыс сапары «Иманғали» орталық мешіті жанындағы «Amin.kz» медиастудиясында және «Azan» радиосына сұхбат берумен қорытындыланды. Сұхбат барысында ұстаз Нұрсұлтан Рысмағанбет жастарды жаңаны игеруге, білім алуға шақырып, ғылымды игерудің құндылықтары туралы насихат айтты.
«Шынайы мұсылман өзі өмір сүріп жатқан ортасына әрдайым пайдалы болуға тырысады. Қоғамда ынтымақ, бірлікті күшейтуге үлес қосады. Мысалы, қарызға, шығынға батып, тығырыққа тірелгенге, жақын-жуығына көмектеседі. Көршісімен жақсы мәміледе болып, көмек керек болса қол ұшын береді, қиыншылыққа тап болса, жәрдемдесіп тұрады. Асыл дініміз ынтымақ-бір- лігі жарасқан имани қоғам құруға шақырады. Адамдарды бір-біріне жәрдемдесуге үндейді. Алла Тағала «Бір-біріңе жақсылық пен тақуалықта жәрдем беріңдер!» деген. Халқымыздың «Бірлігі жарасқан ел озады» деген керемет сөзі де бар.
Адам баласының қоғамдық ортадағы дәрежесі білім деңгейіне қарай анықталады. Құран Кәрімнің алғашқы аяты да «Оқы», «Жаратқан Раббыңның атымен оқы!». деп бұйыру арқылы басталуының артында үлкен мән жатыр. Әрісі «Әлемнің екінші ұстазы» атанған Әл-Фараби, медицина атасы Ибн Сина, берісі Абай Құнбанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердиев, алаш ардақтылары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов – барлығы ғылым, білімді дәріптеген. Яғни, кезінде Еуропаға өркениетті апарған ислам діні – ғылым, білімді әркез насихат еткен» деді ұстаз Нұрсұлтан Рысмағанбет.
Атап өткен жөн, рухани ұстазбен кездесуге келген атыраулық жамағат саны 5 мыңға жуықтады.