Атырауда «Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында алғашқы шаралар легі басталып кетті. Атырау облысы дін істері басқармасы және Атырау облыстық орталық «Иманғали» мешітінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан сайыстың басты мақсаты – қоғамда рухани құндылықтарды дәріптеу.
«Қоғамның тұрақты болуы, жат қылықтардан арылу – шын мәнінде санаға байланысты. Мұндай зияткерлік сайыстар адамды рухани байытады» дейді Атырау облысы дін істері басқармасының басшысы Хайролла Көшқалиев.
Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы көркем мінез, даналықты Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) өмірінен үлгі етуіміз керек екенін айтты.
«Бүгінгі шара мүфтият жариялаған «Ислам және ізгі қоғам» жылына арналып отыр. Күні кеше ғана Астанада өткен алқалы жиында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бздің халық алдындағы басты міндетіміз – жұртымызды жақсылыққа үндеп, жамандықтан тосу, ізгі қоғам құруға қадам жасау екенін айтқан еді. Кемел адам, рухани бай адам деген керемет тіркестер – адам өз-өзін дамыту арқылы келетін дүниелер. Бұл ретте біз Пайғамбар (с.ғ.с) өмірін дәріптеу арқылы, қоғамға ізгілікті насихаттап отырмыз» дейді Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.
Еске сала кетсек, рухани сайыс сұрақ- жауап форматында өтуде. Бас жүлде – кіші қажылыққа жолдама. Сайысқа Қажымұқан Мұңайтпасов мешітінің имамы Айтжан Абдиров, «Анашым» мешітінің имамы Айдын Серікбаев, «Әт-Тақуа» мешітінің имамы Қанағат Муслимов қазылық етуде.
Сайыс қорытындысы бойынша Шманов Дулат (Исатай ауданы) жүлделі үшінші орынды иеленіп, Түркістан қаласына зиярат етуге арналған жолдаманы алды. Екінші орынды Кереев Мейрамбай (Мақат ауданы) ұтып алды. Ол Астана қаласындағы ірі мешіттерді зиярат етуге арналған жолдаманы иеленді. Жүлделі бірінші орын иегері Нұрлан Сармалаев (Мақат ауданы) Умра қажылығына жолдама ұтып алды.
Бірінші іріктеу кезеңінде Quizizz қосымшасы арқылы барлығы 135 үміткер бақ сынады. Іріктеу кезеңінен өткен 30 қатысушы арнайы дайындалған сұрақтарға жылдам, әрі нақты жауап беру арқылы өзара бақ сынады. Ақтық мәреде үш үміткер «Мен Пайғамбарды көрсем не істер едім?» тақырыбында эссе жазып, қалың көпшілікке оқып берді. Сайысты арнайы құрылған комиссия өкілдері жауаптардың мазмұнына, қатысушылардың өй-өрісі мен таным деңгейіне қарай бағалады. Барлық қатысушыларға сыйлықтар табысталды.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі