RSS лента

Машина жасау зауыты – ғасыр биігінде (+ВИДЕО)

  • 12.01.2026, 17:31,
  • 4 081
  • 0
  • Автор:
Автор фото: "АтырауМұнайМаш" зауыты

Мұнайлы мекен, өндірісті өңір Атырау өлкесімен біте қайнасқан айтулы саланың бірі, бұл – машина құрастыру. Аталған сала бүгінде өз кезегінде "Қазақстан машина жасаушыларының одағы" заңды тұлғалар бірлестігінің берік бақылауында тұр, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

– Бүгінде отандық машина жасау өнімдерінің экспорт географиясы айтарлықтай кеңейіп келеді, - дейді «Қазақстан машина жасаушыларының одағы» ЗТБ атқарушы дирекциясының директоры Талғат Базарбеков. – Қазақстанда өндірілген өнімдер Орталық Азия мен ТМД елдеріне ғана емес, сонымен қатар Әзербайжан мен Вьетнам нарықтарына да жеткізілуде. Бұл оң динамика, ең алдымен, халықаралық әріптестіктің нығаюымен байланысты. Қазақстанда Alstom, Wabtec және Stadler сияқты ірі трансұлттық компаниялардың қатысуы технология трансферін жеделдетіп, өндірістік процестердің сапасын арттыруға ықпал етуде. Ал тұрмыстық техника мен электроника сегментінде Samsung Electronics және басқа да инвесторлардың жобалары табысты жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы машина жасау саласында да әлемдік брендтердің қатысуы артып келеді, бұл бағыттағы бәсекелестікті күшейтіп, өнім сапасын жаңа деңгейге көтеруде. Саланың экспортқа бағдарлануы нақты инвестициялық жобалар арқылы да көрініс табуда. Өткен жылы жалпы құны 655,5 миллиард теңгені құрайтын 38 жоба іске қосылып, он мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Олардың қатарында Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауытының іске қосылуы және Қостанай облысындағы KIA Qazaqstan өндірісінің дамуы бар. Сондай-ақ өңірде KamLitKZ зауыты іске қосылып, жүк техникасына арналған редукторлар өндірісі жолға қойылды. Жалпы алғанда, бұл үрдістер Қазақстан машина жасау саласының экспорттық әлеуетінің артып келе жатқанын көрсетеді. Халықаралық серіктестік, инвестициялық белсенділік және өндірістік қуаттардың кеңеюі – саланың тұрақты дамуына негіз болатын маңызды факторлар.

 

Енді ең қызығына көшелік... Экономиканың "екінші тынысы" саналатын салада талай еңбек әулеттері қалыптасты. Міне, солардың бірі – Атыраудағы Мырзағалиевтар әулетін біз бүгінгі әңгімемізге арқау еткенді жөн көрдік. Қызықты қараңыз, машина жасаушылар әулетінің жалпы еңбек өтілі бір ғасырға таяп қалған!

 

Алдымен, тарих тереңіне үңілер болсақ... Сонау 1918 жылдың аяғында су және темір жол көліктеріне қызмет жасау үшін Атырауда механикалық шеберхана құрылды. 1922 жылдан бастап, шеберхана мұнай құрал жабдықтарының қосалқы бөлшектерін шығару мен жөндеуге қайта мамандандырылды да, «Ембімұнай» комбинатының қарамағына берілді. Ұлы Отан соғысы басталғанда Атырауға Донбастан көшіп келген Г.И.Петровский атындағы машина жасау зауыты осы шеберхана негізінде калыптасқан жөндеу-механикалық зауытымен қосылып, бүгінгі машина жасау кәсіпорнына айналды. Петровский атындағы машина жасау зауыты — мұнай кәсіпшілігіне және геологиялық барлау жұмыстарына қажетті аспаптар мен қосалқы бөлшектерді, насостар, балшық араластыратын машиналар, тракторлардың қосалқы бөлшектерін т.б. шығаратын ірі кәсіпорын. Зауыт 1921 ж. “Ембімұнай” тресінің мех. шеберханасы негізінде мех. зауыт болып құрылған. 1941 ж. қазан айында Донбастан көшірілген Петровский атындағы зауытпен біріктірілді. Зауытта токарлық станоктар, 8 шпиндельді оймалауыш, жартылай автоматты станоктар, сегментті араларды қайрайтын жартылай автоматтар, жоғары өнімді престер т.б. жабдықтар өндіру игерілген.


 

1985 жылдан бастап автоматтандырылған желілер, металл өңдеудің қазіргі заманғы технологиялары (престеу, қалыптау, автоматты түрде пісіру, металдарды дайындау мен дәл пішу тәсілі) енгізілді. Зауытта 1995 жылдан бастап еліміздің мұнай өнеркәсібіне қажетті құрал-саймандарды шығару қолға алынды. Шикізат ретінде зауыт әр түрлі болат, шойын, түсті қорытпаларды пайдаланады. Металл зауытқа әр түрлі металлургиялық кәсіпорындардан, оның ішінде Қарағандыдан түседі. Зауыт өнімі негізінен Атырау және Маңғыстаудың мұнай кәсіпшіліктерінің мұқтаждарын қамтамасыз етуге кетеді. Зауыт 1993 жылы мұнай жабдықтарын шығаратын акционерлік қоғамға айналып «Заман» ЖШС-не берілді.


Picture background

 

ҒАСЫР ЖАСАҒАН САЛА

 

Жалпы, Атырауда машина жасау саласының ғасырдан асқан тарихы бар. Сіздер бұрын-соңды бір әулеттен шыққан 14 бірдей адам бір салада жұмыс жасағанын естіп көрдіңіздер ме? Олай болса, Атыраудағы Мырзағалиевтар – дәл сондай әулет. Осы орайда, біз әулеттің үлкені, еңбек ардагері Сисенбай Қабдоловты сөзге тартып көрген едік.

 

– Менің әкем Қабдол Мырзағалиевтан екі ұл мен екі қыз тараған. Олар – Жексенбай, Айжан, мен және Жұмабике. Жексенбайдан төрт бала – Ұлмекен, Өтеген, Жалғас, Жәрдем, ал, менен жетеу – Бауыржан, Жанбике, Нұрбике, Бағытжан, Сағытжан, Мұхамеджан, Нұрмұхамеджан. Өмір бойы осы салада еңбек еткен әкем 1958 жылы зейнетке шықты. Тіпті, жеңгеміз де осы салада тер төкті. Енді олардың қызметін балалары жалғастырып жатыр. Бұл – ең ауыр жұмыс болып есептеледі. Соған қарамастан,  табан аудармастан 44 жыл еңбек еттім. Қазір шүкір ғой, қара жұмыстың көп бөлігін техника атқарады. Ол кезде техника тапшы болды. Есесіне, қара жұмыс жігерімізді қайрай түсті. Қандай қиындыққа да қарсы тұра алатындай болдық, - деп еске алады ол.

 

«МҰНАЙШЫЛАРДАН АЗ ЖАЛАҚЫ АЛДЫҚ»

 

Расымен де, бұрынғы уақытты қазіргімен салыстыруға болмайды. Арасы – жер мен көктей. Ол кезде бүгінгідей тоқшылық пен молшылық заман жоқ қой. Жан бағып, отбасын асырау үшін адамдар қиындықтан қашпай, ауыр еңбектің бәрін де жұмыла жүріп атқарды. Ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүрді. Ал, сол күні-түні тынбай жасалған жұмыстың жалақысы да аз болғанын айтады кейіпкеріміз.  

 

«Бұрынғы кезде біздер мұнайшылардан едәуір аз жалақы алдық. Бірақ, еңбек демалысына шыққан кезде бүкіл отбасымызға еліміздегі немесе Ресейдегі санаторийлерде демалуға тегін жолдама берілетін. Пойызда тегін қатынайтын болдық. Ал, қазір ондай мүмкіндіктер мүлде жоқ. Сонда да, балаларым әулетіміздің жолын жалғап, жұмыс жасап жатыр. Жеке-жеке тоқталсам, тұңғыш ұлым Бауыржан ағамның үйінде жатып, слесарь болып еңбек етті. Ал, тағы бір балам дәнекерлеуші болып қызмет атқарады. Бұрын үлкендер «директордың баласы директор, шабанның баласы шабан болады» деп айтып отырушы еді. Біздің балаларымыз машина жасаушы болды. Құдайға шүкір, тамырымыз кеңге жайылып жатыр, соған қуанамын» дейді қария.

 

Айтпақшы, бұл әулет 2022 жылы республикалық «Еңбек жолы» байқауына қатысқан екен. Сөйтіп, әлеуметтік әріптестік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық комиссия шешімімен «Үздік еңбек әулеті» атанып, арнайы аталымды жеңіп алған!


 

БҰЛ ӘУЛЕТТЕ – БӘРІ БІР САЛАДА

 

Кезінде осынау үлкен әулетке келін болып түскен, бүгінде бірнеше теміржолшыны тәрбиелеп өсірген аяулы ана Гүлмира Садыққызының өзі де осы салаға саналы ғұмырын арнаған екен. 

 

– Мен сол кездегі Гурьев теміржол техникумына оқуға түсіп, техник мамандығын меңгеріп шықтым. 1988 жылы көлік құрастыру саласында жұмысқа орналасып, еңбек жолымды бастадым. Осы жерде болашақ жарымды жолықтырдым. Ол биргадир болып еңбек етті. Жұмысқа бес минут кешігіп келсек, ұрыс естуші едік. Сөйтіп жүргенде көп ұзамай көңіл жарастырып, отбасын құрдық. Осылайша, машина жасаушылар әулетіне келін болып түстім. Қазір төрт ұлым бар. Соның біреуі ғана кәсіпкер де, қалғанының бәрі осы салада нәпақасын тауып жүр. Бәрі де үйленіп, өз отауларын құрды. Шүкір, төрт келінім бар. Бүгінде сол бала-келіндерімнен 17 немере сүйіп отырған бақытты әжемін, - дейді ол.


 

Бүгінде ол – еңбек өтілі 35 жылды құрайтын майталман маман. Отыз жыл бойы монтер болып еңбек етсе, бес жыл басқа да түрлі жұмыстармен айналысты.  

 

«Жалпы, бұл – жартылай әскерилендірілген сала ғой. Соған сәйкес қиыншылықтары да жетіп артылады. Мұнда жұмыстың басым бөлігі аяқ астынан туындайды. Басқа мамандық иелері секілді түсте тамақтанамын, кешке көз ілемін деген жоспар жоқ. Егер шұғыл шаруаның шеті шыға келсе, ұйқыны да, басқасын да ұмтыуға тура келеді. Ендеше, бұл мамандықты көзді жұмып қойып таңдай салуға болмайды. Тіпті, тұтастай әулет бір сәтте басқа мамандыққа бет бұрып кетуі мүмкін. Себебі, келешек дүниеге келетін ұрпақ қай кәсіптің жалынан ұстайды, белгісіз ғой. Ойымды түйіндей келе айтарым, осындай маңызы зор, жауапкершілігі мол, зейнетінен бейнеті көп жұмыс бәрінің бірдей қолынан келе бермесі анық» дейді кейіпкеріміз.


 

«100 ЖАС ЕСІМ» ҚАТАРЫНА ҚОСЫЛДЫ

 

Жоғарыда айтып өткен Қабдол Мырзағалиевтың шөбересі – Жұмабек Мырзағалиев бүгінде аудандағы ең үлгілі мамандардың бірі болып табылады. Өйтпегенде қайтсін? Арғы атасы Қабдол, бергі атасы Жексенбай, әкесі Өтеген – бәрі де машина жасаушы ғой!

 

– Бұл сала мені қатты қызықтырды. Сөйтіп, мамандық таңдағанда да осы салаға бет бұрып, тиісті білім алдым. Мен үшін бұл – болашағы зор абыройлы мамандық. Өйткені, бүгінде ел экономикасын еселеп отырған қарапайым жұмысшылар емес пе? Бұл мамандықты таңдағаныма ешқашан өкінбеймін. Керісінше, болашақта өз балаларыма да осы саланың қыр-сырын үйрететін боламын. Рас, мойындауға тура келеді, физикалық тұрғыдан алғанда, бұл – уақытпен санаспайтын өте қиын және ауыр жұмыс. Оны екінің бірі жасай алмауы мүмкін. Бұл ерекше төзімділік пен табандылықты талап етеді, - дейді Жұмабек бізбен әңгімесінде.


 

2011 жылы осында оператор болып жұмысқа қабылданған ол осы уақыт ішінде біраз нәрсені үйреніп, бірқатар жетістіктерге де жетіп үлгеріпті. Соның бірін айтсақ, жуырда жүзеге асқан «100 жас есім» жобасына қатысып, үздіктер қатарынан табылған. Жоба компанияның жастар саясаты аясында болашағынан үміт күттіретін дарынды қызметкерлерін кәсіби жағынан және белсенді идеяларын дамытуға бағытталған.

 

«Қазіргі заманда әрдайым бәсекеге дайын болу қажет. Жаңа Қазақстанымыздың болашағы – білікті мамандардың қолында! Мықты маман кез келген салада ауадай қажет. Соны ескеріп, сұранысқа ие болуға ұмтылу – бүгінгі менің замандастарымның басты мақсаты. Мен де «100 жас есім» жобасы аясында көптеген бағдарламаларға қатысып, жан-жақты дамығым келді. Жобаның тұлғалық және кәсіби даму жағынан көп көмегі тиді. Оған қатысқан жастар бүгінгі күні де жан-жақты араласып, ақылдасып, кейбір мәселелерді ортақ талқыға салып отырамыз» дейді жас маман.

 

Жұмабектің жұбайы медицина саласында жұмыс жасайды. Бірақ, бұл балаларынан болашақ теміржолшыларды тәрбиелеп шығаруға кедергі емес екенін айтады.


 

СӨЗ СОҢЫНДА...

 

Міне, өзі жақсы көретін жұмысқа жан-тәнімен берілген машина жасаушылар әулетінің бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай. Бұдан бөлек, биыл бірнеше мұнай өндіретін ұңғымаларды біріктіретін мұнай-газ басқармасы, автокөлік пен теміржол бекеттері, әлеуметтік ағарту орындары және басқа да әлеуметтік-экономикалық нысандар халықпен біте қайнасып, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіп келеді. Келесі жолы олар туралы да жазыла жатыр. Ал, әзірге атадан балаға аманат болып келе жатқан әулеттің алтын жібі үзілмегей деп тілейік!

 

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ


 

 

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости
Популярно
  • Сутки
  • Неделя
  • Месяц