RSS лента

Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 5,9%-ға өсті

  • 17.12.2025, 16:07,
  • 35
  • 0
  • Автор:
Автор фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру және нарықты отандық тауарлармен қанықтыру жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде Үкімет қайта өңдеу секторының тұрақты өсуін қамтамасыз етеді, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім еткендей, саланы дамыту нәтижелері туралы өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков баяндады. Вице-министрдің сөзінше, 11 айдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің негізгі салаларында оң динамика байқалып, өсім 5,9%-ды құрады. Өндіріс көрсеткіштері металлургия, машина жасау, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдары өндірісі, жеңіл өнеркәсіп және басқа да өңдеу өнеркәсібі салаларында өсті. Металлургия өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі алтын, мыс, болат және шойын өндірісінің ұлғаюына байланысты 1,1%-ға өсті. Оң динамика көбінесе отандық өндірістік қуаттардың жүктемесін арттыру, өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз етуді жақсарту бойынша қабылданған шаралардың нәтижесі болып саналады. Машина жасау саласындағы өндіріс көлемі көлік құралдары, ауыл шаруашылығы және теміржол техникасы, сондай-ақ жабдықтар мен тұрмыстық техника өндірісінің артуы есебінен 11,6%-ға ұлғайды. Көрсеткіштердің өсуі ішкі сұраныстың артуына, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға және қолданыстағы мемлекеттік қолдау шараларына байланысты. Айта кету керек, осы жылы Қостанай қаласында KIA жеңіл автомобильдер шығаратын зауыт пен Алматы қаласында мультибрендтік зауыт, Астана қаласында жолаушылар вагондарын шығаратын зауыт сондай-ақ Атырау қаласында жүк вагондарын шығаратын зауыт пайдалануға берілді. Химия өнеркәсібінде фосфор және азот тыңайтқыштары, аммофос, полипропилен, лак-бояу материалдары мен күкірт қышқылы өндірісінің өсуіне байланысты өндіріс көлемі 8,1%-ға өсті. Құрылыс материалдарының өндірісі тауарлық бетон, құрылыс ерітінділері, әк, отқа төзімді бұйымдар, цемент және бетон конструкцияларының көлемінің өсуіне байланысты 7,1%-ға өсті. Жеңіл өнеркәсіпте тоқыма бұйымдарын өндіру көлемін 12,9 %-ға және киімді 0,7%-ға ұлғайту есебінен өндіріс көлемі 7,4%-ға өсті. 11 айдың қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі шамамен 8,1 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,7 %-ға артты.

 

«Бұл саланың жүйелі түрде дамып, жоспарланған шаралардың тиімді жүзеге асырылып жатқанының нәтижесі. Биылғы тұрғын үй саласындағы жоспар – 19,2 млн шаршы метр болып белгіленді. 11 айдың қорытындысы бойынша 16,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 3,9%-ға артты. Еліміздің он жеті өңірінде осы бағытта оң динамика байқалуда. Ең көп өсім Жетісу, Қарағанды және Алматы облыстарында тіркелген. Абай, Атырау және Маңғыстау облыстары төмен көрсеткіштерге ие болып отыр. Министрлік аталған салалар бойынша тұрақты өсім қарқынын қамтамасыз етіп, жүйелі жұмыстарды жалғастырады», — деді вице-министр.

 

Сонымен қатар жаңа өндірістерді іске қосуға, локализация деңгейін арттыруға бағытталған шаралар қабылдап, өңірлерде инвестициялық белсенділікті ынталандыратын болады.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости