Бәлкім, сырт көзге ұсақ-түйек болып көрінер, бірақ, теңіз тамшыдан құралатынын ескерсек, бұл да – өзекті мәселе. Қысқасы, Атырау қаласы Азаттық даңғылындағы қосқабатты №153 тұрғын үйдің алдында өсіп тұрған жасыл желекті түбінен кесіп жатқан «Каспийдормостострой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкерін көріп жағамызды ұстадық. Бұл мекеме қашаннан бері тал егумен емес, кесумен айналысып кеткен?! Әлде, теректерді күтіп-баптайтын мекемелерге оны ойран қылуға да құқық берілген бе? Болмаса, бұл «бір тал ексең, он тал кес» дегеннің кері ме?! Біз жасыл желек жайқалтуды мақсат еткен мекеменің бұл қылығын түсіне қоймадық. Егер көгалдандыруға жауаптылардың өзі жауапсыздық танытса, басқалардан не күтеміз?!
– Журналист боласыз ба, басқа боласыз ба, әкімге барасыз ба, Президентке барасыз ба, маған бәрібір. Мен бәрібір бұл ағашты кесемін! Себебі, осы жердегі «Асланбек» дүкенінің сатушысы «кес» деп айтты. Сондықтан өз жолыңызбен жүре беріңіз, - деді өзін Батыр деп таныстырған жігіт ағасы.
Мәселенің мәнісін білмек болып, аталған мекеме басшысының орынбасары Леонид Задерныйға да телефон шалып едік, тұтқаны көтере қоймады. Кейін баспасөз хатшысы Зүлфия Байнекееваға хабарластық. Ол терек (Тал емес! Авт.) қисық өскендіктен оны кесіп тастауға тура келегенін айтып ақталды. Ал, тұрындар ол теректің он жылдан бері тұрғанын және ешкімге зияны тимеген айтады. Демек, біздің түсінгеніміз, дүкен саудасына кедергі келтіретін жасыл желектің бәрін жайпай беруге боалды деген сөз... Өте өкінішті. Біз бұл мақаланы аталған мәселені жауапты басқарма басшылары өз бақылауына алар деген үмітпен жазып отырмыз.
Айтпақшы, ешкімге зиянын тигізбей, өзімен-өзі өсіп тұрған орта жастағы талды кесуге батылы жеткен Батыр бұл жақтың азаматы емес. Жалпы, тазалық пен көгалдандыру жұмыстарымен біздің азаматтар айналыспайды ғой. Олар мұны «қара жұмыс» деп мұрындарын шүйіреді. Амал жоқ, сырттан жұмысшы шақырып әлек боламыз. Көршілес қарақалпақ пен өзбек ағайындардың бірі көшемізді сыпырса, енді бірі үйімізді салады, ал, тағы бірі баламызды да бағып жүр. Ендеше, өзіміз шақырып отырған қонаққа қалай өкпе артамыз?!
Айтқымыз келгені, онсыз да Атырау мұнай өңдеу зауытының түтініне тұншығып отырғанда жасыл желекті осылай отарлайтын болсақ, қалай ел боламыз? Басқасын былай қойғанда, ең болмаса, көгалдандыру жұмысын өзгеге артпай, өзіміз атқарсақ жақсы болар еді! Бөтен елге бүйрек бұрмайтын сырт күштен не қайыр? Одан да «жұмыс жоқ» деген желеумен трамадол ішіп тентіреп жүрген жастардың екі қолына бір күрек ұстатсақ болмас па еді? Есірткі егіп еліргенше, ағаш егіп адам болсын дейміз ғой...