RSS лента

Қоқыстан жасалған көл әбден әбігерге салды (+видео)

  • 06.06.2023, 15:24,
  • 329
  • 0
  • Автор:
Автор фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Атырау қаласына қарасты «Өркен» шағынауданының тұрғындары күл-қоқыстың ортасында өмір сүріп жатыр, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.


Біз аталған жерге өзіміз барып, тұрғандармен тілдескен едік. Олардың айтуынша, бәріне осыдан үш жыл бұрын қазылып, кейін көмілмей қалған карьерлер кінәлі екен.

 

– Біздің ықшамаудан Атырау қалалық әкімдігіне қарайды. Ал, ол жақтан ешқандай іс атқарылып жатқан жоқ. Карьер көмілмек түгілі тазартылмайды да. Бұл біз секілді қарапайым тұрғындардың қолынан келмейді. Қолымызда ешқандай техника да жоқ. Айнала құрылыс материалдарының қалдықтарына толып кетті. Қоқыстан бөлінетін улы газдың кесірінен бәріміздің де денсаулығымыз сыр беріп тұр. Өткір сасық иістен бас айналып, жүрек айнып, үйден шыға алмаймыз. Тыныс алу мүмкін емес. Жерасты суына толып тұрған карьерге ойнап жүрген бала түсіп кетсе, кім жауап береді? Қоқыс толы карьер мәселесін Нұрлан Жунасов бастаған жергілікті блогерлер де көтерді. Журналистер де жаза-жаза жауыр болды. Тұрғындар болып бас қосып, әкімдік табалдырығын да тоздырдық. Бірақ, еш нәтиже жоқ. Атқамінерлер тек уәде берумен шектеліп, аузымызды қу шөппен сүртумен ғана келе жатыр. Сондықтан өз тарапымыздан бұл мәселеге жауапты органдар назар аударса екен дейміз. Карьерді көміп, қоқыстан тазартуды талап етеміз. Бұлай жалғаса берсе, Президенттің өзіне дейін аяқтай баруға дайынбыз. Ал, бұл жергілікті басшылықтың жұмысына сын емес пе?! Осыны әкімдік неге ескермейді? – деп ашынады тұрғындар.

 

Оның үстіне, бұл жерде мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиелеп отырған және көпбалалы аналар тұрады. Қоқыстан бөлек, оларды жол мәселесі де тығырыққа тіреп тұр. «Жедел жәрдем» шақыра қалса, жете алмайды. Себебі, ауыл ішінде жол жоқ. Ал, мүгедек балалармен жүріп-тұру оңай емес. Шаһар басшысына барса, құрғақ сөзбен шығарып салады екен. Бір қызығы, мұнда экологтар да келіпті. Арасында бір тәжірибелі маман жоқ, бәрі де қызметке енді орналасқан жас мамандар. Тексеру, өлшеу жұмыстарын жүргізіпті де, жөндеріне кетіпті. Содан кейін көзге көрінбеген. Ең болмаса, сынама қорытындысы не көрсеткенін де келіп айтпаған. Осы орайда, біз экология департаментінің өкілі Айгерім Қадыровадан мәселенің мән-жайын сұрастырған едік.

 

– Атырау облысы бойынша экология департаментімен Атырау қаласының әкімдігіне аталған жерді тазарту бойынша хат жолданған болатын. Берілген жауапқа сай, №35 мектептің маңындағы қоқыс үйінділеріне «Спецавтобаза» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан санитарлық тазалық жұмыстары уақытылы жүргізіліп отыр. Алайда, тұрғындар қатты тұрмыстық қалдықтарды өздері лақтырып, айналаны ластап отыр. Осыған орай, «Қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі» облыстық полиция басқармасына қоқыс үйінділері жиналған жердің иесін анықтап, тиісті шараларды жүргізуге ықпал ету жөнінде хат жолдаған, - дейді ол.

 

Бір емес, бірнеше жылдан бері шешімін таба алмаған мәселеге біз қалалық әкімдік мамандарынан түсініктеме беруді сұрадық.

 

«Аталған жер – жекеменшікте. Ал, жекеменшік аумақтағы карьерлерді жабуға бюджеттен қаражат бөлінбейді. Яғни, оған қаржы қарастырылмаған. Дегенмен, өткен жылы бұл жерде жиналған қоқысты тазалау жұмыстары жүргізілді. Өкінішке орай, тұрғындар тарапынан әлі күнге дейін қоқысты сол аумаққа төгу фактілерінен қайтадан ластануда. Осы ретте, әкімдік тарапынан бұл мәселе жан-жақты қаралып, оң шешімін табу үшін тиісті жұмыстар атқарылуда» дейді әкімідктің баспасөз өкілі Нұрислам Ғұмар.

 

Ал, Атырау қалалық мәслихат хатшысы Нұрбол Құрманның пікірінше, бұл бір-екі күнде шешіле қоятын мәселе емес.

 

«Мен бұл жағдаймен жақсы таныспын. «Өркен» шағынауданындағы қоқысқа толған үш сайдың мәселесін шешу қомақты қаражат пен қыруар уақытты қажет етеді. Өз тарапымнан Атырау қаласы әкімдігіне депутаттық сауал жолдадым. Бұл мәселені шешіліп кеткенге дейін өз бақылауымда ұстайтын боламын» деп сендірді ол.


 

 

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости