«Ақ жол» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Ермекқали Юсупов бастаған арнайы топ тұрғындармен кездесу легін бастап кетті. Олар Қызылқоға ауданы Миялы селосына ат басын бұрып, «Арман» мәдениет үйінде село тұрғындарымен кездесті.
– Атырау өндірісті өңір бола тұра, мұнда шағын және орта кәсіпкерлік кең қанат жаюда. Тек ірі шетелдік жер қойнауын пайдаланушылар жергілікті кәсіпкерлердің де мүддесін ескеріп отырса, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл мәселені «ақжолдықтар» Мәжіліс мінберінен де бірнеше рет көтеріп, Үкіметке депутаттық сауал жолдап келеді. Осы орайда, былтыр Мемлекет басшысы ұсынған Конституция реформасының аясында «Жер және жер қойнауы халыққа тиесілі» деген басты норманың енгізілуі маңызы зор бастама деп есептейміз, - деді Е.Төлепқалиұлы.
Расында да, шағын және орта бизнесті қолдауға қатысты «ақжолдықтардың» батыл бастамалары кәсіпкерлер тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Сол секілді, ол жиналғандарды толғандырған сауалдарға жауап берді. Ал, Әбілхан Төлеуішұлы Тәуелсіздік пен Алаш идеясы, ұлттық тілді дамыту туралы және Нұрлан Қайырденов әлеуметтік әділеттілік жөнінде әңгіме қозғап, ой-пікірлерін ортаға салды.
Сондай-ақ, жиын барысында салық органдарының шешімімен мәмілелерді жарамсыз деп тануға тыйым салу, шағын бизнестің салық есептілігін патентпен ауыстыру, тауарларға ілеспе жүкқұжат және тауарларды таңбалаудан бас тарту секілді мәселелер талқыланды.
Өз кезегінде, кездесуде сөз алған жергілікті кәсіпкерлер еркін экономикаға және адал бәсекелестік жолына көшу, монополияға жол бермеу, мемлекеттің бизнеске араласуын шектеу қажеттігі туралы айтты.
Осыдан кейін арнайы топ Қызылқоға ауданы Сағыз селосының тұрғындарымен кездесті. Жиын барысында топ өкілдері саяси тақырыпта сөз қозғады. Сондай-ақ, қарапайым халықты толғандыратын мәселер бойынша тұщымды пікірлерін білдірді. Тұрғындар тарапынан қойылған маңызды сауалдарға жауап берді.