RSS лента

Көзге көрінбейтін мамандық: ветеринарлық фельдшер деген кім? (+фото)

  • 27.01.2026, 14:08,
  • 47
  • 0
  • Автор:
Автор фото: Атырау облыстық полиция департаменті

Атырау облысы полиция департаментінің кинологиялық қызмет орталығында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында күн сайын аянбай еңбек ететін ерекше ұжым бар, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Мұнда тек тәжірибелі кинологтар мен олардың сенімді серіктері – қызметтік иттер ғана емес, сондай-ақ осы төрт аяқты «қызметкерлердің» денсаулығы мен қызметке әрдайым дайын болуына жауапты білікті маман да қызмет етеді. Ол – ветеринарлық фельдшер Татьяна Павловна Демяшева. Аталған департаменттің баспасөз қызметінен білгеніміздей, Татьяна Павловна Ішкі істер органдарнда 2001 жылдан бері еңбек етіп келеді. Биыл ол өз кәсібіне адалдық танытқан 25 жылдық еңбек жолын атап өтпек. Волгоград ауыл шаруашылығы академиясында жоғары білім алған маман бұл салаға бірден келген жоқ. Әр түрлі қызметтерді байқап көргенімен, жүрек қалауына жақыны – жануарларға көмек көрсету екенін түсінеді.

 

«Жүрегім жануарларға көмектесуді қалады. Сол себепті осы мамандықты таңдадым», – дейді ол.

 

Алғашында жеке ветеринарлық тәжірибемен айналысып, мал дәрігері болып еңбек еткен Татьяна Павловна кейін кинологиялық қызметтің бұрынғы басшысы, бүгінде зейнеткер Серік Амангелдіұлы Айтбаевтың шақыруымен кинологиялық орталыққа жұмысқа орналасады. Осылайша оның полиция құрылымындағы ерекше әрі жауапты қызмет жолы басталады. Кинологиялық орталықта қызметтік иттерді бейресми түрде «кіші қызметкерлер» деп атайды. Бұл – жай ғана теңеу емес, олардың атқаратын міндетінің маңызын айқындайтын анықтама. Себебі қызметтік иттер полиция қызметкерлерімен қатар қоғамдық тәртіпті сақтауға, іздестіру шараларына, жоғалған адамдарды табуға және арнайы операцияларға белсенді қатысады.


 

Бүгінде орталықта штат бойынша 17 қызметтік-іздестіру иті бар. Олардың қатарында бельгиялық овчарка, неміс және шығыс еуропалық овчаркалар, лабрадор мен спаниель тұқымдары кездеседі. Әр иттің бағыты мен міндеті әртүрлі болғандықтан, күтім де жеке жоспар бойынша жүргізіледі.

 

Ветеринарлық фельдшердің күнделікті жұмысы нақты тәртіпке негізделген: иттердің жалпы жағдайын бақылау, дене қызуын өлшеу, тәбеті мен мінез-құлқына назар аудару, алдын алу шараларын жүргізу. Вакцинация, паразиттерге қарсы өңдеу, дәрумендер мен минералдық қоспалар беру, жуындыру жұмыстары толықтай бақылауда болып, тиісті құжаттарға тіркеледі.

 

«Олар сөйлемейді, бірақ бәрін сезеді. Қимылынан, көзқарасынан-ақ мазасыздықты байқаймын. Біз бір-бірімізді сөзсіз түсінеміз», – дейді Татьяна Павловна.

 

Бұл қызметте жұмыс уақыты нақты кестемен шектелмейді. Пандемия кезеңінде полиция қызметкерлері қызметтік иттерімен бірге блокбекеттерде тәулік бойы кезекшілік атқарды. Сол уақытта Татьяна Павловна барлық бекеттерді аралап, иттердің жағдайын бақылап, ауа райының қолайсыз кезінде олардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада болуын қадағалады. Қажет болған жағдайда төсеніш пен уақытша баспана мәселесінің шешілуіне де атсалысты.


 

Маманның айтуынша, ең күрделі кезеңдердің бірі – жас иттердің орталыққа алғаш бейімделуі. Әр күшіктің мінезі әртүрлі, сондықтан оларға ортаға үйрену үшін уақыт қажет. Ал ең ауыр сәт – қызметтік иттерді зейнетке шығарып салу. Әдетте олар 7–8 жасқа келгенде есептен шығарылады. Кинологиялық қызмет әрдайым қауіппен қатар жүреді. Жарылғыш зат туралы хабарламалар, іздестіру жұмыстары, күрделі операциялар кезінде қызметтік иттер алдыңғы шепте болады.

 

«Әр кезекшілікке шыққанда, жүрегім алаңдайды», – дейді Татьяна Павловна.

 

Абырой болғанда, орталықта ауыр жағдайлар тіркелмеген. Эмоциялық жүктемені еңсеруге оған қарапайым, бірақ маңызды дүниелер көмектеседі: тыныш ұйқы, сүт қосылған шай және туған жерге деген сүйіспеншілік. Ол – Атырау өңірінің тумасы. Қызметтік иттерді әріптес санауға бола ма деген сұраққа ол еш ойланбастан: «Әрине, олар – кинологиялық орталықтың ең басты қызметкерлері», – деп жауап береді.

 

Татьяна Павловна Демяшеваның еңбек жолы – ел қауіпсіздігі жолында үнсіз қызмет ететін сенімді серіктерге деген адалдық пен жануарларға деген шынайы жанашырлықтың жарқын үлгісі. Ол үшін қызметтік иттер – жай ғана жануар емес, ортақ мақсатқа қызмет ететін нағыз әріптестер.


 

 

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости