Қазақстанда есірткі қылмысына қарсы күрес күн санап күшейіп, жүйелі сипат алып келеді. Бұл ретте басты назар тек қамауға алу шараларына емес, алдын алуға да аударылып отыр. Бұл туралы ҚР ІІМ-нің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы Данияр Мейірхан мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2025 жылы құқық қорғау органдары шамамен 4 мың есірткі қылмысының жолын кескен, оның 2,7 мыңы есірткі өткізумен байланысты. Заңсыз айналымнан 49 тоннаға жуық есірткі, соның ішінде 1,5 тоннаға тарта синтетикалық заттар тәркіленді. Бұл — тұтынушыларға жетпеген миллиондаған доза деген сөз.
Сондай-ақ бір жыл ішінде 128 есірткі зертханасы жойылған, оның 28-і синтетикалық есірткі өндірумен айналысқан.
Журналистерге не көрсетілді?
Ресми деректерден бөлек, дөңгелек үстелге қатысушыларға есірткі бизнесіне қарсы күрестің практикалық қыры да таныстырылды. ОКҚ залында бүгінде есірткі тасымалдаушыларын анықтауда кеңінен қолданылып жүрген дрондар қойылды. Қызметкерлер басқару пульттері мен мониторларды көрсетіп, мұндай ұшу аппараттарының сағатына 65 шақырымға дейін жылдамдықпен қозғалып, жер бедерін жоғары дәлдікпен түсіре алатынын айтты.

Сонымен қатар қатысушыларға есірткі зертханаларын жою және заңсыз айналымға қатысы бар тұлғаларды ұстау сәттері бейнеленген қысқа бейнеролик көрсетілді.
Жекелеген стендте есірткі зертханасының макеті ұсынылып, тыйым салынған заттарды дайындау кезінде қолданылатын жабдықтар мен сыйымдылықтар көрнекі түрде көрсетілді.

Оның жанында «закладкалардың» қандай болатыны, сондай-ақ есірткі, соның ішінде каннабис тұтынуға арналған құралдар — қағазға оралған шылымдар, түтікшелер және жедел іс-шаралар барысында тәркіленетін өзге де бұйымдар қойылды.

Журналистерге көшеде жиі кездесетін түрінде жасалған мефедрон, героин және басқа да есірткі заттарының шынайы макеттері де таныстырылды.

Ұтыс ойындары кейпіндегі жарнама
Есірткі тарату мен оған тарту схемаларына да ерекше назар аударылды. ІІМ қызметкерлері алғаш қарағанда күдік тудырмайтын парақшалар, граффити, мөрлер, штамптар және билборд макеттерін көрсетті. Кейбір жағдайда олар ұтыс ойындары немесе зиянсыз интернет-акциялар ретінде бүркемеленген QR-кодтар болған. Мұндай сілтемелер арқылы өткен адам іс жүзінде синтетикалық есірткі сатумен байланысты арналар мен сайттарға тап болады.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, мұндай жасырын жарнама тәсілдері бүгінде цифрлық кеңістіктегі негізгі проблемалардың бірі саналады.
Форма, арнайы жасақ және қызметтік иттер

Іс-шара аясында Астана қалалық полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы қызметкерлерінің арнайы киім-кешегі мен жарақтары таныстырылды. Олардың қатарында арнайы жасақ жауынгерлерінің сауыт кеудешелері, дулығалары және тактикалық қорғаныс элементтері бар. Сонымен бірге есірткіні анықтауға тартылатын қызметтік иттер мен олардың жабдықтары да көрсетілді.


Ата-аналар қауіпті қалай аңғара алады?
Көрме аяқталған соң Turan Times тілшісі қалалық психикалық денсаулық орталығының қабылдау бөлімінің меңгерушісі Данияр Айтқожинмен тілдесті. Ол ата-аналар назар аударуы тиіс негізгі белгілерге тоқталды.
Маманның айтуынша, алдымен клиникалық көрініске — мінез-құлықтағы, мимикадағы, бағдарланудағы өзгерістерге, сөйлеу, ұйқы және эмоциялық күйдің бұзылуына мән беріледі. Кей жағдайларда өзіне тән иіс те белгі болуы мүмкін.
Нақты анықтау үшін экспресс-тестілер мен зертханалық талдаулар, соның ішінде психобелсенді заттардың кең спектрін анықтауға мүмкіндік беретін газды хроматография қолданылады. Анықталу мерзімі ағзаның ерекшелігі мен тұтыну жиілігіне байланысты.
Дәрігер қазіргі синтетикалық есірткілердің тәуелділікті өте тез қалыптастыратынын, кейде алғашқы немесе екінші қолданудан кейін-ақ пайда болатынын атап өтті. Емдеу детоксикациялық терапияны, психотерапияны және кемінде 45 күнге созылатын оңалтуды қамтиды.
Жаңа жоспарлар мен заңнамадағы өзгерістер
ІІМ мәліметінше, Қазақстанда 2026–2028 жылдарға арналған нашақорлық пен наркобизнеске қарсы күрестің кешенді жоспары қарсы іс-қимылдың толық циклін қамтиды. Атап айтқанда, алдын алу, ерте анықтау, цифрландыру және халықаралық ынтымақтастық бағыттары қарастырылған.
Салалық ведомстволар өкілдерінің айтуынша, медициналық жоғары оқу орындарында тәуелділікті зерттеуге арналған пәндерді енгізу, сондай-ақ бұрын есірткі тасымалдаумен айналысқан адамдарды волонтерлік қызметке тарту арқылы профилактикалық жұмысты жалғастыру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар ІІМ 6 наурызда қабылданған, есірткі өндірісіне қатысты жауапкершілікті нақты ажырататын заңды еске салды. Аталған құжат қызметтік жағдайды пайдаланып жасалған қылмыстар үшін жазаны қатаңдатып, ал алғаш рет есірткі құқықбұзушылығын жасаған тұлғаларға қатысты жауапкершілікті жеңілдетеді.
Ведомство өкілдері азаматтарды есірткі «закладкаларын» анықтаған жағдайда дереу полицияға хабарлауға шақырды. Бұл құқықбұзушылыққа жедел әрекет етіп, оны дер кезінде тіркеуге мүмкіндік береді.




