«Қылмыспен күресу және қоғамдық тәртіпті сақтау – аса маңызды міндет. Бұл – жауапкершілігі өте үлкен жұмыс. Еліміздің әрбір азаматы өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Ол үшін құқық қорғау жүйесі үйлесімді әрі тиімді жұмыс істеуі қажет. Синтетикалық есірткінің қолжетімділігі және оның барынша тез таралуы жастар арасында нашақорлықтың белең алуына әкеп соқтырады. Оларға нашақорлықтың қаншалықты қатерлі екенін үнемі түсіндіріп отыру қажет. Полиция есірткі өндіру, оны сату және таратуға қарсы белсенді күрес жүргізуі керек», - деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы ретте, Атырау облысы полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы «Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» негізінде жасөспірімдер мен жастар арасында нашақорлық мәселесі бойынша бірқатар іс-шараларды жүргізіп келеді. Мәселен, жыл басынан бері атыраулық полицейлер есірткіге қарсы тұрақты иммунитетті қалыптастыру, есірткіні қолданудың денсаулыққа зияндылығын түсіндіру бойынша 500-ге жуық профилактикалық іс-шара өткізген.
Атырау облысы полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқарма бастығының орынбасары полиция полковнигі Роман Ермұхановтың айтуынша, полиция департаменті әкімдікпен және прокуратурамен, сондай-ақ мемлекеттік үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, жас ұрпақтың санасын улаған психотропты дертпен күресте нашақорлыққа қарсы іс-шаралар кешенін тұрақты негізде іске асырып келеді.
- Атырау облысы полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жыл басынан есірткінің заңсыз айналымына байланысты 106 құқық бұзушылық дерегін анықтады. Оның ішінде есірткі заттарын заңсыз өткізу бойынша - 53 дерек анықталса, есірткі құралдарын аса ірі мөлшерде заңсыз сақтаудың – 7 дерегі тіркелді. Бұдан бөлек, заңсыз жарнама жасағаны үшін – 2 дерек және құрамында есiрткi заттары бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру бойынша - 7 қылмыстық құқық бұзушылық анықталды. Сонымен қатар, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы 6 ай ішінде заңсыз айналымынан 8 келіден астам есірткі заттарын тәркіледі. Оның ішінде ең ірі партиясы 3 келі 436,45 граммды құраған «Альфа PVP» синтетикалық заты. Сондай-ақ, облыс аумағында 1 фитолабораторияның жұмысы тоқтатылды, - деп атап өтті полиция полковнигі Роман Ермұханов.
Айта кету керек, есірткі тарату әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы орын алуда. Адамдардың есірткінің заңсыз айналымын болдырмау үшін тәртіп сақшылары белсенді профилактикалық жұмыстар кешенді түрде жүргізіледі. Мәселен, жыл басынан бері атыраулық полицейлер 496 профилактикалық іс-шара өткізді. Жедел уәкілдердің негізгі аудиториясы білім ошақтарында оқып жүрген жасөспірімдер, жазғы лагерьлердегі оқушылар, мектеп және аула клубтарындағы балалар болды. Сонымен қатар, есірткі туралы заңсыз жарнамасы бар 30 граффити суреттері жойылды.
Осы ретте, атыраулық полицейлер есірткі құралдарын, психотроптық заттарды сатумен, тасымалдаумен және насихаттағаны, заңсыз жарнамалағаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгендігін ескертеді.