Іс-шара жазғы-күзгі кезеңде, елдің оңтүстік өңірлерінде құрамында есірткі бар өсімдіктер шығатын маусымда өтеді. Операцияның негізгі мақсаттары – қарасораны өсіруге, дайындауға және шығаруға қарсы тұру, сондай-ақ есірткіні, оның ішінде олардың жаңа түрлерін таратумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтардың қызметін тоқтату. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов мәлімдеді. Спикер атап өткендей, арнайы операцияны іске асыру кезінде өсімдіктерді әлеуетті өсіру орындарында, оның ішінде өту қиын учаскелерде күштер мен құралдарды орналастыру қамтамасыз етіледі.
Жедел алдын алу шаралары үш кезеңде өткізіледі: дайындық-ұйымдастырушылық және қаржылық мәселелер жүзеге асырылады; жедел-барлау-ақпарат жинау және барлау; негізгі іс-шаралар өткізу.
Комитет басшысының орынбасары үш айлық операцияның нәтижелері бойынша есеп берді. Қорытындысы бойынша 677 есірткі қылмысы анықталды, оның ішінде 242 өткізу фактісі, 220 қарасора өсіру фактісі тіркелді.
Операция кезінде құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіру мен оның шикізат базасы орналасқан елдің оңтүстік өңірлеріне ерекше назар аударылады. Жамбыл облысының 7 ауданында жабайы қарасора өсетін аумақтың жалпы ауданы 63 мың гектардан асады. Шу өңірінде «Дельта-Алқап» өңіраралық бөлімі жұмыс істейді. Спикер Қызылорда өңірі және оған іргелес жатқан Ақтөбе, Ұлытау және Түркістан облыстарының аудандары және соңғы жылдары Алматы және Жетісу облыстары құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіруден зардап шеккенін хабарлады.
Операция кезінде Ұлттық ұланның тікұшақ техникасын қолдана отырып, әуе барлауы жүргізіледі. Бұдан бөлек, барлық өңірде жедел-іздестіру және тосқауыл қою іс-шаралары, оның ішінде жетуге қиын жерлерде де үздіксіз жүргізілуде. Есірткі жеткізудің ішкі арналарының жолын кесу бойынша іс-шаралар тұрақты негізде жүргізіледі. Жедел профилактикалық іс-шара кезеңінде барлығы 34 есірткі жеткізу арнасы, оның ішінде 1 халықаралық канал тоқтатылды. Есірткі қылмыстарымен күресу үшін спутниктік жүйелердің мүмкіндіктері қолданылады. Күдікті учаскелерді қашықтан зондтау жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта ондаған координат алынып, оларды тексеру жүргізілуде.