Салық реформасы
Дәл осылайша салық төлеу мәдениеті қалыптасады: ол мәжбүрлі міндеттен заманауи патриотизмнің бір түріне айналады. Ал бұл, өз кезегінде, сыбайлас жемқорлықты қабылдамауға апаратын тура жол. Адал салық төлеушілер өздерінің ақшасы алаяқтардың қалтасында қалуына мүлде төзбейді.
Маңызды тезис – халықтың қаржысына қатысты мемлекеттік бақылаудың күшеюі міндетті түрде қоғам тарапынан сол қаражаттың қалай жұмсалатынына бақылаудың артуымен қатар жүруі тиіс. Баспасөз мәслихаттарында журналистерден қашу, мемлекеттік сатып алулар туралы ақпаратты жасыру, сондай-ақ осы мәселелер бойынша қойылған сұрақтарды елемеу – Президент саясатына қарсы жасалған диверсия болмақ.
Жасанды интеллект
Жасанды интеллекттің пайда болуымен болашаққа қадам басып үлгеретін елдер мен өткен дәуірде қалып қоятын мемлекеттердің арасында өзіндік шекара пайда болды.
Технологиялардың жиналу жылдамдығы мультипликативті әсермен өсіп келеді: технология неғұрлым көп болса, мемлекет соғұрлым тез әрі көп жаңа технология өндіре алады. Адамзат тарихында мұндай қарқынмен технологиялық даму бұрын-соңды болған емес. Ал бұл жарыста үмітсіз артта қалған елдер тіпті өз егемендігінен айырылу қаупіне тап болуы мүмкін.
Атом энергетикасы
Қазақстан сенімді энергия генерациясынсыз экономиканың жаңа технологиялық моделіне өте алмайтынын түсінуі керек. Бірнеше атом электр станциясын салу – бір жағынан тарихи абсурдты түзету, яғни уран өндіруде әлемдік көшбасшы бола отырып, бірде-бір АЭС салмау қисынсыз. Екінші жағынан, бұл – Қазақстанның беделі.
Сонымен қатар атом станцияларын салу арқылы біз техникалық интеллигенцияның жаңа буынын дайындаймыз. Ал бұл, өз кезегінде, мемлекеттік саясаттың мәнін түбегейлі өзгертеді.
Мұнда екі маңызды мәселе бар. Біріншіден, Қазақстанға жаңа энергия қуаттары қажет. «Жасыл технологиялар» өте қымбат, тұрақсыз әрі мұндай ауқымда электр энергиясын өндіре алмайды. Көмір қоры бар, оны әрі қарай пайдалану қажет, бірақ ең заманауи сүзгілердің өзінде қалдықтар мен шығарындылар мәселесі сақталады. Сонымен қатар бұл салаға, әсіресе шетелдік инвесторларды тарту қиын. Газ қоры да ел көлемінде көп емес. Сондықтан, уран өндірісі жолға қойылған жағдайда, ең қисынды таңдау – атом энергетикасы.
Екіншіден, технологиялық интеллигенцияның жаңа қабатының қалыптасуы қоғамға оң әсер етеді. Жоғары білімді мамандардың үлесі артқан сайын маргинал элементтердің саны да, қоғамның оларға бейімделгіштігі де азаяды.
Қаңтар оқиғасы
Алматыдағы бейберекетсіздік туралы көп айтылады, бұл түсінікті. Алайда тәртіпсіздіктер зұлым сиқыршының таяғын сілтегендей емес, нақтырақ айтқанда, бүлікшілердің бұйрығымен бір мезетте елдің он екі қаласын қамтып, көптеген облыс әкімдіктері мен құқық қорғау органдарының ғимараттарын басып алуға әкелгенін ұмытпауымыз керек.
Тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар «революциялар» бойынша мамандардың жетекшілігімен Үкіметтің отын бағасын көтеру туралы шешімін пайдаланып, халықты жаппай наразылыққа шығарды. Кейін азаматтар, мемлекеттік қызметкерлер, тіпті бірқатар күштік құрылым қызметкерлері арасында дүрбелең туғызылды. Олар қызмет орындарын тастап, құпия құжаттар мен қару-жарақты қалдырып кеткен. ҰҚК мен ІІМ-нің бірқатар басшылары Отанға адалдық пен кәсіби біліктілік сынағынан өте алмады.
Жалпы алғанда, мемлекетті қорғауы тиіс адамдар оны қорғауға тырыспаса, ешбір мемлекет пен мемлекеттік аппарат төтеп бере алмайды.
Дипломатиялық белсенділік
Жоғары деңгейдегі сыртқы саяси іс-шаралардың тығыз кестесі Қазақстанның халықаралық беделінің артқанын, халықаралық құқық субъектісі ретіндегі сұранысының жоғары екенін көрсетеді. Шетелге жасалған сапарлармен қатар, Астанаға Азия, Еуропа және Таяу Шығыстың ықпалды мемлекеттерінің басшылары келді.
Әрбір келіссөздің артында экономикалық және инвестициялық ынтымақтастыққа қатысты түйінді мәселелер тұр. Өткен жылы экономиканың басым салаларын дамытуға бағытталған 70 миллиард доллардан астам сомаға құжаттарға қол қойылды.
Сыртқы саясаттың қазіргі таңда екі басты міндеті бар. Біріншісі – инвестиция тарту. Ел халқы қарқынды өсіп келеді, сондықтан өсіп келе жатқан ұрпаққа жұмыс орындарын қазірден бастап дайындау қажет. Әйтпесе жастардың шетелге жаппай көшуі мен ел ішінде қалғандардың маргиналдану қаупі бар. Екінші міндет – халықаралық қақтығыстарға толы әлемде еліміздің «бейтарап-достық» мәртебесін сақтау. Соңғы оқиғалар (соның ішінде Венесуэладағы жағдай) халықаралық құқықтың терең дағдарыста екенін көрсетті: кім күшті – сол дұрыс. Сондықтан өзге ойыншылардың елімізге қарсы күш қолдануға ниеті болмауы үшін бар күшті салу қажет.
Жеке сұрақтар
Менің халықаралық дауларда делдал болуға да, БҰҰ-ға қайта оралуға да ниетім жоқ, дегенмен бірқатар елдер тарапынан мұндай ұсыныстар болды. Алайда жабық консультациялар мен пікірталастарға қатысамын, себебі бірқатар мемлекет басшылары менің пікіріме қызығушылық танытады.
Өткен жылы менің мемлекеттік қызметтегі еңбек жолыма 50 жыл толды. 1975 жылдың қыркүйегінде мен алғаш рет КСРО Сыртқы істер министрлігінің табалдырығын аттадым.
Менің саналы ғұмырым өзін-өзі тәртіпке шақыруды, жауапкершілік пен жүйелілікті талап ететін мемлекеттік қызметпен байланысты. Бұл менің мінезім мен дүниетанымымның қалыптасуына әсер етті. Сондықтан «Сіз кімсіз?» деген сұраққа қысқа ғана жауап беремін: мен – мемлекетшілмін.
Жеке сұрақтарға жауап бере отырып, Президент барынша ұстамдылық танытты. Мұндай ұстаным қажет те. Біздің елге ғана емес, бүкіл өңірге тән проблема – өз-өзіне табыну, жеке тұлға культін жасауға ұмтылу. Лауазым жоғарылаған сайын мұндай ниет те, мүмкіндік те арта түседі.
Ал өзін уақытша мемлекеттік функцияны атқарушы адам ретінде қабылдау – мұндай үрдістерге қарсы ең тиімді тосқауыл.
Назарбаев пен Путиннің кездесулері туралы
Бұл кездесулер тұрақты түрде өтіп жатқанымен, бейресми сипатқа ие. Мұны Ресей Президентінің өзі де атап өтеді. Санкт-Петербургтегі соңғы кездесуде Владимир Путин маған Нұрсұлтан Назарбаевты оның жеке өтініші бойынша қабылдағанын айтты.
Ресей Президенті достары мен әріптестеріне деген ізгі қарым-қатынасымен ерекшеленеді. Жұмысының тығыздығына қарамастан, сенбі күні Қазақстанның Тұңғыш Президентімен асықпай әңгімелесуге уақыт тапты.
Мен мұндай кездесулердің мазмұнына қызықпаймын, ешқашан бұл туралы сұрақ қоймаймын.
Бұл түсініктемені толық деп санауға болады. Назарбаев толыққанды саяси зейнетте. Жасы келген адам ретінде ол өткен өмірін, бірге жүрген әріптестерін еске алады. Сондықтан адами тұрғыдан алғанда, бұрынғы әріптестерімен кездесуге деген ықыласын түсінуге болады, әсіресе бұл оның пікірінше даңқты өткен шақты еске салса.
Ал Ресей Президенті жеке байланыстарды жоғары бағалайтыны белгілі. Өз елінен тыс жерде сенім арта алатын адамдар саны да көп емес. Сондықтан мұндай кездесуге келісім беруі де түсінікті.
Тарихқа көзқарас
Мен кәсіби тарихшы емеспін, сондықтан өткен дәуірлер туралы көпшілік алдында сирек сөйлеймін. Бірақ тарихқа қызығамын, кітаптар мен мақалалар оқимын. Сонымен бірге тарихи деректерді бүгінгі саяси мүдделерге сай бұрмалауға болмайды деп есептеймін.
Болашаққа ұмтылған қоғам, біртұтас ұлт ретінде біз өз тарихымызды қандай болса, сол күйінде қабылдауымыз керек. Мифтер бізге қажет емес, олар ұлттық санаға зиян келтіреді. Тарих қоғамды біріктіретін фактор болуы тиіс, ал дау мен араздықтың себебіне айналмауы керек.
Тарихқа ғылым ретінде қарау қажет: эмоцияны шетке ысырып, ақ пен қараға бөлінбейтінін мойындау керек. Тарих ешкімге реніш артудың құралына айналмауы тиіс. Бұл – мемлекеттер арасында да, ел ішінде де іріткі салатын тұйық жол.
Идеология туралы
Әлемде мультикультурализмді, этникалық және конфессиялық төзімділікті қолдайтындар мен радикалды ұлтшылдықты жақтайтындар арасында қақтығыс жүріп жатыр. Менің ойымша, екеуі де қателеседі. Себебі Азияда ежелден заң мен тәртіпке негізделген «әсем үйлесім» формуласы бар.
Салық мәселесіне қатысты жауапты (сондай-ақ басқа да бірқатар тезистерді) қорытындылай келе, Президенттің патриотизмге берген анықтамасын жинақтауға болады. Оның пікірінше, патриотизм – кеудені ұрып, ұрандату емес, ел заңдарын сақтау және оны дамыту жолында адал еңбек ету.
Қоғам үнемі бөлінуге ұшырап отырған қазіргі заманда, «өзге» мен «бөтенді» қарсы қою, өзгелерді барлық проблеманың себебі ретінде көрсету кең тараған кезде, патриотизмнің мұндай түсіндірмесі қоғамды біріктіруге қызмет етуі тиіс.

