RSS лента

Қарызға батқан жастар көбейді

  • 04.12.2025, 15:08,
  • 20
  • 0
  • Автор:
Автор фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Жастарға шағын несиенің оңай беріліп жатқанына алаңдаған сенатор Геннадий Шиповских еліміздің Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымоваға депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

"Соңғы жылдары елімізде ерекше алаңдаушылық тудырып отырған маңызды мәселелердің бірі – кәмелетке енді толған жастардың микроқаржылық ұйымдардан несие рәсімдеуінің күрт өсуі, - делінген депутаттық сауалда. – Бұл жеке азаматтардың қаржылық қиындықтары ғана емес, сонымен бірге елдің әлеуметтік тұрақтылығы мен экономикалық қауіпсіздігіне ықпал ететін ұлттық деңгейдегі проблемаға айналып отыр.

 

Өмірлік тәжірибесі аз жастар уақытша қиындықты еңсеру үшін түрлі кредиттік ұйымдарға жүгініп, жоғары пайыздық мөлшерлемелер мен өсімпұлдардың кесірінен қарызды өтей алмай, қиын жағдайға қалуда.

 

Біз Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне 18 жастағы қанша азаматтың несие алғаны және оларға несие рәсімдейтін микроқаржылық ұйымдардың тізімі жөнінде ресми сұрау хат жолдадық. Алайда, Агенттік мұндай деректер жүргізілмейтінін хабарлады. Соған қарамастан, халықпен кездесулерде және әлеуметтік желілерде жастардың басым бөлігінің банк есепшоттары бұғатталып, қарыз жүктемесіне тап болып отырғанын байқаймыз. Бұл мәселе қоғамда кеңінен талқыланып жатқанымен, Агенттіктің ақпараттық ашықтығының жеткіліксіздігі жағдайды толық әрі нақты бағалауға мүмкіндік бермей отыр.

 

Мұндай жағдайдың орын алуына несиенің тым жеңіл әрі жедел рәсімделуі, микроқаржылық ұйымдардың жастарды нысанға алған агрессивті жарнамасы және қаржылық сауаттылықтың төмендігі әсер етуде.

 

Сенатта бұл мәселе бұрын да көтерілген, сенатор Е. Больгерт қаржылық мәдениетті ерте жастан қалыптастыру қажеттігін айтқан, ал AMANAT партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында азаматтар қаржылық сауаттылық бойынша офлайн және онлайн сабақтардан өтіп келеді. Дегенмен, мектептер мен колледждерде қаржылық сауаттылық толыққанды міндетті пән ретінде енгізілмегендіктен, жастардың қаржы құралдарын түсіну деңгейі әлі де жеткіліксіз.

 

Сонымен қатар, микрокредиттік ұйымдарды реттеудегі кемшіліктер де жағдайды ушықтыруда: жеке деректерді енгізу арқылы бірнеше минут ішінде несие рәсімдеу мүмкіндігі жастарды ойланып-толғанбастан қаржылық міндеттеме қабылдауға итермелейді. Бұл олардың психологиялық жай-күйіне теріс әсер етіп, күйзеліс пен әлеуметтік оқшаулануға әкелуі мүмкін.

 

Жоғарыда көрсетілген мәселелерді ескере отырып, Агенттікке жастардың микроқаржылық қызметтерге қолжетімділігін реттеуге бағытталған жүйелі шараларды шұғыл түрде қабылдау қажет деп санаймыз.

 

Ең алдымен, онлайн және офлайн форматта берілетін микрокредиттердің 18 жастан бастап, ешқандай қосымша тексерусіз және несие тарихына қарамастан рәсімделуін тоқтату қажет. Несиені рәсімдеудің ең төменгі жасын 21-ге дейін көтеру және осы жас санатындағы азаматтардың табысын, шығынын, тұрақты кірісінің бар-жоғын, қаржылық мінез-құлқын жан-жақты бағалайтын күшейтілген тексеру механизмін енгізу маңызды.

 

Сонымен қатар, қаржылық мәдениетті қалыптастыру мақсатында тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп мектептер мен колледждерде қаржылық сауаттылықты міндетті пән ретінде енгізу қажет. Бұл пән жастардың жеке қаржы басқару, несие шарттарын талдау, тәуекелдерді анықтау, алаяқтықтан сақтану, онлайн қаржылық сервистерді қауіпсіз пайдалану сияқты практикалық дағдыларды меңгеруіне бағытталуы тиіс.

 

Бұдан бөлек, қарыздық жүктеме салдарынан психологиялық немесе құқықтық қиындықтарға тап болған жастар үшін тегін психологиялық көмек, құқықтық кеңес және қаржылық консультация ұсынатын мемлекеттік онлайн-платформа және өңірлік қолдау орталықтарын құру қажет".

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости
Популярно
  • Сутки
  • Неделя
  • Месяц