КӨРШІ МЕМЛЕКЕТТЕРДЕГІ ГЕОСАЯСИ ШИЕЛЕНІС ОТАНДЫҚ ҚАРЖЫ НАРЫҒЫНА ДА ӘСЕРІН ТИГІЗДІ. ЕЛІМІЗДЕ ҚОС БАНК САНКЦИЯ САЛДАРЫНАН ТҰТЫНУШЫЛАРЫНА ТОЛЫҚ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕ АЛМАЙ ОТЫР. АҚШ-ТЫҢ ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІНДЕГІ ШЕТЕЛДІК АКТИВТЕРДІ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫ (OFAC) РЕСЕЙЛІК «СБЕРБАНК» ПЕН «АЛЬФА-БАНККЕ» ҚАТЫСТЫ ШЕКТЕУЛЕРДІ КЕҢЕЙТТІ. БҮГІНДЕ ЕКІ ҚАРЖЫ ҰЙЫМЫНА ҚАТЫСТЫ ЖҰРТШЫЛЫҚ АРАСЫНДА ТҮСІНІСПЕУШІЛІКТЕР ТУЫНДАП, ҚАРЫЗДАРЫН ӘРІ ҚАРАЙ ҚАЛАЙ ӨТЕРІН БІЛМЕЙ ДАЛ БОЛСА, АГЕНТТІК БҰЛ АХУАЛ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БАНКТЕРГЕ ӘСЕР ЕТПЕЙТІНДІГІНЕ СЕНДІРЕДІ.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Сыртқы коммуникациялар басқармасының хабар-лауынша, OFAC Альфа-Банк пен 6 мамырға, Сбербанкпен 13 сәуірге дейін мәмілелер аяқтау мерзімін белгіледі. Яғни, енді бұл екі банктің клиенттеріне АҚШ долларындағы төлемдер және аударымдар қолжетімсіз болады. Бірақ, төл теңгеміздегі банкішілік операциялар жалғаса бермек. «Альфа-Банкке» қатысты енгізілен санкциялар бірқатар уақытша шектеулерге әкелді. Банк жеке және заңды тұлғалар үшін АҚШ долларындағы және Еуродағы аударымдарды уақытша тоқтатты. Бұдан басқа, жеке және заңды тұлғалар үшін банкоматтар мен РОS терминалдардың меншікті желісінен тыс Visa және MasterCard карталарының қызмет көрсету аясы шектелді. «Альфа-Банк» уақытша жеке және заңды тұлғалар үшін қолма-қол ақша алуға және аударым жасауға лимиттер енгізді. Несие беруді тоқтатты. Тіпті, өзге екінші деңгейлі банк карталарынан терминалдар арқылы төлем қабылданбады» делінген хабарламада. Алайда, өз валютамызда барлық банктік операциялар, атап айтқанда, банкоматтардан қолма-қол ақша алу, мобильдік қосымшадағы ақшаны теңгемен тәуліктік лимит шегінде басқа банктерге, шот деректемелерін аудару жалғасатын болады. Сондай-ақ, коммуналдық қызметтер, ұялы байланыс және басқа да қызметтер бұрынғы қалпында жүргізіле береді.
– Көрші мемлекеттің еншілес банктері клиенттер алдындағы міндеттемелерін уақытылы және толық көлемде орындайды. Соның ішінде салымдарға, несиелерге қызмет көрсету, ақша қабылдау және беру тоқтамайды. Бұл банктер депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысатын болғандықтан, қаражат сол қалпында сақталады. Сондықтан, алаңдауға негіз жоқ, – дейді агенттік өкілдері.
Мамандар «Сбербанкте» де жағдай тұрақты екендігін айтады. Банктің міндеттемелерін өтеу үшін 1,6 трлн. теңге сомадағы жоғары сапалы несие портфелі бар көрінеді. Қазір қазақстандық «Сбербанкте» 400 млрд. теңге көлемінде капиталдың жеткілікті қоры бар. Бұл қаржы ұйымының төлемдер мен аударымдарды үздіксіз атқаруға мүмкіндік бермек. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өз тарапынан банк секторындағы ахуалға күн сайын мониторинг жасап отырғанын, қажет болған жағдайда сыртқы экономикалық тәуекелдердің қаржы нарығының тұрақтылығына ықпалын әлсірету үшін шаралар қабылдайтынын хабарлады. Жалпы, еліміздің қаржы нарығындағы жағдайды атыраулықтар да сезініп отыр. Қос банкте несиесі бар тұрғындар берешектерін басқа екінші деңгейлі банк арқылы өтей бастады.
Ұлттық банктің Атырау облыстық филиалынан алған мәліметтерге жүгінсек, өңірде екінші деңгейлі банк арқылы берілген несиелер бойынша қарыз 524,1 млрд. теңгені құрайды. Бұл өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 9,2 пайызға жоғары. Ал, аймақтағы айырбастау пункттерінде қаңтар-ақпан айларының өзінде 61 млн. АҚШ доллары сатылып, былтырғы кезеңмен салыстырғанда 66,1 пайызға өскен. Бұдан басқа, халыққа 2,6 млн. еуро, 1085,4 млн. Ресей рублі сатылған.