Мынадай жағдайды елестетіп көрейікші: сіз ескі болса да, жұмыс істеп тұрған телефонды сататын болдыңыз. Тегін сайт арқылы хабарландыру бересіз. Адамдар бірден хабарласа бастайды. Ол телефоныңызды саудаласпай-ақ алып кетуге дайын. Сіздер бәрін егжей-тегжейлі талқылап, сатып алушы төлем жібереді. Алайда картаңызда ақша болмайды. Ештеңе қалмайды. Алаяқтар дәл осылай жұмыс істейді. Оларды дер кезінде қалай тануға болатынын айтып берейік.
Схема қандай болады?
Алаяқтар тегін сайттардағы барлық жаңа жарнамаларды қадағалап отырады. Олар сатып алушы болып тауар сатылатыны туралы хабарландыру авторларымен байланысады. Алаяқтар мессенджерлерге қоңырау шалуы да, жазуы да мүмкін. Өнімнің жағдайы мен сапасына қатысты бірнеше сұрақ қойып, бәрі ұнайтынын және оны дәл қазір сатып алуға дайын екенін айтады. Бірақ алаяқ басқа қалада тұрады немесе қолы бос болмай, тауарды өзі алып кете алмайды. Ол жеткізілім мен тауар ақысын онлайн төлеуді ұсынады. Ықтимал зардап шегушіге сатып алушы жіберген ақшаны қабылдауға арналған сайтқа сілтеме жіберіледі, онда банк картасының деректері мен SMS-кодты енгізу қажет. Деректерді енгізгеннен кейін «сатып алушы» байланысқа шықпай қояды, ал сатушы картасындағы бүкіл ақшасынан айырылады.
Ақшаны қалай алады?
Алаяқтар сізге жалған сайтқа сілтеме жібереді. Ол жеткізу қызметінің немесе ресми төлем жасау қызметінің сайтына ұқсайды. Жалған сайтта енгізген карта нөмірі, оның жарамдылық мерзімі, иесінің аты-жөні және CVC\CVV коды алаяқтарға көрініп тұрады. Олар сіздің деректеріңізді алып, рас сайтта тереді.
Банк сізді алаяқтардан қорғау мақсатында операцияны растау үшін телефоныңызға код жібереді. Хабарламада біреуге ақша жіберіп жатқаныңыз (алаяқтар айтқандай ақша алып жатқан жоқсыз) жазылады. Бірақ сіз оған мән бермейсіз. Сіз кодты жалған сайтта тересіз. Алаяқтар оны көріп, рас сайт арқылы ақшаңызды шығарып алады.
Сондықтан ұдайы ескерту айтылып жатады: бейтаныс адамдар жіберген сілтемелер бойынша өтпеңіз!
Сатып алушы тауарды «Қазпошта» немесе СДЭК арқылы төлейді – бұған сенуге бола ма?
Жоқ. СДЭК-те де, «Қазпоштада» да жеке тұлғаларға картадан картаға ақша аударымдарын жасауға мүмкіндік беретін сервис жоқ. post.kz және cdek.kz ресми порталдарында компания қызметтерінің толық тізімі бар. Олардың арасында сілтеме арқылы ақша алу схемалары жоқ.
Сатып алушы жеке куәлігінің суретін жіберді – сенуге бола ма, жоқ па?
Жоқ. Оның суреті бойынша құжаттың түпнұсқалығын тексеру мүмкін емес. Заманауи бағдарламалармен кез келген суретті салуға болады.
Алаяқтарды тағы қалай тануға болады?
Сізді алаңдатуға тиіс бірнеше жағдай бар:
Олар саудаласпайды.
Өнімнің сапасы туралы сұрақтарды жай қояды: егжей-тегжейлі сұрамайды, нақтыламайды.
Тауарды өздері алып кете алмайтынын айтады.
Тауар үшін банктік аударым арқылы төлеуден бас тартады.
Мен тегін жарнамалар сайты арқылы бір зат сатпақпын. Өзімді қалай қорғай аламын?
Тауарды кездескен кезде сатқан дұрыс
Егер затты курьер арқылы жіберу керек болса, онда сатып алушыдан қызметі үшін курьердің өзіне, тауар үшін ақшаны картаңызға аударуды сұраңыз. Мысалы, телефон нөмірі бойынша.
Карта деректерін белгісіз сайттарда қалдырмаңыз. Бұл алаяқтар жасаған фишингтік платформалар болуы мүмкін.
Қорытындылай келе, сатып алушы болып көрінетін алаяқтарды тану қиын емес. Ең бастысы, сақ болып, күмәнді төлем схемаларына сенбеу.
«Kaspi.kz алаяқтарға қарсы» науқаны аясында жаңа ролик көрерменге жол тарты – ол тегін хабарландыру сайттары арқылы әрекет ететін алаяқтар туралы. Қарап көріңіздер.