Заманауи технологиялар мен пайдаланылған заттарды сатуға арналған әртүрлі платформалар арқылы бұл барынша тез және ыңғайлы болады. Алайда, өздерін «сатып алушылармыз» деп адамдарды алдап, ақшасын иемденіп кететін алаяқтар да бар. Бұл туралы stopfake.kz мәлім етті. Қауіпсіз әрекет ету үшін неге назар аудару қажет екенін айтып өтейік.
Алдаудың жолдары қандай?
Оның бірнеше түрі бар. Ал кең тарағандары - әлеуетті жәбірленушіні қорғалған маркетплейстен шығарып алып, үшінші тарап қызметі арқылы тауар үшін төлем жасауды ұсыну.
Бірінші жолы – алаяқ ықтимал жәбірленушімен тікелей тауар сатылатын сайтта байланысқа шығады. Әдетте, алаяқтар оны сатып алатындарын айтып, сатушыдан мәселені талқылау үшін белгілі бір мессенджерге өтуін сұрайды. Сөйтіп жәбірленушіге фишингтік ресурсқа сілтеме жібереді немесе картасының деректерін басқа жолмен алдап, біліп алады.
Екінші жолы сәл күрделірек. Алаяқтар ықтимал жәбірленушімен тікелей байланысқа шығады. Олар сатылатын заттың күйін сұрап, фотосуреттер мен бейнелер жіберуді өтінеді. Содан кейін қылмыскерлер тауарды сатып алуға дайын екендерін, бірақ басқа қалада тұратындарын, бірақ бұған қарамастан, тауар және оны курьермен жеткізу үшін өз қалтасынан ақша төлейтіндерін айтады. Жеткізілім ақысын Қазпошта, СДЭК немесе басқа логистикалық компаниялар арқылы төлемек болады. Ол үшін әлеуетті жәбірленушіге курьер келетін мекен жай мен ақша жіберілетін картаның деректері жазылатын сайтқа сілтеме жібереді. Шын мәнінде, бұл фишингтік сайт болады және онда жазылған барлық ақпарат тікелей алаяқтарға түседі. Осылайша олар жәбірленушінің картасындағы барлық қаражатты толық иемденіп кетеді.
Алаяқтардың айласына түспеудің жолы
Біріншіден, әлеуетті сатып алушының өтінішімен үшінші тарап мессенджерлеріне немесе қолданбаларына өтпеңіз. Тауарды алатын адам хабарласудың сізге ыңғайлы жолын табады.
Екіншіден, төлемді картаға делдалдар арқылы қабылдауға келіспеңіз. Заманауи технологиялар картадан картаға картаның нөмірі немесе ол тіркелген ұялы телефонның нөмірі бойынша аударым жасауға мүмкіндік береді. Бейтаныс адамдардың өтінішімен үшінші тарап ресурстарына қандай да бір деректерді енгізуге, сондай-ақ CVC немесе CVV қалдыруға болмайды.
Үшіншіден, бір қарағанда логистикалық және электрондық пошта компанияларының ресми сайттарына апаратын скриншоттарға немесе сілтемелерге сенбеңіз. Алаяқтар қажетті ақпарат ұсынылған скриншотты графикалық редакторларда жасай алады. Сілтемелер де жалған және түпнұсқадан мүлдем өзгеше болуы мүмкін: мысалы, post.kz орнына past.kz.
Осы қарапайым ережелерді сақтап, қырағылық танытсаңыз, өзіңізді алаяқтардан сақтайсыз және тауарды онлайн режимде толығымен қауіпсіз сатып алып, сата аласыз.