RSS лента

ҚАЗІРГІ ЖАСТАР ҚАЙ ТІЛДЕ СӨЙЛЕП ЖҮР?..

  • 15.04.2024, 15:30,
  • 4 318
  • 0
  • Автор:
Автор фото: Амандық Сағынтайұлы, egemen.kz, "Әдебиет порталы"

Тіл – сәт сайын жаңарып тұратын тірі ағза іспетті. Оны өзгеріске түсіретін қоғамның бір бөлігі – жастар. Олар қай мемлекетте де қоғамның қозғаушы күші болып табылады. Қазақстанда 5 миллионға жуық жас тіркелген. Бұл – жалпы халықтың шамамен 30 пайызы деген сөз. Ендеше, сол жастарымыз қай тілде сөйлесіп жүр? Олар ана тіліміздің дамуына қандай үлес қосуда? Біз осы мәселені жан-жақты талқылап, арнайы журналистік зерделеу жүргіздік, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Жаргон және сленг

 

Жалпы, тіл білімінде «жаргон» және «сленг» деген ұғымдар бар. Бұлар – белгілі бір ортада ғана қолданылатын сөздер. Әдетте оларды жастар жағы жиі қолданады. Бұл қазақ тілінің сөздік қорына керек пе, әлде кедергі ме? Мұны біз Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетіндегі қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы Нұргүл Сәлімовадан (суретте) сұрап білдік.


 

– Қазіргі ғылымда жаргон мен сленг өзара синонимдес сөздер ретінде қарастырылады. Олардың өздеріне тән тілдік ерекшеліктері бар. Жаргон сөздер сонау 1750 жылы көше тілі болып тіркелген. Кейін қоғамның қажеттілігіне қарай әбден белең алып, кейбірі тіпті әдебиеленіп те кеткен. Мәселен, қазірдің өзінде қолданыста жүрген «шпаргалка» сөзі бір кездері жаргондар қатарында болған. Әр буын ұрпақтың өз жаргоны болады, бұл – қалыпты жағдай. Ал, сленгтер 18 ғасырда шаруалар арасында пайда болып, әлеуметтік сипатқа ие болған. Яғни, қарапайым жұмысшылар өз қожайындарынан белгілі бір құпияны жасыру үшін арнайы сөздерді пайдаланған.

 

Енді екеуінің айырмашылығын айтар болсам, жаргонның өмірі сленгтен гөрі сәл ұзағырақ болады. Ал, сленг жиі жаңарып отырады, тіпті, уақыты келгенде тоқтап та қалады. Екіншіден, жаргонда эмоционалды-экспрессивті бояу – кекету, мұқату, мысқылдау басым келеді. Мысалы, «құлақтан тебу» – өтірік айту, «тізесі шығып кеткен» – ескірген, тағы басқа. Ал, сленгте эмоция мен мысқылға мүлде жол берілмейді. Бұлар – «общага» – жатақхана, «инет» – ғаламтор, «универ» – жоғары оқу орны және тағы сол секілді. Үшіншіден, жаргондар шағын әлеуметтік топқа тән, тілдік дербестігі жоқ тілдің бір тармағы болып табылады. Ал, сленг белгілі бір кәсіпке қатысты айтылады, - дейді ғалым.  

 

«Z» ұрпақ не дейді?

 

Расымен де, қазір жастардың бір-біріне айтатын сөздеріне құлақ түрсек, жаңа буын «Z» ұрпақтары қазақ тіліне неологизм, яғни, жаңа сөздер әкеліп жатыр ма деп те қаласыз. Бастапқыда құлаққа түрпідей тигенімен, кейін қалай санаға сіңісіп кеткенін де аңғармай жатамыз. Бүгінгі жаһандану дәуірінде жаргон мен сленг тіптен көбейді. Өйткені, зымырындай зулаған қазіргі уақытта адамдар аз сөзбен көп мағына беруге бейім. Осылайша, сөздерді қысқартып қолдану әдетке айналды. Ал, бұл тілдегі сөздік қордың азаюына алып келетіні даусыз. Осы орайда, жастардың өзі не ойлайды екен? Ендеше, біз олардың да пікірін білмекке ұмтылдық. Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің 4-курс студенті Гүлдана Тұрмағамбетова (суретте) қазіргі жастар қолданып жүрген сөздердің ана тіліне ешқандай зияны жоқ екенін айтады.

 

– Мойындаймын, өзім әдеби нормадағы сөздерді күнделікті өмірде көп қолдана бермеймін. Бірақ, бұл менің қазақ тілін жетік білмейтінімді білдірмейді. Керісінше, мектеп қабырғасында қазақ әдебиетінің классикалық шығармаларын жата-жастана оқыған жандардың бірімін. Әйтсе де, жастардың психологиясы ересектерден бөлектеу болады ғой. Мәселен, кейде өзгелерден ерекшелену үшін жаргон не сленг сөздерді қолданатыным рас. Себебі, жастардың көбі жасырын сөйлескенді ұнатады. Екіншіден, әдеби сөздер кейде қабылдауға қиын, күрделі болып көрінеді. Осы кезде сленгтер көмекке келеді. Сөйтіп, оларды қиын сөздердің жеңіл баламасы ретінде пайдаланамын.

 

Мысал келтірсем, «вайпты құрттың ғой» дейміз. Бұл ағылшынның «vipe», яғни, «көңіл-күй» деген сөзінен пайда болған сленг. Сол секілді, «байтить ету» – ұқсау немесе келеке қылу, «рофл» – әзіл, «краш» – сұлу адам, «хайп» – танымалдылық, «хейттеу» – жамандау, өсектеу, «кринш» – ұят, «жиза» – өміршең, «сущняк» – сусын, «ауф» – керемет, «гоу» – кеттік, «құлаққа лапша ілу» – алдау, «ботан» – оқымысты, «шарить ету» – түсіну, «типаж» – өркөкірек, «капустаға қарау» – материалдық жағдайға қарау және тағы басқа мысалдар толып тұр, - дейді ол.

 

«Перваш» емес, «балмұздақ» десе...

 

Айтпақшы, аға буын өкілдері жас кездерінде «қораға кіру» деген сленгті жиі қолданғандарын айтады. Олардан кейінгі буын бұл сөз тіркесін «косякқа кіру» деп өзгерткен. Неге? Бұған олардың өмір сүрген орталары әсер етсе керек. Орта буын өкілдері орыс тілі дүрілдеп тұрған кеңес заманында дүниеге келді ғой. Сәйкесінше, сол кездегі сленгтер орыс тілінен алынып отыр. Дұрысында, мұндай сөздерді шамадан тыс қолдану да ана тілімізге қауіпті. Өйткені, олардан кейде паразит және бейәдеп сөздер туып жатады. Солар уақыт өте келе әдеби сөздерді қолданыстан шығарып жіберуі де әбден мүмкін. Сондықтан мемлекеттік тілдің қолдану аясына келгенде қыран көзіндей қырағылық танытқан абзал-ақ.

 

Жалпы, біз де, яғни, журналистер қауымы да әркез мемлекеттік тіл жанашырларының қатарынан табыламыз ғой. Сондықтан, сленгтерді өзге тілден емес, өзіміздің ана тілімізден алсақ қалай болар екен деген ұсыныс та жоқ емес. Осы орайда, университет қабырғасында орын алған бір қызық жағдай ойға оралып тұрғаны. Оқу орнына кіріп келген бір адам жастардан «Журналистика мамандығының бірінші курс студенттері қай қабатта оқиды?» деп сұраған еді. Сонда олардың бірі «балмұздақтар екінші қабатта» деп жауап берді. Осы кезде жастар жиі қолданатын «перваш» деген сленгтің «балмұздақ» деген қазақша нұсқасы жанымызға балмұздақтай жақты! Құлақтың құрышын қандыратын сөз! Міне, туған тілін жан-тәнімен жақсы көрсе, жастар да ана тілімізді қазақша сленгтермен байыта алады деген сөз.

 

Тағы бір қызықты қараңыз, ғалымдар қоғам арасында сауалнама жүргізіп, жаргондар мен сленгтерді 12-22 жас аралығындағылар көбірек қолданатынын анықтаған. Ал, бұрын бұл көрсеткіш 15 пен 25 жас аралығын қамтыған екен. Бұған ғылыми-техникалық прогрес, әсіресе, ғаламтор мен әлеуметтік желінің дамуы әсер етіп отырғаны айтпаса да түсінікті. Бүгінде бесіктен белі шықпаған баланың өзі телефонға телміріп өсіп келеді емес пе? Ал, сол телефон қай тілде «сайрап» жатыр, оған мән беріп жатқан біз жоқ. Қалай болғанда да, ғаламтор мен әлеуметтік желіде қазақ тілді контент неғұрлым көп болған сайын ана тілінің де қадір-қасиеті соғұрлым арта түсері хақ.

 

Жеті тіл білетін оқушы

 

Осы мақаланы жаза отырып, біз бүгінгі жастарға үлгі болсыншы деген ниетпен он алты жасында-ақ жеті тілді жетік меңгеріп үлгерген полиглот Нұрай Жанес туралы айтқымыз келіп отырмыз. Атырау қаласында туып-өскен оның тіл үйренуге деген құштарлығы он жасында ояныпты. Қазақ, орыс тілдерінде екрін сөйлейтін ол бесінші сыныпта ағылшын тілін үйрене бастаған. Алты жыл бойы ақылы курстарда оқып, ағылшын тілінің өкілінен дәріс алған ол қазір бұл тілді жоғары деңгейде біледі. Одан кейін корей тіліне қызығып, оны өз бетімен үйреніп алыпты.

 

 

– Корей киносы мен әртістерін сүйсіне қараймын. Олардың тілін де меңгергім келді. Осылайша, тіл үйренуге деген махаббатым хоббиіме айналғандай. Испан, француз, түрік тілдеріне де ден қоя бастадым. Әуелі қиын көрінгенімен, ізденіс пен еңбектің нәтижесінде кедергілер біртіндеп артта қала берді. Қазір әлжеліде танысқан Франция, Түркия, Кореядағы достарыммен тұрақты хабарласып отырамын. Бүгінде өзім тілін үйренген елдердің мәдениетімен танысып жүрмін, – дейді Нұрай Нұрсұлтанқызы бізбен әңгімесінде.

 

Әл-Фараби атындағы «BINOM SCHOOL» мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы болашақта Кореядағы жоғары оқу орнында халықаралық қатынастар мамандығын меңгергісі келеді. Жуырда корей тілінде сынақ тапсырады. Мұнда алты деңгей болса, қазір соның үшінші сатысында екен. Испан, француз тіліндерін бастапқы, түрік тілін орташа деңгейде меңгерген. Түрікше ертегі оқығанды жаны сүйеді. Әзірге «мұнайлы астанада» Нұрайға бәсеке болар ешкім жоқ.  

 

– Әкем заңгер, анам есепші, үйде сіңлім мен інім бар. Үйде түрлі тілде сөйлеп қаламын. Бірақ, әрине, «өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген қағида мен үшін бірінші кезекте. Абайдың қара сөздерін үшінші мәрте қайталап оқып жүрмін. Үйде түрлі тілде отыздан аса кітап бар. Олар маған ерекше ыстық. Себебі, солар арқылы түрлі тілдерді таныдым. Сыйлыққа кітап алып-бергенді ұнатамын, – дейді жас полиглот.

 

Кейіпкеріміз алда жапон, араб, итальян, неміс тілдерін білгісі келеді. Бұл үшін ең бастысы, күніне кем дегенде үш-төрт жаңа сөз жаттауды әдетке айналдырған жөн екенін айтады. Яғни, ақылы курстарға ақша шашпай, ғаламтордың ғажайып мүмкіндіктерін пайдалану керек.

 

Сауатсыздық салғырттыққа соқтырмасын!

 

Келесі мәселе – жастардың әлеуметтік желі мен түрлі мессенджерлерде сөзді қате жазуы. Бір қызығы, олар сөзді әдейі қате жазады екен. Сөйтсек, мұның да салмақты себептері бар болып шықты. Бұны бізге болашақ әріптесіміз, журналистика мамандығы бойыншы білім алып жатқан Ғалия Аренова түсіндіріп берді.

 

 

– Жасырмаймын, мен де «инстаграм», «фейсбук» желісінде немесе «ватсап», «телеграмм» қосымшаларында өзімнің бауырларыммен және достарыммен сөйлескенде, «слм», «калаисн», «жакснба», «нестеватсн», «кеатрм», «жазватм», «отырққо», «цүнікті», «керекпес», «раха» деп әріптерді өзгертіп немесе «жеп» жазамын. Себебі, бұл жерде сөздің түсінікті болуы ғана маңызды. Яғни, мен газетке мақала жазып жатқан жоқпын ғой. Шүкір, «к» мен «қ», «н» мен «ң», «ұ» мен «ү», «о» мен «ө» әріптерін бір-бірінен ажырата аламын. Ал, егер әлеуметтік желіде жазба жарияласам, оны сауатты жазуға тырысамын. Себебі, оны көп адам көреді, оқиды. Сондықтан, сөзді қате жазу тек ғаламтор шеңберінде ғана шектеліп қалуы қажет деп ойлаймын. Одан басқа жерде сауатты жазылса жетіп жатыр. Әрине, бұл – менің жеке пікірім, - дейді ол.

 

Иә, «ватсап» шіркіннің ішінде құлақ құрғыр небір сөздерді естімей жатыр десеңізші! Жастарды былай қойғанда, ұстаздардың өздері чаттарда әріптерді үнемдеп пайдаланатынын қайтерсіз?! Арасында тіпті әріпті түгімен жұтып жіберетіндері де табылады. Сірә, Ұлы Абайдың «Бетті бастым, қатты састым. Тұра қаштым жалма-жан» деген сөзі осындайға арнап айтылғандай. Бұл – өкінішті емес, қорқынышты жағдай... Қалай десек те, мұндай үрдіс жақсылыққа апармайтыны айдан анық. Сондықтан тым болмаса, әлеуметтік желіде қате жазылған сөзді сол сәтте түзейтін бағдарлама енгізу керек шығар. Біздікі тек сауатсыздықтың соңы салғырттыққа әкеліп соқпаса екен деген тілек қана.

 

Қате қойша өріп жүр...

 

Ана тілімізді насихаттауы тиіс отандық көркем фильмдер де көңіл көншітпейді. Онда орыс тіліне басымдық берілген. «Неге?» деп режиссерден сұрай қойсаңыз, «қазақ тілі көрерменге қабылдауға қиын» немесе «кино шынайы шығуы үшін солай жасадық» деп ақтала кетеді. Осы ретте, «Абай ТВ» арасының бас редакторы Гүлнәр Салықбайдың да өз айтары бар...

 

Гүлнар Салықбай туралы 10 дерек - adebiportal.kz


– «Қажет», «тиіс», «керек» деген модальдық сөздердің ішінде тек «тиіс» сөзі ғана жіктеледі. Мысалы, «баруға тиіспін, баруға тиіссің, баруға тиіс». Ал «қажет», «керек» жіктелмейді. Қазір екінің бірі «бару керекпін», «баруыңыз керексіздер», т.б. деп сөйлейді. Бұл – қате. «-Ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе» сұрау есімдіктері жалғанғанда оның алдындағы етістік аяқталмай, көсемшенің «-а, -е, -й» жұрнағымен бітуге тиіс. Мысалы, «бола ма, келе ме, қарай ма», т.б. Ал, біздің журналистер «болады ма?» дегенді сәнге айналдырып алған. Бұл – сауатсыздық. Қазақ тілінде үш шақ бар екенін бәріміз де мектепте оқыдық. Осы шақ, өткен шақ, келер шақ. Осы шақ: оқып жатырмыз. Өткен шақ: оқыдық немесе оқығанбыз. Келер шақ: оқимыз. Біз «оқитын боламыз» деп жүрміз. Бұл орыстың «будем читать» дегенінің тікелей аудармасы. «Баруда, келуде». Қазақ тілінде «жатыр, отыр, тұр» деген сияқты көмекші етістіктер бар. Біз қазір сөзді азайтқымыз келе ме, «-уда», «-уденің» көмегімен жаппай осы етістіктерге «байкот» жарияладық. «Мен мақала жазып жатырмын» дегеннің орнына «Мен мақала жазудамын» дейміз. Осы «аурудан» құтылуымыз керек. Көптік жалғау орынсыз қолданылып жүр. Мысалы «шаш, су, ұн» деген сияқты сөздер көптелмейді. Сонымен қатар, жанды, жансыз заттың мөлшері, көлемі көрсетілсе, көптік жалғау жалғанбайды. Мысалы, біз «бір топ адамдар» дейміз. Адамның көп екені «бір топ» деген тіркестен-ақ белгілі болып тұр ғой, - дейді көпшілікті қазақ тілін қатесіз қолдануға шақырып жүрген жан. 

 

Жаһандық желіні былай қойғанда, іс-қағаздарда да қате қалқам өрістегі қойдай өріп жүр. Өзіміз журналист болған соң, күнде куә болып жүрген жағдай – білдей мемлекеттік органдардың баспасөз хабарламаларының өзі өрескел қатемен жазылып жатады. Ал, қыркүйекті «қыргүйек», көкөністі «көгөніс» деп жазып жүрген оқушыларға әбден обал болды. Әйтеуір, әркімнің жекеменшік жазу емлесі мен ережесі бар секілді көрінеді біздің елде...

 

ТҮЙІН

 

Қалай болғанда да, әрбір әріптің артында тұтас ұлт тағдыры тұрғанын түсінуіміз керек. Тіл – ұлтты сақтайтын бірден-бір құрал. Егер одан айырылып қалсақ, мемлекеттің тұтастығына да қауіп төнеді. Ал, бұған жол беруге болмайды. Біреуді күлкіге қарық қыламын деп қазақтың қасиетті сөзін қисық қолдануды дереу доғару қажет. Сондай-ақ, сән қуамын деп өзге тілдің сөзін қазақ тіліне тықпалай берудің де жөні жоқ. 

 

Қадірлі оқырман, бұл айтып отырғанымыздың бәрі – ащы да болса шындық. Олай болса, сөзіміздің соңын әдебиет алыптары – Мұхтар Әуезовтің тілімен айтсақ, «сын – шын болсын, шын – сын болсын», ал, Абайша айтқанда, «сын түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деген салмақты сөздермен аяқтағымыз келеді.


Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Суреттер автордікі

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости