RSS лента

Тілі шықпаған баладан басқасының бәрі балағаттап сөйлейді...

  • 21.04.2023, 01:17,
  • 578
  • 0
  • Автор:
Автор фото: uprostim.com

Қазақстанда әдепсіз сөз әдетке айналып барады, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Бұрын «іріген ауыздан шіріген сөз шығады» деп мас күйдегі адамға қарата айтушы едік. Ал, ішімдік ішу сәннен қалған қазіргі заманда тілі шықпаған баладан басқасы балағаттамаса жүре алмайтын жағдайға жетті. Сондықтан да аңдымай сөйлегендер үшін биыл әкімшілік жаза да күшейтілді. Яғни, қаңтарда қабылданған заң наурызда күшіне енді. Бірақ...  


Бұл – жаңа заң емес!

 

Аузына ақ ит кіріп, көк ит шыққандарды тәртіпке шақыратын Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 25-тарауындағы «Қоғамдық тәртіпке және имандылыққа қол сұғатын әкімшілік құқықбұзушылықтар» деп аталатын 434-бап бұрыннан да бар. Бұл ретте, тек жауапкершілік жүгі ғана артып отыр. Нақтырақ айтсақ, бұрынғы 15 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұл енді 20-ға өсті.

 

Жалпы, жазаны қатаңдату арқылы балағат сөзді сап тыюға бола ма? Қоғамдық орындағы мәдениет пен тәртіпті сақтаудың басқа қандай жолдары бар? Айыппұлдың артуы халықтың қалтасын қақпай ма? Азаматтардың заң күшімен емес, өз ерікімен сыйласып сөйлесуіне не кедергі? Міне, кезекті журналистік зерделеу барысында біз осы және өзге де сауалдарға жауап іздедік.

 

Сонымен, заң не дейді? Полиция департаментінің ресми өкілі Мейірім Ердәулет жазаның күшейтілгеніне құқықтық сауаттылықтың төмендігі себеп екенін айтады.

 

– Ұсақ бұзақылық деректеріне қатысты заң қазір ғана пайда болған жоқ. Қоғамдық орынды бүлдіру, ортақ мүлікті сындыру, өзгелердің намысына тиетін сөз айту, айналадағы адамдарды сыйламау секілді әрекеттерге қатысты қолданылатын жаза әлдеқашан енгізілген. Биыл тек салынатын айыппұл мөлшері ғана өзгерді. Ал, көпшілік мұны жаңа заң шықты деп түсініп жатыр. Осының өзінен қоғамның құқықтық сауаттылығы қаншалықты төмен екенін аңғару қиын емес. Жасыратыны жоқ, өз құқығын білмейтін азаматтар заң көмегіне жүгінбейді. Сөйтіп, уақыт жоғалтқысы келмейтінін айтып ақталғандай болады. Ал, мұны теріс пиғылды азаматтар өз мақсатына пайдалануда. Әкімшілік құқықбұзушылықтың өсіп отырғаны да сондықтан, - дейді ол. 

 

Айта кетейік, балағат сөз айтқан адамның кінәсін дәлелдейтін айғақтар болса, оны әкімшілік хаттама толтырушы лауазымды тұлға жинақтап, сотқа жолдайды. Бұл жұмыспен полицейлер айналысады. Егер сот шешімімен азамат кінәлі деп танылса, 69 мың теңге айыппұл салынып, 5-15 тәулік (қайталанған жағдайда – 15-30 тәулік) аралығында әкімшілік қамаққа алынады. Ал, дәлел жетпеген жағдайда, жауапкершіліктен босатылады. Бұл жерде дәлел деп аудио немесе бейнежазбаларды айтып отырмыз. Ондай дәлел болмаса, балағат сөздің айтылғанына тікелей куә болған екі адам керек болады. Сонда ғана әкімшілік іс қозғалады.

 

Әдепсіз сөз әдетке айналды

 

Мәселен, алақандай Атыраудың өзінде «102» байланыс операторына «абыройыма нұқсан келтірді» деп бір күн ішінде бірнеше тұрғын хабарласады екен. Тіпті, «103» нөміріне қоңырау шалып, оператордың өзін балағаттайтын азаматтар да бар. Олар бұл әрекетін «жедел жәрдем» қызметіне көңілдері толмағандықтарымен түсіндіріп әлек. Бірақ, бұл заң алдындағы жауапкершілікті жеңілдетпейді. Қайта керісінше, жағдайды одан сайын ушықтырып жібереді. Есесіне, енді ақ халаттыларға деген құрмет арта түссе, таң қалмаңыз!  

 

Айтпақшы, балағат сөз айтса да, қамауға алынбайтын азаматтар да бар екен. Олар – жүкті әйелдер, 14 жасқа дейінгі бала тәрбиелеп отырған аналар мен жалғызбасты әкелер, кәмелетке толмағандар, І және ІІ топ мүгедегі, 58 жастан асқан әйелдер мен 63 жастан кеткен ер азаматтар.  

 

– Қарапайым қоғамдық көлік ішіндегі күнделікті жағдайды алып қарайтын болсақ, жүргізуші мен жолаушылардың арасында сыйқымсыз сөздің неше түрі айтылады. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» демекші, жүргізуші жылдамдықты арттырғанда немесе телефонмен сөйлескенде жолаушылар наразылықтарын бейпіл сөзбен білдіреді. Сондай-ақ, жүргізушілер де телефонмен сөйлесу барысында көлікте үлкен-кіші отырғанына қарамастан балағат сөзді боратып жатады. Осылайша, жаман сөз күнделікті айтыла берген соң, оны естуге құлақ та үйреніп кетеді. Ал, ар-намысы тапталған жәбірленуші қолын бір-ақ сілтеп жүре береді. Яғни, заң қорғаушы органға шағымданып жатқандар өте аз. Сірә, қазақты «құрсыншы» құртады деген осы шығар, - дейді М.Ердәулет.

 

Психологтар не дейді?

 

Жалпы, балағат сөзді адамдар не үшін пайдаланады? Осы орайда, біз психолог мамандардың да пікірін білуді жөн санадық. Тәжірибелі психолог Ақмарал Шәріпованың ойынша,  қоғам балағат сөзден түпкілікті арылуы үшін әр адам мейірімді де қайырымды бола білуі керек. Айтуынша, адамды заңмен қорқытып тәртіпке шақыру мүмкін емес.

 

– Балағат сөздің күнделікті өмірдің бір бөлшегіне айналуы – қалыпты жағдай емес. Психологияда бұл мәдениетсіздіктің белгісі болып саналады. Көп жағдайда өз ойын толық жеткізе алмайтын жандар осындай қадамға барады. «Тағдырыңды түзегің келсе, сөзіңді тый» деген тамаша сөз бар. Яғни, адам қалай сөйлесе, солай ойлайды, қалай ойласа, солай әрекет етеді, ал, қалай әрекет етсе, солай қалыптасады. Осы орайды, отбасы мен ортаның атқаратын ролі зор. Адам ортасын таңдай алғанымен, ата-анасын таңдай алмайды. «Отан отбасыдан басталады» дегендей, әке-шеше баланың алдында тек жақсы сөздер ғана айтуы керек. Өйткені, «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің». Екіншіден, әке-шеше балаға екі түрлі тәрбие бермеуі керек. Ондайда бала қайсысын тыңдайтынын білмей, күйзеліске ұшырайды. Кейін есейген соң жиналған ашу-ызасын айналасындағы адамдардан алуы мүмкін, - дейді ол. 

 

«Пайдасы» да бар екен...

 

Ал, мына қызықты қараңыз, кей ғалымдар балағат сөздің пайдасы барын да айтады. Мысалы, жекпе-жекке шыққалы тұрған спортшылар бір-біріне жаман сөздер айтып, эмоциялық күйзелісін кетіреді екен. Мұндай әрекетке кейбір айтыс ақындары да барады. Сол кезде намыстары оянады-мыс. Бұл расымен де солай ма, әлде жай ғана сыныққа табылған сылтау ма?

 

– Рас, бақыт гармондарын ояту мақсатында біреулер өздерін «салқын» сөзбен «сілкігендей» болады. Осылайша, бойдағы күйзелісті, қобалжу мен қорқынышты басуға болады. Бірақ, бұл тек белгілі бір уақытта болатын және адамның өзіне қатысты жағдай. Өкінішке қарай, мұны «шаш ал десе бас алатындар» басқаша түсініп жатады. Ал, шын мәнінде балағат сөз адам өміріне де, ағзасына да кері әсер етеді. Ғалымдардың зерттеу қорытындысы көрсеткендей, суға жақсы сөздер айтылған кезде ондағы көзге көрінбейтін ұсақ кристалдар әдемі қалыпта бой түзейді екен. Ал, керісінше, жаман сөз айтылғанда су құрамынан ретсіз, жүйесіз, құбыжыққа ұқсас көрініс байқалады, - дейді психолог А.Шәріпова.

 

Расымен де, жағымсыз сөздің тіпті адам ДНҚ-ына (дезоксирибонуклеин қышқылы) да теріс әсер ететінін ресейлік ғалымдар дәлелдеді. Бұл – биологиялық, физиологиялық, тіпті психологиялық тұрғыдан да талқыланған мәселе. Демек, ауыздан шыққан әр сөзге сақ болған дұрыс.

 

Қалта қағу емес, тәртіпке шақыру

 

Ал, аймақтың бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы «Жаңа Қазақстан» құрғымыз келсе, өзгерісті өзімізден бастау керегін айтады. Әсіресе, бұл бейәдеп сөзді әдетке айналдырған жандарға қатысты.

 

– Бір қауым өзін өзгертпейінше Алла оны өзгертпейді. Алдымен сөз түзелу керек. Сол кезде отбасы, қоғам, ел өзгереді. «Барлық бәле тілден», «Сөз сүйектен өтеді» деп халқымыз ертеден сөзге тоқтаған. Тіпті, сөз көтере алмаған адамдар кісі өлтіруге дейін барып жатады. «Адамды киіміне қарап қарсы алып, сөзіне қарап шығарып сал» деген де сөз бар. «Адам» деген асқақ атқа лайық болуың да аузыңнан шыққан сөзге байланысты. Хадисте «күнәнің ең ауыры – ата-анаға лағынет айту» дейді. Ал, біреудің әке-шешесін қорласаң, өз ата-анаңды сорлатқанмен бірдей боласың. «Кімде-кім Аллаға және ақиретке сенсе, жақсы сөз айтсын немесе үндемесін» делінген хадисте. «Жақсы сөз – садақа» дегенді де көпшілік түсінбей жатады. Яғни, садақа беру тек материалдық көмек көрсетумен шектелмейді, адамға жылы сөз айту, күлімдеп жауап қатудың өзі де – садақа. Ендеше, билік басындағы азаматтар да қарапайым халықтың қалтасына қызыққаннан емес, адамдардың бойында Пайғамбарымыз айтқан көркем мінезді қалыптастыру үшін заң талаптарын күшейтіп отыр, - дейді ол.

 

ТҮЙІН

 

Естеріңізде болса, Батыс Қазақстан облысындағы Бәйтерек ауданының әкімі сағат жарым бойы қарамағындағы қызметкерлерді сүреңсіз сөзбен сабап тастады емес пе? Тіпті, кей құқық қорғау орган өкілдерінің өздері де қылмыскерді ұстау не тергеу барысында былапыт сөздің «майын тамызып» жібереді. Міне, бұл – біздің келіп жеткен «ақырғы аялдамамыз». Өте өкінішті-ақ...   

Әңгімеміздің нүктесін қояр болсақ, «32 тістен шыққан сөз сонша рулы елге тарайды». Салыстырып айтсақ, кешегі коронавирус адамға алақан арқылы жұқса, ал, жақсылық не жамандық сөз арқылы сүйекке жетеді. Егер әдептілік пен әдеміліктің, ізгілік пен ізеттіліктің, мейірімділік пен мейірбандылықтың, құрмет пен қошеметтің үлгісін көбірек көрсете білсек, ортамызда өсіп келе жатқан жас ұрпақ та соған қарап бой түзейтін болады. Ендеше, жарым ырыс – жақсы сөз айтып, жақсылық жасап жарысайық!

 

*Сіз не дейсіз?


«ОРЫС ТІЛІНЕН ЕНГЕН»

 

Гүлбану НҰРЫМҚЫЗЫ,

филология ғылымдарының кандидаты:

 

– Қазақ тіліндегі ауызекі стильді орыс тілінен енген сөздер бүлдірді десек, артық айтқандық емес. Кеңестік дәуірдегі тіл саясатының да ықпалы зор болғаны белгілі. Мәселен, ұлы Абайдың заманында бейпіл сөздер болмады. Бұл кезде орыс тілінен тек мәдениетті сөздер ғана енді. Ал, кейін уақыт өте келе орыс әліпбиімен бірге неше түрлі сөздер күнделікті тұрмысқа араласып кетті. Сөйтіп, қазір біздің тіліміз кірме сөздерге бай деп мақтанып жатамыз. Бұл – дұрыс емес. Жаргон сөздер мен сленгтер тілімізді байытады дегенге келіспеймін. Оларды ана тіліміздегі шұрайлы сөздермен ауыстыру қажет деп ойлаймын.

 

*Оқшау ой


Нұрлан АЗАМАТОВ,

шешендік өнер тренингтерінің ұйымдастырушы:

 

«Әрине, балағат сөз айту – дұрыс емес. Әйтсе де, заң күшін пайдаланып, айыппұл салу мәселені шешпейді. Керісінше, халықтың наразылығын тудыруы мүмкін. Әйтпесе, артық ақша төлемеу үшін ғана ауызды тыйып жүру ақылға сыймайды. Біреуге мәдениетті болуды күштеп үйрете алмайсыз.  Қоғамдық орында адам өзін қалай ұстау керек екенін әр ата-ана өз баласына күнделікті айтып отыруы керек деп санаймын».

 

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости