13 қазанда Бішкекте ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің кезекті отырысында Орыс тіліне қатысты халықаралық ұйым құру туралы шартқа қол қойылып, Жарғы бекітілді. Бұл бастаманы көтерген Президент Тоқаев "Известия" газетіне берген сұхбатында ұйым қызметіне қатысты ойымен бөлісті.
"Ортақ мәдени-гуманитарлық кеңістік Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын біріктіруші маңызды фактор болған әрі алдағы уақытта да солай қала береді. Бұл бағыттағы өзара тиімді ынтымақтастығымыздың табысты болуына бірден-бір себеп – ТМД елдері халықтарының тілдері мен орыс тілінің үйлесімді әрі теңгерімді дамуы.
Бүгінде БҰҰ-ның ресми тілдерінің бірі саналатын әрі халықаралық тіл мәртебесіне ие орыс тілі – мемлекеттеріміз арасындағы достық қарым-қатынасқа демеу болатын ұйыстырушы фактор. Сондай-ақ өңірлік кооперацияны, ынтымақтастық пен өзара сенімді нығайтатын пәрменді құрал рөлін атқарып отырғаны жасырын емес".
Бұған қоса Президент орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйым құру туралы бастама көтерген кезде әлемдік тәжірибені басшылыққа алғанын атап өтті. Атап айтқанда, кезінде француз, неміс, испан және басқа да тілдерді дамыту үшін осындай халықаралық ұйымдар құрылған.
Сондай-ақ Тоқаев орыс тіліне қатысты халықаралық ұйым құру идеясы ТМД елдерінің, соның ішінде Қазақстанның мемлекеттік тіл саясатына балама жасау ниетінен туған жоқ. Ұйымның құқықтық субъект ретінде танылуы және оған ТМД-ға мүше емес өзге мемлекеттердің қосылуына ашық болуы маңыздылығына ерекше назар аударды.
Өз кезегінде "Казахстанская правда" газетіне берген сұхбатында Путин тілге қатысты сұраққа орыс әдебиетінің классиктерін қазақ тіліне аударған қазақ халық ойшылы және ағартушысы Абай Құнанбаевтың, "Жамандықты болдырмау және жақсылыққа жету үшін Орыс тілі мен орыс мәдениетін білу қажет" деген сөзін келтірді.
Путин: "Әрине, орыс тілі - біздің ортақ игілігіміз және бәсекелестік артықшылығымыз, бірақ ең бастысы – Ресей-Қазақстан достығын нығайтатын маңызды фактор. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа орыс тілі бойынша халықаралық ұйым құру бастамасы үшін ризамын".