Президенттің айтуынша, Қазақстан мен Ресей диалогының негізгі ерекшелігі - сындарлы саясат және өзара тиімді нәтижеге ұмтылыс. Сондықтан Путинмен кездесудің тұрақты сипат алуы қалыпты жағдай. Осы ретте, Ресей Президентінің Астанаға сапары маңызды екенін атап өтті. Екіжақты саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ықпалдастық мәселелері жан-жақты талқылану жоспарланып отырғаны сөз етілді. Сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен интеграциялық құрылымдар аясындағы байланыстардың аспектілері қарастырылып, әлемдегі ахуалдың қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары жөнінде пікір алмасу орын алатыны айтылды.
Ресей газын Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға тасымалдау жобасын іске қосу рәсіміне қатысты:
"7 қазанда іске қосылған бұл жоба Қазақстанның газ тасымалдау инфрақұрылымын кеңейтуге және жаңғыртуға, Орталық Азияның аймақтық тұрақтылығы мен энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, елдеріміздің өндірістік дамуына, бизнес-ахуалды жақсартуға, сондай-ақ азаматтардың тұрмыс деңгейін арттыруға тың серпін береді".
Бұл ретте Қазақстан Үкіметі мен «Газпром» арасында Стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімін, «Лукойл» және «Татнефть» ресейлік концерндердің жұмысын, «ҚазМұнайГаз» бен «Лукойл» Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіндегі «Қаламқас теңіз», «Хазар», «Әуезов» кен орындарын игеру жобасы бойынша жасаған келісімдерін, 2022 жылы «Kazakhstan Petrochemical Industries (KPI)» мұнай химиясы кешенінің құрылысы аяқталғанын, әрі оның әлемде полипропилен өндіретін ең ірі он кәсіпорынның қатарына кіретінін, 2022 жылы Саран қаласында «Татнефть» компаниясының қатысуымен автомобиль дөңгелектерін шығаратын «KamaTyresKZ» зауытының салынғанын, Қазақстан мұнайының 80 пайызға жуығы Ресей аумағы арқылы (Каспий құбыр желісі консорциумы) сыртқы нарыққа экспортталатынын атап өтті.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы АЭС құрылысы жөнінде, «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізінің мүмкіндіктерін, ортақ мәдени-гуманитарлық кеңістік орнату, яғни, орыс тіліне қатысты халықаралық ұйым құру мен Ресей ЖОО-ның филиалдарын ашуды жалғастыру мәселесіне, Шанхай ынтымақтастық ұйымының аясында екі ел арасындағы ықпалдастық пен болашақ көпполярлы әлем туралы көзқарасымен бөлісті.
Сұхбаттың толық нұсқасы Ақордада жарияланды.