Франция Президенті Эмманюэль Макрон Қазақстанға ресми сапармен келді.
Президенттер қазақ-француз стратегиялық серіктестігінің қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады. Саяси диалогты нығайтуға, сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, көлік-логистикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макрон халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Тоқаев: "Франция – Қазақстанның Еуропа Одағындағы маңызды әрі сенімді серіктесі. Былтыр өзара тауар айналымы 30 пайызға өсіп, 4 миллиард долларға жетті. Биылғы сегіз айда екіжақты сауда-саттық көлемі өткен жылмен салыстырғанда 21 пайызға артты, яғни 2,7 миллиард долларды құрады".
Мемлекет басшысының айтуынша, Франция бұған дейін ел экономикасына шамамен 18,7 миллиард долларға жуық инвестиция салған. Энергетика, құрылыс, аэроғарыш, фармацевтика, тау-кен және химия өнеркәсібі, машина жасау салаларында бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Келіссөз барысында тараптар жасыл энергетика, логистика, транзит, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, цифрландыру және білім беру салаларындағы алдағы ықпалдастықтың басым бағыттарын айқындады.