Бұл туралы "Atyray" газеті жазады. «Үйде орысша сөйлейтін адам жоқ, бірақ, кіші екі баламыздың тілі орысша шықты. Түс, сандарды айтқанда ағылшынша араластыратынын қайтерсің?!» Көпбалалы ана Нұргүл Серікқалиқызының осынау сөзі қазіргі көп отбасыларға тән құбылыс.
«Қолдарынан телефон түспейді. Бәрі соның кесірі. Балаларымыз бүкіл видеоны орысша көреді. Жұмыста жүрген кезде қадағалай алмаймыз, кешкілік келгенде қазақша мультфильмдерді қосып қоямын. Бірақ, оны қызығып қарай қоймайды» дейді ол.
Шыны керек, баланы алдандырудың амалы ретінде қолына телефон ұстата салу, теледидардан қызылды-жасылды көрсетілімді қосып беру – көпшілігімізге тән тірлік. Бұл бағытта журналист Гүлжан Әмірова арнайы журналистік зерделеу де жүргізіп көріпті...
«Бұл көп отбасы үшін өзекті мәселеге айналып отыр. Кейбір ата-ана оған онша мән бермейді. Бірақ, бұл – үлкен проблема. Қазіргі таңда біздің алдымызға келетін балалардың көпшілігіне ата-ана, ортасы, қоғаммен сөйлесу жетіспейді» дейді логопед-дефектолог Бибінұр Әжіғалиева.
Маман келтірген деректерге сүйенсек, бала сұрақ-жауап алмасып, қарапайым тілдесудің жеткіліксіздігінен, аз сөйлейтін, тіпті сөйлеуге ерінетін болады. Мұндай бала уақыт өте келе, тұйық, айтар ойын анық жеткізе алмауы да мүмкін.
«YouTube-те қазақша әрі қызықты контент көп емес. Балаларды қызықтыратын видеолардың басым бөлігі өзге тілде. Бірақ, біз жұмыс барысында үнемі қазақша көрсетілімдерді қолданамыз. Кестеге сай, белгілі бір уақытта бөбектерге теледидар қосып, бірге қараймыз. Сандарды жаттауға, түстерді ажыратуға көп септігін тигізетін сабақ түріндегі шығарылымдар – біздің көмекшілеріміз» дейді №22 «Еркетай» бөбекжай-бақшасының әдіскері Эльмира Шайдоллина.
Қазіргінің баласын қызықтыру да қиын сыңайлы. Өйткені, қолында – интернет иірімінің шексіздігіне сүңгітетін смартфон. Шындығында, тентек Маша мен аюдың қызықты оқиғаларына құралған сюжеті бала түгілі, үлкенді баурайтын туындымен теңесетін қазақтілді көрсетілім жоқ. Статистикалық деректерге сүйенсек, әлем тұрғындарының 20 пайызы – осы мультфильмнің көрермендері.
«Бала ұяда не көрсе, соны қалыпты, дұрыс деп қабылдайды. Демек, дүниетанымы енді қалыптасып келе жатқан бөбектің көкжиегін кеңейтер көрсетілімдерді саралау – ең алдымен ата-ананың міндеті. Жұмысбастылыққа салынып, тәрбиені уысыңнан шығарып алсаң, оның кері әсерінің де зардабын тартатыныңды ұмытпау керек» деген білім саласының ардагері Күләш Ахонова күні бойы өз уақытын өздері жоспарлайтын балаларды қадағалаудың амалы ретінде жаңа технологияларды пайдалану керектігін айтады.
Рас, қазір теледидар немесе компьютер, планшет, телефонға ата-аналар бақылауы функциясы енгізілген. Сол арқылы балаңыз қарайтын контентті өзіңіз қадағалап, шектеу енгізе аласыз. Бұл да – аса маңызды мәселенің бірі. Сарапшылар жүргізген зерттеу нәтижелеріне қарасақ, әлем бойынша бүлдіршіндер күнінің 30 пайызын теледидар алдында немесе телефон қараумен өткізеді екен. Дамыған елдер осы сараптамаға сүйене келе, идеологиялық құралдың сапасын арттыруға, балалар үшін пайдалы болуына мән беріп отыр. Мұндай игі үрдіс Америка, Жапония, Қытай секілді дамушы елдерде кең етек жайған. Олар дайындаған қай туындының да астарында патриоттық рух, ұлттық ұстаным жатыр. Қазақша контентті дамытудың драйвері – бәсекелестік. Сондықтан, өзара салыстыру арқылы сапалы дүниелер жасалары сөзсіз. Осы ретте былтырдан бастап, шетелдік арналарда көрсетілетін телеөнімдерді қазақшалау күн тәртібіне енгізілді. Балалар арасында кеңінен сұранысқа ие Nickelodeon және TiJi телеарналарымен жүргізілген келіссөздің нәтижесінде бағдарламалары қазақша көрсетіле бастады. Бұл да – жоғарыда атағанымыздай, бәсекелестік тудырудың бірден-бір амалы.
Бұл тақырып – айтылып, көтеріліп жүрген мәселенің бірі. Шешімін табу жолдары да қарастырылып, жаңашыл бастамалар да көтерілуде. Алайда, аталған мәселеге мемлекеттік қолдау қажет-ақ. Осыған қатысты депутаттық сауал жолдаған мәжілісмен Наурыз Сайлаубаймен арнайы сұхбаттасқан едік.
– Мультфильм – тәрбие құралдарының бірі. Қазір қазақ тіліндегі танымдық мәні бар, заманауи, бүгінгі көрермендер талғамына сай элементтері бар мультфильмдердің қажеттілігі туындап отыр. Сан емес, сапаға көшетін уақыт келді. Біз ұсыныс бердік. «Қазақфильм» секілді ұлттық идеологияға жұмыс жасайтын, жаңашыл «Қазақмультфильм» ұйымы болса дейміз. Өйткені, балаларды тәрбиелеуде бұл бастаманың мәні ерекше. Бүлдіршіндер өзге тілдегі көрсетілімдерді қарау арқылы, бөтен мәдениетті бойларына сіңіруде. Сондықтан, қазіргі қоғамда балалардың тілі кеш шығуы белең алып, сол үшін дефектологқа сұраныс артуда. Баласын сөйлету үшін өзге адамның, арнайы маманның көмегіне жүгінушілер көп. Балаларға арналған контент өндірісін дамытып отырған «Балапан» арнасы сияқты тағы да телеарналар ашылса, бәсекелестік туындайды. Сол кезде салада өсім пайда болады. Өйткені, монополия болса, даму аз болары сөзсіз, бір арбаны сүйреп жүре берген дұрыс емес. Депутаттық сауалда өзге тілдегі мультфильмдерді аударуға қаражат бөлу және әлемдік танымал көрсетілімдерді қазақшаға тікелей аудару туралы да ұсыныс жолдадық. Ғаламтордың шексіздігі соншалықты, өскелең ұрпақ ондағы ақпараттың бәрін талғамай тұтынуда. Мысалы, «YouTube» желісінен бүлдіршіндер небір анимациялық бейнелерді бірнеше тілде көре береді. Сондықтан, тілі шұбарланып, ойын жеткізу үшін бірнеше тілді араластырып қатар қолданады. Бұл дұрыс емес. Өзге елдердің мульткейіпкерлерін идеалға айналдырып отырған бөбектердің назарын аударту үшін қазақ анимациясы әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Осы орайда, кейбір аниматорлар «Кинематография туралы» заңда мультфильм өндірісіне қатысты тармақтың жоқтығына, сол себепті бюджеттен бөлінетін қаражаттың да дұрыс реттелмей отырғанына қынжылады. Мультфильм киноға бөлінетін қаражаттың тасасында қалып қойып отыр. Яғни, мемлекеттен бөлінетін қаражаттың 80 пайызы ересектерге арналған кино еншісінде кетіп, балалар анимациялық фильміне бөлінетін қаражат халықаралық стандарттарға сай келмей жатқанын айтуда. Сондықтан кино мен мультфильмге қаражатты екі бөлек қарастыру керек, – дейді мәжілісмен.