RSS лента

Қазақстанда археологияның арнайы тұжырымдамасы әзірленбек

Автор фото: ortcom.kz

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында 1946 жылы өз жұмысын бастаған Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры Ақан Оңғар ғылыми мекеменің бүгінде атқарып жатқан жұмысы жайлы баяндады, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Биылдан бастап Институт археология саласындағы іргелі зерттеулер жүргізетін бірден-бір құзырлы мекеме ретінде танылып отыр. «Институт құрамында 98 ғылыми қызметкер бар, Астана және Петропавл қалаларында екі филиалы бар. Үшінші филиалын Батыс Қазақстан филиалы ретінде Ақтөбеде ашатын ойымыз бар», - деді А.Оңғар.

 

Бүгінгі таңда институт базалары, төрт ғылыми бөлім, зертханалар толығымен жабдықталған. Мекеме ғалымдарының 64%-ы - жас ғалымдар. Қазір институт 10-нан астам жобамен жұмыс істеуде.

 

«Қазіргі таңда осы салада аккредиттеуден өткен 34 заңды және 3 жеке тұлға бар, соның бірі – біздің институт. Біздің ерекшелігіміз – іргелі зерттеулер жүргіземіз. Қазақстан археологиясы ғылымы бойынша ағымдағы жағдай қандай, соның барлығын талдап, жалпы археология ғылымы қай бағытта дамуы керек дегенді талқыладық, Қазақстан археология ғылымының арнайы тұжырымдамасын дайындау қажеттігі туралы қорытындыға келіп отырмыз. Археологиялық қауымдастықпен бірге осыны жасаймыз деп ойлаймыз», – деді институт директоры.

 

Сонымен қатар институт қазір 1946 жылдан басталған ғылыми экспедициялар бойынша бүгінгі күнге дейін жинақталған барлық материалдарды (есептер, архивтік деректер, далалалық деректер, жәдігерлер т.б.), толық түгендеп, жүйелеп, қайтадан қарастыру мәселесін қолға алып жатыр. Бұдан басқа, Қазақстан тарихындағы өзекті, ақтаңдақ беттерін жазу барысында археологиядағы салалар бойынша да қазіргі таңда үлкен бағдарлама, ауқымды жұмыстар жасалып жатыр.

 

«Соған сәйкес қазір Қазақстан археологиясы бойынша бұрыннан келе жатқан «Қазақстан археологиясы деректері мен зерттеулері» үлкен сериялық басылымымызды әрі қарай жалғастырып жатырмыз. Бұл - Қазақстан археологтарының көп жылдық зерттеулерінің нәтижелері жарияланатын көп сериялы монографиялық басылым.  Бұл басылым бойынша қазір 14 томы шыққан. Үш жылдың ішінде 50 томға жеткізіп, барлық жүргізілген қазба зерттеу және далалық, зертханалық жұмыстар бойынша үлкен мәліметтер қорын жасақтап, кітапты реттейміз», – деді А.Оңғар.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости