Жаңа білім ордасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикада шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу және өнеркәсіп инженерлерінің жаңа буынын қалыптастыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында құрылды. Ол Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің базасында жүзеге асады.
Үкіметтің мәлімдеуінше, қазіргі таңда Маңғыстау облысында энергетика саласында бірқатар ірі жобалар іске асырылып келеді, соның бірі – «жасыл» сутегін өндіретін зауыт. Осыған орай, жаңа Қазақ-Неміс институты инженерия саласындағы озық тәжірибе негізінде жергілікті жастар мен еліміздің өзге өңірлерінің тұрғындары арасында сұранысқа ие техникалық мамандарды дайындайтын болады.
Бакалавриаттың алғашқы студенттерін оқыту осы жылдың қыркүйек айында басталады. 2029 жылы уақыт капсуласын ашу мәртебесі солардың еншісіне бұйырады, онда Әлихан Смайылов пен Франк-Вальтер Штайнмайердің жаңа университеттің алғашқы түлектеріне арнап үндеу хаты орналастырылды.
2023-2024 жылдары дайындық екі бакалавриат бағдарламасы: Гамбург техникалық университетінің «Энергетика және экология инженериясы» және Вильдау техникалық университетінің «Логистикасы» бойынша жүзеге асырылады.
Кешенді оқу бағдарламасы Ш. Есенов атындағы университетте 3 жыл және Германиядағы серіктес университетте 1,5 жыл оқу мерзімін қамтиды. Осыған байланысты жаңа ЖОО-да неміс тілін үйренуге көп көңіл бөлінетін болады.
Білім беру бағдарламасы болашақта 8 бакалавриат және 6 магистратура бағдарламаларына дейін кеңейтіледі.
Германияның Федералды Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер өз сөзінде жоғары білікті инженерлерді даярлау қазақстандық және неміс компаниялары үшін де тиімді екенін атап өтті.
«Бүгінде екі елде де білікті мамандарға сұраныс жоғары. Мен осы институт пен оның түлектерінің болашағы жарқын болатынына сенімдімін. Бұл – білім саласындағы өте маңызды жоба. Екі ел арасындағы осы саладағы және ғылыми зерттеулер саласындағы ынтымақтастық одан әрі дами бермек. Осы жылдың қыркүйек айында оқудың сәтті басталуына тілектеспін», — деді Франк-Вальтер Штайнмайер.
Өз сөзінде ҚР Премьер-Министрі көп жылдар бойы Қазақстан мен Германияны өзара тиімді стратегиялық серіктестік байланыстырып келе жатқанын, оның маңызды бөлігі, жоғары білім мен ғылым саласы екенін атап өтті. Қазіргі уақытта екі елдің университеттері арасында 178 келісім жасалып, оннан астам қос дипломдық бағдарламалар жүзеге асырылуда. Осыған байланысты Қазақ-Неміс тұрақты инженерия институтын құру да өте өзекті болып отыр.
«Институт сұранысқа ие кадрларды даярлауға, ғылыми зерттеулерге және жаңа технологияларды дамытуға, соның ішінде «жасыл» сутегі өндірісі саласына өз үлесін қосатын болады», — деді Әлихан Смайылов.