Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру мақсатында 2022 жылғы 26 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданып, ол Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне (ЕХӘҚМ) Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алу үшiн шетелдiктердiң қажеттi кәсiптердiң тiзбесiн және оны қалыптастыру тәртiбiн бекiту жөнiндегi жаңа функция берді.
Заңды іске асыру мақсатында Министрлік 2023 жылғы 28 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілетін «Шетелдіктердің Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алуы үшін сұранысқа ие кәсіптер тізбесін және оны қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы» бұйрықтың жобасын әзірледі.
Тізбеде денсаулық сақтау, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, инженерия, ғылым және т. б. салаларда сұранысқа ие 21 кәсіп көзделген.
Сұранысқа ие кәсіптері бар шетелдіктер өздерінің төлем қабілеттілігін растамай, ішкі істер органдарында оңайлатылған тәртіппен тұруға рұқсат ресімдей алады.
Тұруға рұқсат 10 жылға немесе шетелдік паспорттың қолданылу мерзіміне сәйкес беріледі.
Сұранысқа ие мамандықтар тізімі:
- Дәрігер-нейрохируг
- Дәрігер-гематолог
- Дәрігер-онколог
- Дәрігер-неонатолог
- Дәрігер-эндокринолог
- Органикалық емес заттар технологиясы жөніндегі инженер-зерттеуші
- Органикалық заттар технологиясы жөніндегі инженер-зерттеуші
- Фармация инженер-технологы
- Пайдалы қазбаларды дайындау жөніндегі инженер-зерттеуші
- Авиациялық инженер
- Ғарыш жүйесінің аппараттық-бағдарламалық қамтылымы жөніндегі инженері
- Жаңа техника мен технологияны енгізу жөніндегі инженер
- Лазерлік жабдық жөніндегі инженер
- Целлюлоза, қағаз, полиграфия және талшық өндірісі технологиясы жөніндегі инженер-зерттеуші
- Инженер-медициналық радиохимик
- Инженер-медициналық физик
- Тоқыма шикізатының классификаторы
- Бактериолог
- АТ инфрақұрылымының архитекторы
- Бағдарламалық қамтылым архитекторы
- Өндірістік оқыту шебері (инженерия және инженерлік іс)