RSS лента

"Коронавирус сияқты болды ғой..."

  • 22.11.2023, 01:58,
  • 451
  • 0
  • Автор:
Автор фото: freepik.com

Қазақстанда қызылша дерті дендеп тұр. Тез таралатын жұқпалы ауру ауа тамшылары арқылы таралады, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Дерт ауру адаммен байланыста немесе қасында болғаннан кейін он күннен соң бөртпе шыққанға дейін суық тию белгілерімен басталады. науқастың бөртпе шыққан уақыттан бастап 5 күнге дейінгі аралықта айналасына жұқтыру қаупі өте жоғары болатынын да қаперде ұстаған жөн. Бұл туралы "Atyray" газеті жазады. 

 

– Соңғы уақытта өңірімізде жұқпалы аурудың осы түрінің белең алғаны байқалады. Қызылша күннен күнге өрши түсуде. Қызылша ауруымен ауырған науқастардың 80-85 пайызы екпе алмағандар. Қызылшаға қарсы екпеден бас тартқандар, уақытша қарама-қарсы көрсетілімі бар, сонымен қатар екпе алуға шақыртылғанымен, уақытылы келмеген тұрғындар арасында тіркеліп отыр. Өзге де жұқпалы аурулар секілді қызылшаға тек вакцина алу арқылы тосқауыл қоя аламыз. Ата-аналардың көпшілігі қызылшаны желшешекпен (ветрянка) шатастырып жатады. Сонымен қатар «қызылшаға қарсы екпе алсақ та, онымен неге ауырамыз?» деп сұрайды. Әрине, сауал өте орынды. Десек те екпе алғанда иммунитет қалыптасады. Бірақ ол адам мүлде ауырмайды деген сөз емес. Екпе алған науқас ауырса да, ол адамда ауру жеңіл өтеді. Өзіміз күнделікті көріп, біліп жүргеніміздей, мүлде екпе алмаған балалар арасында өте ауыр ағымда өтуде. Тіпті соның салдарынан аурухананың жансақтау бөліміне жатып шыққан балаларымыз да бар. Сол себепті тұрғындарды ауырып азаптанғанша, оның алдын алып, екпе алуға шақырамын. Қазіргі кезде елімізде қызылшамен сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін шұғыл ден қою шаралары қабылдануда. Мәселен, бас санитарлық дәрігердің 2023 жылдың 1 қарашасындағы №7 қаулысына сәйкес, қазіргі сәтте қосымша иммундау жүргізіліп жатқандығын қаперлеріңізге береміз. Ол 6 айдан бастап 10 ай 29 күнге дейінгі, 2 жас, 3 жас, 4 жас 11 ай 29 күнге дейінгі балаларға салынуда. Ал, қызылшаның ауру белгілері байқалған жағдайда науқас бала төсекте жатуы тиіс. Сұйықты көп ішіп, құнарлы тамақ жегені де жөн. Сорпа, жылы шай, жылы су, күріштен қоймалжың көже беруге де кеңес береміз. Қызу көтерілгенде және бала тынымсызданған жағдайда парацетомол дәрісінің 1/4 бөлігін, яғни жасына қарап беру қажет. Ересектерге жатар алдында 1 таблеткадан парацетамол, аспириннің 1/4 бөлігін қабылдауына да болады. Ескере кететін жағдай, қызу түсіретін дәрілерді үш тәуліктен артық ішуге болмайды. Ең абзалы, науқасқа ем тағайындауы үшін дәрігерлерді үйге шақырту қажет, - дейді эпидемиолог Салтанат Қажкенова.

 

Қызылша вирусы жылдам жұғатын дерт болғандықтан вакцина алмаған адамдар үшін аса қауіпті. Науқас бөртпе пайда болғанға дейін төрт күн бұрын және төрт күн ішінде жұқпалы болып, басқаларға қауіп төндіреді. Қызылша – пневмония, энцефалит, басқа да асқынуларға, тіпті науқастардың мүгедектігіне соқтыруы да мүмкін.

 

«Жыл басынан бері Атырау қаласында 2000-ға жуық қызылша инфекциясы тіркелсе, дертті жұқтырғандардың 90 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар, - дейді санитариялық-эпидемиологиялық бақылау маманы Әсел Мұқаева. – Ауырған балалар қызылшаға қарсы вакцина алмаған. Қызылша ошағында барлық профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілді, көрсеткіштер бойынша байланыста болған адамдар егілді. Дегенмен, қазір қалада екпе алмаған балалар арасында індет өршіп кетті. Қызылшаның нақты емі жоқ. Уақытылы вакцинация ғана жұқпалы аурудың алдын алудың жалғыз сенімді құралы. Ал ұлттық күнтізбеге сәйкес вакцинация 1-6 жас аралығындағы балаларға жүргізіледі. Қызылшамен ауыратын науқаспен байланыста болған 30 жасқа дейінгі вакцина алмаған адамдар науқас анықталған сәттен бастап, алғашқы 72 сағат ішінде шұғыл вакцина алуы тиіс. Республикада қызылшамен ауырғандардың 70 пайызын екпе алмаған 14 жасқа дейінгі балалар құрайды, сондықтан ата-аналарға балалары вакцина алмаған жағдайда, тіркеуде тұрған медициналық мекемеден екпе алуды ұсынамыз. Қалада биыл наурыздан бастап қызылшаға қарсы иммундау басталды. Қазір Covid пандемиясы кезінде әртүрлі себептермен және вакцинация туралы деректерсіз жоспарлы екпе алмаған балалар екпе ала алады. Қызылшаның эпидемиологиялық жағдайының өршуіне байланысты барлық балабақша, мектептерде инфекция ошағымен қарым-қатынаста болған балалар эпидемиологиялық көрсеткішке байланысты екпе алуы шарт. Қызылшаның алдын алу және инфекцияны әкелмеу үшін жақын және алыс шетелдерге, олимпиадаларға, спорттық, басқа да бұқаралық іс-шараларға, қызылшамен ауырмаған, вакцина алмаған, сондай-ақ бір рет қана егілген адамдарға кетер алдында екпе алуды ұсынамыз. Өйткені вакцинация және аурудың алдын алу шаралары дерттің ағымын жеңілдетіп, оның ауыр түрінен қорғайды. Бұл дертпен көбінесе балалар ауырып, дене қызуының 38-40°C дейін көтерілуі, мұрын, көз, тамақ қабыну, теріде бөртпе пайда болу белгілерімен сипатталады.Қызылша – бүгінде ең жұқпалы аурулардың бірі. Егер бұрын қызылшамен ауырмаған және егілмеген адам қызылшамен ауырған адаммен қарым-қатынаста болса, ауру жұқтыру қаупі өте жоғары. Сол үшін де екпе мерзімін қатаң сақтау және инфекция ошағында эпидемияға қарсы шаралар жүргізу маңызды. Ауруды өрбу кезінде анықтау қиындық туғызбайды. Теріде қызылша бөртпелері шықпас бұрын науқастың қызылшамен ауырған ортада болуы, тамағындағы қабыну, көздің қызаруы, ұртта ақшыл бөртпелердің пайда болуы диагнозды растайды. Кейін теріде үш күнде біртіндеп шыққан бөртпелер диагнозды толық дәлелдейді. Инкубациялық кезең – жұқтырғаннан бастап алғашқы белгілері байқалғанша, 7 күннен 14 күнге дейін созылады. Аурудың бөртпе пайда болып басталмайтынын, алғашқы кезеңінде суық тию белгілері болып, дене қызуы 38-40°C градусқа дейін көтерілетінін естен шығармаған жөн. Науқастың бойында әлсіздік пайда болып, асқа тәбеті тартпай, құрғақ жөтелге ұласып, мұрыннан су ағады. Сосын коньюктивит, яғни, көзі қызарып қабынады. Алғашқы белгілері байқалып, шамамен 2-4 күннен кейін ауыз қуысында ақыл тістеріне қарсы ұсақ ақшылдау бөртпелер пайда болады. 3-5 күні бөртпелер айқын дақ түрінде қаптап, көбейіп кетеді. Құлақтың түбінен, маңдайдан бастап, әрі қарай бүкіл денесін жауып кетеді. Ұсақ қызғылт дақтар үлкейіп, бір-бірімен қосылып, формасы өзгереді. Бөртпе пайда болып, 2-3 күннен кейін дақтар өршіп тұрған кезде дене қызуы тағы да көтеріліп, 40,5 градусқа жетуі мүмкін. Ал бөртпе 4-7 күн тұрады. Олар жоғалған соң, орнында қоңырлау дақтар қалып, тек екі аптадан соң тері тазарады. Қызылшаның берілу жолы – ауа-тамшы арқылы. Вирус сөйлескенде, жөтелгенде, түшкіргенде ауру адамның сілекейінен сыртқы ортаға түседі. Ауырып, жазылған адамда өмір бойға иммунитет сақталады. Анасы қызылшамен ауырып қойған балада туғаннан 3 айға дейін шалдығу болмайды. Өйткені осы уақытта оның қанында анасының қарсы денелері (антитело) сақталады. Қызылшамен ауырмаған және егілмеген адамда өмір бойы ауруға шалдығу қаупі кез-келген жаста болады. Оның алдын алатын тиімді де сенімді шаралардың бірі – егілу. Қызылшадан егілу сақтану иммунитетін қалыптастырады. Бірінші екпе бала 1 жаста, екінші екпе бала 6 жаста болғанда жүргізіледі. Екпе 15 жыл бойы тұрақты, сақтау тиімділігін қамтамасыз етеді. Қызылша пайда болса, ауырған адам болған инфекция ошағында, ұжымда эпидемияға қарсы шаралар жүргізіледі. Инфекция ошағында күн сайын аурумен қарым-қатынаста болған адамдарды тексеріп, термометрия жүргізеді. Жұқтырған адамдар болса дереу оқшауланады».

 

Соңғы айда өңірлерде қызылша ауруының таралуы жиілеп кетті. Онымен көбіне балалар ауырады, дене қызуы 38-40°c дейін көтерілуі, мұрын, көз, тамақ қабынып, теріде бөртпе пайда болуы мүмкін.

 

«Бұл инфекцияға шалдыққыштық – 100%. Ол дегеніміз, егер бұрын қызылшамен ауырмаған және егілмеген адам қызылшамен ауырған жанмен қарым-қатынаста болса, ауру жұқтыру қаупі өте жоғары. Емханамызға қатысты мәліметті келтіре кетсем, бүгінге дейін қызылшамен ауырған 252 жағдай тіркелді. Оның зертханалық жолмен расталғаны – 93. Емнен жазылғандар саны – 174, тәулік бойына тіркелгендер – 8. Қазір бақылауда 70 адам тұр, оның 56-сы үй жағдайында, 14 науқас стационарда ем алуда. Салыстырмалы түрде алсақ, көпшілігі балалар. Оның ішінде басым көпшілігі – екпе алмағандар. Қызылша жұқпасының алдын алуда ең тиімді және сенімді әдісі вакцинация болып табылады. Қызылшадан екпе арқылы вирусты жасанды жолмен тоқтатуға ғана болады. Оның нәтижесінде ағзада өзін қорғайтын иммунитет қалыптасады» дейді тағы бір эпидемиолог Әсел Көрпебаева.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости